Балалар жылына арналған жоспарлар көңіл көншітпейді – «AMANAT» фракциясының мүшелері

  • 03.05.2022

 

Жаңа заң жобасының арқасында ерекше қажеттіліктері бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып баратын ата-аналардың біріне сол жерде тұру және тамақтану шығындары өтеледі.

Осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Үкімет тиісті іс-шаралар жоспарын дайындап, оны «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мұқият зерделеді.

Осы жоспарды қарау және балалардың құқын қорғауды қамтамасыз етуге қатысты партияның атқарып жатқан жұмыстары туралы БАҚ өкілдеріне Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Динара Зәкиева мен Елнұр Бейсенбаев баспасөз маслихат барысында айтып берді.

Жыл басынан бастап барлық өңірде 147 мың бала тұратын 247 интернатта өмір сүру жағдайын жақсарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жоспарларға қол қойылды. Бұған дейін мұндай шаралар 130 мекемеде қабылданған болатын. 

Қиын жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсету және зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселелері бойынша жәрдем беру мақсатында «AMANAT» партиясының жанынан «111 шұғыл қызметі» байланыс орталығы ашылған еді. Оған 25 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Сонымен қатар, бұл қызмет арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарымен өзара байланыста жұмыс істейді. Олардың бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде қиын жағдайдағы 64 мың отбасына кешенді көмек көрсетілді.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен жылы балалар мен отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған 6 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылды.

Баспасөз конференциясында халық қалаулылары Үкімет қаулысымен бекітілген Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына ерекше назар аударды. Оны іске асыруға 48,3 млрд теңге, оның ішінде 16,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Құжатта 50 тармақ бар, олардың көпшілігін депутаттар қайта қарау қажет деп санайды.

«Жоспар шығармашылық байқаулардан, жиындардан, түрлі ұсынымдардан, тіпті балалар лагерлерінде жазғы демалыс маусымын ашудан тұрады. Неге қаражатты барлық балаларды қоғамдық көлікте тегін жүру, мектептерде тегін түскі аспен қамтамасыз ету сияқты жүйелі мәселелерді шешуге бағыттамасқа? Ашығын айтқанда, балалардың құқын қорғау саласындағы уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігінің жұмысы түсініксіз», деді Динара Зәкиева.

Сонымен қатар, депутат ақпан айының басында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері жүйесіз шараларға қажетсіз шығындардың орнына аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 35 мың теңгеге дейін арттыруға, әкімдіктерде қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты ұйымдастыру үшін отбасы істері жөніндегі басқармалар құруды ұсынғанын еске салды. Отбасы институтын нығайту, отбасындағы қолайсыз жағдайдың, балаларға қатыгездік танытудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлік даму жоспарына енгізу жайында ұсыныс берілді. Бірақ бұл бастамалардың барлығын Үкімет қолдамады.

«Жалпы алғанда, 100 млрд теңгеден астам, әр өңірге 3-тен 32 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылған балалар жылына арналған өңірлік жоспарлар көңіл көншітпейді. Олардың кейбіреулерінде ғана инклюзияны қолдау кабинеттерін, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын, аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды ашу сияқты маңызды іс-шаралар көзделген. Бұл жоспарлардағы маңызды іс-шаралардың үлесі 35%-дан аспайды, ал қалғанының барлығы: «ертегі премьерасы», жаңа жылдық шыршалар, қашықтықтан өткізілетін чемпионаттар, айтыстар, мектептердің ашылу рәсімдері және т.б.», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Баспасөз маслихаты барысында халық қалаулылары ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға да тоқталды. Депутат Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, Мәжілістің соңғы жалпы отырысында бірінші оқылымда тиісті заң жобасы мақұлданған.

«Біз мүгедек баланы санаторий-курорттық емдеуге алып барған ата-анасының біреуіне бірінші қажеттілік шығындарының өтелуін ұсынамыз. Мәселен, сол жерде тұру және тамақтану шығындары. Алдын ала есептеулер бойынша, 3 жыл ішінде санаторлық-курорттық емделуге ата-анасымен немесе заңды өкілдерімен бірге кемінде 62 мың бала барады», - деді ол.

Айта кету керек, бұл заң жобасында мүгедектікті белгілеудің сырттай нысаны қарастырылған. Барлық таксопарктер мүгедектігі бар адамдар үшін қазіргідей 30 емес, әр 10 таксиге бір толық бейімделген машинаны қамтамасыз етуі керек. Ал жастар саясаты жөніндегі заң жобасында барлық кәмелетке толмағандар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру нормасы қарастырылған.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды