Экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды

Аталған петицияға қазір екі мыңнан аса адам қол қойған. 

Айшолпан КЕРІМ

  • 24.01.2022

Қазақстандықтар экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы петиция жариялады, оған екі мыңнан аса адам қол қойған. Петиция авторлары тергеу органдары мен прокуратура, сот Біртановтың кінәсіз екеніне назар аудармай, әрекетсіздік танытып отырғанын айтты.

“Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз, Елжан Амантайұлын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты елдің індетке дайын болмағаны және сол кездегі Денсаулық сақтау министріне тікелей байланысты болғанның барлығын өзі жасап, жүзеге асырғаны оның кінәсі емес”, - делінген петиция мәтінінде.

Президентке жолданған үндеуде авторлар қазақстандықтардың экс-министрдің ісін жіті бақылып отырғаны жайлы және Біртановтың кінәлі екеніне сенбейтіні айтылған.

“Жақсы басшының, дәрігердің, тұлғаның тағдырына бейжай қарамайсыз деп сенеміз. Дәл қазіргі уақытта ұжымыңызда қарапайым халық сенім артқан осындай кәсіби мамандар, патриоттар, білікті адамдар болуы керек. Біртановты заңсыз қылмыстық қудалауды тоқтатуыңызды сұраймыз!”, - делінген үндеуде.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Біртановтың үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, істе 133 том мен 20 жәшік заттай айғақ бар. Тергеушілердің болжамынша, Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдап, мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірген.  Бірақ экс-министр өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

MalimBlocks