Кәсіпкерлікті құтқарудың төтенше жолы
Бүгін Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі елдегі барлық кәсіпкерлерді елең еткізерлік хабар таратты. Шағын хабарға сенсек, үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тиісті комитеттерімен және бизнес-қауымдастықпен яғни, үш жақты келіссөздер жүргізіп, төтенше жағдайда кәсіпкерлікті құтқарудың төтенше жолына көшіп, арнайы ұзын-сонар тізім жасап жатыр екен. Бір қарағанда бұл тізім ұзын көрінгенімен, оған елдегі барлық кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдері ене алмайтыны анық. Сонда таңдау қалай жасалмақ? Үкімет, «Атамекен» және бизнес-қауымдастық түзеген тізімді экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітеді. Ал бұл тізімге кірудің алғы шарты – экономикалық жүйе құраушы әлеуеттің болуы. Яғни, жұмысшысы көп, өнімі экономика бойына қан жүгіртіп тұрған, салығы бюджет бүйірін толтырып келген бір сөзбен айтқанда, ірі кәсіпорындар кірмек. Үкіметтің төтенше жағдайдағы ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті қолдау әрекеті «тауларды аласартпай, жазықты асқақтату» амалына келетіндей. Өйткені, елдегі ірі және шағын кәсіпкердің бәріне бірдей төтенше жағдайда көмек беру мүмкін емес. Бірақ, жүйелі, құрылымды, ірі кәсіпорындарды бүгін құлатып алса, ертең оны орнынан тұрғызу мүмкін де болмайды. Қаншама мың адам жұмыссыз қалады, өнім өндірілмейді, салық төленбей бюджетке қаржы түспейді, соның кесірінен, әлеуметтік төлемдер азаяды, ірі өнеркәсіп айналасындағы түрлі қызмет көрсету шағын бизнесі тоқтайды. Демек, шағын және орта кәсіпкерлікті құтқару үшін ең алдымен ірі кәсіпорындарды да құтқару керек. Алты трлн теңгені үкімет елдегі белсенді кәсіпкерлікті сақтап қалу үшін арнайы бөліп отыр.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес, жаппай кәсіпкерлік төтенше жағдайда тарықпас үшін арнайы салықтық жеңілдіктерге қатысты үкімет қаулысы бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған жоспар бойынша, жеңіл салықтың шапағаты саудадан бастап, туристік бизнеске дейінгі түрлі салаларға бұйырмақ. Мәселен, осы жылдың соңына дейін ірі сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, тетарлар, көрмелер мен спорттық нысандар, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй және туристік қызмет мүлік салығын төлемейді. Яғни, босатылады. Және жалпыға ортақ ережемен салық төлеп келген жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды. Ауыл шаруашылығында мүйізді ірі қара бағатындарға, асыл тұқымды балапан өсіретіндерге қосымша құн салығы салынбайды. Жер емген дихандар жер салығын төлемейді. Салықтық әкімшілендіру бойынша, 2020 жылғы 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес үшін барлық салықтар мен міндетті төлемдер кейінге шегірлмек.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов осыдан бір апта бұрын жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпорындарға жылдық алты пайызбен несие берілетінін хабарлаған еді.
Бір қызығы, әйел кәсіпкерлерге де ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Яғни, қыз-келіншектер, әйелдер құрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өсуін ынталандырмақ. Арнайы бағдарлама үкіметтің бастамасымен Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаражат есебінен іске аспақ.