Депутат Тумашинов ШҚО-ның жолын жомарттықтан жөндеп бере ме?

Шамасы осындай 100 миллионнан асатын тағы бірнеше жобаларды атқарып, жеңімпаз болып отырған

Malim Админ

  • 22.09.2023

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында мемлекеттік сатып алу порталында әлі байқауы аяқталмаса да, жолы салынып біткен «қызық» жағдай туралы жазды. «Мәлім» тілшісі тендерді туралы зерттеп, компанияның расымен де депутатпен қатысы бар екенін анықтады. Сонымен Дидар Смағұлов былай деп жазады.

          «Достар, мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Мына суреттер «келер шақта» түсірілген сыңайлы. Бұл — Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданына қарасты Белоусовка ауылының жолы. Оны жөндеуге арналған байқау (құжаттарды қабылдау) 28 қыркүйекте аяқталады екен. Бірақ ол жолды депутат Тумашиновтың (Лұқбек Шабданұлы, Парламент мәжілісінің депутаты — ред.) компаниясы жөндеп қойыпты. Ашық байқау нәтижесін күтпей, жөндеуді «ОблШығысЖол» ЖШС (әкімдік ақпаратына сүйенсек) аяқтап тастаған. Барлық техника да Тумашиновтың компанияларына тиесілі. Демек, жол істеліп қойса, мемлекетке енді 28 миллион теңге шығындалудың керегі жоқ деген сөз бе? Әлде депутаттың компаниясы бұрынғы басшысының ұлы — аудан әкімі онсыз да барлық тендерді соларға беретініне сенімді ме? Прокуратураға байқауды өткізбей-ақ қою туралы хат жолдадық. Өйткені енді өткізудің мәні жоқ. Әке қамқорлығы деген осы шығар?!» деп жазды Смағұлов.  

goszakup.kz сайтынан жасалған скриншот

                       

                       0,8 шақырымға — 27,5 миллион теңге

          Алдымен әңгіме болып отырған байқауды мемлекеттік сатып алу порталынан қарадық. Байқауды Глубоковский ауданының қаржы бөлімі ұйымдастырған. Бір лотпен, жалпы сомасы 27 501 738 теңге бөлу жоспарланған. Қыркүйектің 13-інде жарияланған хабарландыру бойынша өтінім қабылдаудың аяқталуына әлі 5 күн уақыт бар. Әйтсе де, Смағұлов салған суреттерге қарасақ, жолдың жөндеу жұмысы байқаудан бұрын аяқталып қойған. Қосымша сипаттамасында аудандық маңызы бар KF GB-365 «Белоусовка ауылы арқылы өтетін» автожолының 0-0,872 шақырымына орташа жөндеу жасау керек болған. Сметасына қарасақ, Белоусовка ауылы арқылы өтетін автожолға «Стимул» дүкеніне дейінгі аралықта жөндеу жасау керек делінген. Құжатты толтырған кезде қате кеткен болар, жұмыстың орындалу мерзімін 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсеткен. Мұның бәрін төмендегі скриншоттан қарай аласыздар. 

                       goszakup.kz сайтынан жасалған скриншот

Порталдағы ақпаратқа сүйенсек, бұл жұмысқа кірісуге дайын екенін бір орындаушы ғана білдірген. Ал аталған сомаға кіретін материалдық ресурстарға келсек, мынадай: әмбебап алдыңғы пневмодоңғалақты тиегіштер, жылжымалы компрессорлар, асфальт таратушылар, шынжыр табанды бульдозерлер, жол роликтері, автогрейдерлер, битумды стационарлық қазандар, өздігінен жүретін тандемдік жол роликтері, өздігінен жүретін жол кескіштер, жүк-жолаушы көліктері, жол щеткалары орнатылған трактор, суару машиналары, асфальт төсеушілер. Ал еңбек ресурсы талаптарына мынадай деп көрсетіліпті: 13 тракторшы-машинист, 10 жұмысты және 1 жол шебері керек делінген.

 

         

                      «ОблШығысЖол» ЖШС жайлы не белгілі?

             Ашық дереккөздегі мәліметтер бойынша, қол астында мыңға жуық қызметкері бар, ірі кәсіпорын. Нарықта жұмыс істеп жатқанына 3,5 жыл уақыт болған. Мекенжайы Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы Ертіс ауылдық округіне қарасты Прапорщиково ауылында тіркелген. Ашылғалы бері мемлекетке 5 000 274 982,55 теңге салық төлеген. Әр жылдар бойғы төлеген салық мөлшерін төмендегі скриншоттан көре аласыздар:

                           pk.adata.kz сайтынан жасалған скриншот

                        Жігітке жеті өнер аз, ал алты компания ше?

