Аягөз Ханетова: Теңгені рубль құрсауынан шығаруға тарихи сәт туып тұр

Paperlab ұйымдастырған «Жаңа Қазақстан экономикалық курс: әлеуметтік бетбұрыс әлде популизм?» пікірталасында макроаналитик Аягөз Ханетова Ресейге салынып жатқан санкциялардың Қазақстан экономикасына тигізер әсері мен дағдарыстан шығу жолдары туралы сөз қозғады.

Ақниет Аманжолқызы

  • 07.03.2022

Аягөз Ханетова Қазақстан экономикасына іштен де сырттан да қысым болып тұрғанын айтты. Ішкі қысым Қаңтар оқиғасы, сыртқы қысым көрші мемлекетке салынып жатқан толассыз санкциялар. Ол жаңа құрылған Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестіру жеке штабы осы екі қысымға қарамастан, жұмыс жасауы керегін айтты.

«Шахматта цугцванг деген термин бар, яғни қандай жағдайда шешім қабылдасаң да сенің позицияң жақсы жаққа өзгермейді. Құрылған штаб алдында керемет, дұрыс шешім қабылдау деген жолдан бөлек, ең болмаса шығыны аз болатын шешім қабылдау мақсат болып тұрған секілді», -  деді ол.

Сарапшы Ресейге салынған санкциялар бірінші кезекте Қазақстан өнімдерін Еуропаға тасымалдауға кедергі болатынын айтты. Себебі  біздің ел мұнай-газ өнімдерін шетелге сату арқылы ғана қазынаны толықтырып отыр.

«Біз үшін логистикалық қауіп бар. ЕуроОдақ және басқа елдер Ресей үшін өзінің әуе кеңістігін жауып қойды. Үлкен санкциялар салынып жатыр. Оның ішінде Қазақстан мұнайын Ресей арқылы тасымалдауға қауіп төнеді. Теңіз-мұнай компаниясының өнімдерін Новороссийск порты арқылы тасимыз. 28 ақпан күні  бұл порт санкцияға ілікті деген ақпарат шықты. Порт санкцияға ілінбеген күннің өзінде оның акциясының 31 пайызы Ресейге, 21 пайызы Қазақстанға, қалғаны компанияларға тиесілі. Демек, Ресейге салынған санкция автоматты түрде портқа да әсер етеді», - деді Ханетова.

Одан бөлек, тас жол мен теміржол арқылы Қазақстан өнімдерін тасымалдау да Ресей территориясы арқылы өтеді. Жалпы алғанда экспортталатын мұнайдың 70 пайызы шетелдерге Ресей арқылы жететін еді. 30 пайызы Қытай мен Ақтау порты арқылы тарайды.

Оқи отырыңыз: Бізге бір емес, екі түрлі санкция салынуы мүмкін - экономист

Маманның сөзіне сүйенсек, қазір Ресейден келетін құрылыс заттарының қымбаттауы әсерінен жылжымайтын мүлік бағасы да өсетін болады.

Ханетова рубль құлдырауы салдарынан Қазақстанда Ресей өнімдері арзан бағамен сатылып, отандық өндірушілер шығынға батады деген пікірмен келіспейтінін айтты. Себебі Ресей алдымен өз нарығын толтырып алуы керек.

«Ресей ауыл шаруашылығы дақылдарын, мысалы, картоп, сәбіз, пияз сынды өнімдерді егу үшін олардың тұқымдарын импорттан алады екен. Дәл қазір оларға импорт жабық. Демек олар бұл өнімдерді өздерінде аз өсіруге мәжбүр. Біздің нарыққа да әкелетін өнімі азаяды. Олардың бірінші проблемасы өз нарығын қамтамасыз ету», - деді ол.

Ханетова ВТБ және Альфа банктердің Сбербанкпен салыстырғанда Қазақстан қаржы секторындағы үлесі аз екенін, ал Сбер біздің жүйе құраушы банктер қатарында екенін атап өтті. Бұл банкке төнген тәуекелділік қауіптері біздің Ұлттық банкке біраз бас ауруын алып келеді.

Маманның сөзінше, қаржы нарығына төніп тұрған қауіп бір жағынан теңгені рубль құрсауынан шығаруға көмектесуі мүмкін.

«Рубльдің құлдырауы салдарынан теңгенің де құлдырап жатқанын көріп жатырмыз. Өйткені Ресей біздің сауда-саттықтағы нөмірі бірінші серігіміз. 2021 жылғы деректерге сәйкес,  бізге сырттан келетін тауарлардың 42 пайызы Ресейге тиесілі екен. Дәл қазір оны басқа елмен ауыстыра салу мүмкіндігі де жоқ. Демек теңгенің құлдырауы ішкі фактордан гөрі сыртқы факторға тәуелді. Еуроазиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің біздің экономикамызға әсері қатты артты. Бірақ дәл қазір бізге рубльден алшақтауға керемет тарихи сәт туып тұр. Ресейдің тауарлары арзандап біздің нарықты жаулап алады деген тәуекелден қорықпай паритетті түсіру керек. Сонда біз төл валютамызға қолдау көрсетеміз», - деді ол.

Қазір Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтерді. Сарапшы бұл да теңгені қолдаудың бір жолы екенін айтады. Алайда бұл әрекеттің нақты қандай нәтиже беретінін кейін белгілі болмақ.

22 ақпан күні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға тиесілі "сепаратистік" мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындады.

24 ақпан күні оларға қауіп төніп тұр деген желеумен Украина қалаларын бомбалап, әскери "іс-қимылдарды" бастады. Бұл әрекетті ресми Киевпен әлемнің көптеген елдері "соғыс" деп бағалады. Қарулы қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр.

Қазақстан президенті екі елді бейбіт келісімге келуге шақырды. Алайда біздің ел БҰҰ Ресейге қарсы қабылдаған резолюцияға қосылған жоқ.

Қазақстан азаматтары елдегі Украина елшілігі арқылы соғыс аймағына гумарнитарлық көмек жіберіп жатыр.

Фото: PaperLab

Байланысты жаналықтар

Израильдің соққысынан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асты

23.10.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентімен телефон арқылы сөйлесті

22.10.2024

Молдова қай жолды таңдайды, Еуропа әлде Ресей?

21.10.2024

Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артып келеді

21.10.2024

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

19.10.2024

Президент Тоқаев Ресей-Украина соғысы жайлы айтты

17.10.2024
MalimBlocks
Израильдің соққысынан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асты

12 мыңға жуық адам жарақат алған

Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Президенттер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екендерін растап, өзара ықпалдастықтың басым бағыттарын қарастырды

Молдова қай жолды таңдайды, Еуропа әлде Ресей?

Ресейлік проксилер Молдовада әлі де ықпалды күш болып тұр

Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артып келеді

2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

Президент Тоқаев Ресей-Украина соғысы жайлы айтты

Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық