«Антибиотикті асыра пайдалану науқастың жағдайын ауырлатады»
Антибиотик науқастың иммунитетін одан әрі төмендетеді. Бұл туралы жоғары санатты дәрігер Раушан ҚАРАБАЕВА Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн конференцияда айтты. Оның сөзіне қарағанда, коронавирус жұқтырған науқастар антибиотиктерді жөнсіз қабылдай бермеуі керек.
«Қазіргі уақытта КВИ жұқтырғандардың еш қадағалаусыз антибиотик қабылдап жатқанын байқадық. Антибиотиктер ағзаның иммундық жауабын қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Сәйкесінше, пациенттің иммунитеті одан әрі төмендей түседі. Одан бөлек, қажетсіз антибиотикті тағайындау – микроағзаларды бактерияға қарсы заттарға тұрақты және төзімді етеді», - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, микроағзалардың бактерияға төзімді болуы - адам бойында антибиоткті сезінбейтін микроағзалар штаммы пайда болуына әкеп соғады. Демек, болашақта адам ағзасы қандай да бір вирус жұқтырса, емделуі қиындай түседі деген сөз.
Оның үстіне, қазір коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуде ауыр инфекцияларда ғана қолданылатын резервті антибиотиктер де пайдаланылып жатыр. Бұл да алаңдайтын мәселе.
«Бұл пациенттің жағдайын одан әрі ауырлатуы мүмкін», - дейді медицина ғылымдарының докторы.