          ЖШС иесі — Жанболат Қазанов, құрылтайшы — «ЭЛХОН» ЖШС. Қазанов Жанболат Байрахметұлының иелігінде бұдан өзге тағы алты компания тіркелген. Олар: "Терезе" ЖШС, "Мұзтау И К" ЖШС, Өрнек алтын ЖШС, DDD PLUS ЖШС, "Элхон" ЖШС және "Ақ Найман" ШҚ. «ОблШығысЖол» ЖШС сот істеріне де «белсене» қатысады екен. Олай дейтініміз бізде бар деректерге сүйенсек, компания 30 азаматтық және 2 әкімшілік іске қатысқан. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысу қарқынын қарасақ, күллі Шығыс Қазақстан облысының жолының біразын осы компания жөндеп шыққанын байқауға болады. Үш жылда бұл ЖШС 142 байқауға қатысып, оның 73-інде жеңімпаз атанған. Орта есеппен әр екінші тендерді еншілеп отырған деген сөз. Сомасы да аз емес. Мәселен Үлкен нарын ауылындағы көшеге орташа жөндеу жасағаны үшін — 37 миллион теңге, Солнечное ауылының жолына сондай жөндеу жасап бергеніне — 111,6 миллион теңге алған. Солоновка ауылының көшесіне — 55,9 миллион теңге, ШҚО автокөлік жолына — 39,3 миллион теңге, Көкбастау ауылындағы жолға — 49 миллион теңге, Өскемен-Риддер тас жолының Белоуосвка ауылы жағындағы көпіріне — 119 миллион теңге, осы ауылдағы тағы бір көпірге 114 миллион теңге бөлінген. Шамасы осындай 100 миллионнан асатын тағы бірнеше жобаларды атқарып, жеңімпаз болып отырған. Ал Семей-Талица автожолына ағымдағы жөндеу жүргізгеніне ЖШС 446 миллион теңге алыпты. Ең ауқымды сатып алу қатарында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және олардағы жасанды құрылыстарды күтіп ұстау бойынша жұмыстар үшін көрсеткен қызметі бар. Оның құны — 12 333 648 214 теңге. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын тіпті 26 232 713 100 теңгеге жүргізіп берген. Еңбекқор ЖШС мемлекетпен арада жалпы саны 204 келісімшарт жасасқан. Салық төлеуі жағынан мін жоқ. Бәсекелестерінің арасында көш бастайтындай-ақ рейтиңге ие.

                      kompra.kz сайтынан жасалған скриншот

                            Депутаттың қандай қатысы бар?

                    Айтпақшы, Глубоковский ауданының әкімі — Тумашинов Эльдар Лұқбекұлы. Ал біз айтып отырған «ОблШығысЖол» ЖШС-ның Тумашиновтарға қатысы бар болып шықты. Нақтырақ айтқанда, «ОблШығысЖолдың» құрылтайшысы «Элхон» ЖШС болса, оның құрылтайшысы — депутат Лұқбек Тумашинов. Депутаттың өз атында «Ақ найман-2» шаруа қожалығы болса, «Ақ найман» ШҚ Жанболат Қазановтың атына тіркелген. Сонымен бірге Қазанов жетекшілік ететін «Терезе» және «Мұзтау и К» ЖШС-ларының құрылтайшысы — Тумашинова Сәуле Ахметқалиқызы. Ашық дереккөздерде бұл кісі Лұқбек Шабданұлының әйелі деп көрсетілген. Осылай ұзын-сонар схема түрінде бұл тізім жалғаса береді. Қалай десек те, депутаттың компаниясы әлі аяқталмаған байқауды «ұтып аламын» деген сеніммен жөндеу жұмысын бастап кетті ме, әлде атымтай жомарттықтан осылай істеді ме - енді белгілі болады. 

Естеріңізде болса, журналистер Тұмашиновтің мемлекеттен миллиардтаған тендер алуына байланысты сұрақ қойған еді. Сонда ол "Ахметовпен сыбайластық бар, жемқорлық жоқ" деп жауап берген.     

 

Байланысты жаналықтар

Сапасыз асфальт төсеген түркістандық мердігерге айыппұл салынды

06.11.2024

Ақтөбе облысында 10 адам құтқарылды

03.11.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

28.10.2024

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

25.10.2024

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

21.10.2024
MalimBlocks
Сапасыз асфальт төсеген түркістандық мердігерге айыппұл салынды

Облыстық әкімдіктің тапсырысымен салынып жатқан жолдардан 642 сынама алынған

Ақтөбе облысында 10 адам құтқарылды

Олар батпаққа батып қалған

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

Көпірдің құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтар марапатталды

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан