Отандық дизайнер 13 жасында отбасына үй алып бергенін айтты
Ол еңбекке 10 жасынан бастап араласқан.
Көпшілік Jado деп танитын отандық дизайнер Жадыра Сахиева қандай қиындықтардан өткенін есіне алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол Instagram-да жариялаған видеосында ата-анасы екі бөлмелі сарайда тұрғанын, жақындарын осындай тығырықтан алып шығу үшін ерте кезден ақша табуға кіріскенін айтады.
Дизайнер 10 жасынан бастап бимен әуестеніп, осы өнерінің арқасында табыс тапқан. Тіпті сол арқылы ата-анасына үй алуға көмектескен.
1995 жылдары өте қиын заман болатын. Біз ол кезде әке-шешемізбен екі бөлмелі сарайда тұратынбыз. 10 жасымнан билей бастадым. Туыстарым маған сенген жоқ. «Биге бермеңдер» деген сөз өте көп болды. Билеп жүргенде ата-аналардан «мына томпақ қыз пысық екен ғой, біздің де балаларымызға үйретсінші» деген ұсыныс келді. Он балаға үйретіп бастадым. Сол бүлдіршіндер жаңа жылда 1-орын алды. Бәрі таңғалып, «мынау қандай керемет» дей бастады. Алты айдан кейін менде 100 бала болды, бір жылдан кейін олардың саны 300-ге жетті. Мен биден сабақ беретінмін. Ал анам ата-аналармен жұмыс істеп, концерттерге шығу мәселесін шешіп, көмектесіп жүрді. Солай үш жылда 700 оқушы болды, - деді ол.
Дизайнер әке-шешесінің қаталдығының арқасында ақшаны үнемдеуді үйренгенін алға тартты.
Бір қызығы, үй ала тұра, әрқашан шұлығым мен көйлегім жыртық болып жүрді. Өйткені әке-шешем өте қатал еді. Сол қаталдықтың арқасында ақшамды үнемдеп, керемет зәулім, екі қабатты үй алдық, - деді Жадыра Сахиева.
Фото: instagram.com/jado.sakhi