Кореяда тұратын қазақ: «Мұнда ешкім жетіскеннен келмейді»

Қазақстан біраз артта қалып қойғанын түсінесің

Олжас Қасым

  • 10.08.2022

Жерлесіміз Ерғали Бердібай қазір Оңтүстік Кореяда тұрады. IT саласы бойынша білім алған маман Тэджон қаласында жасанды интеллект инженері болып қызмет етеді. Технологиялық жетістіктері жөнінен көшбасшы елде еңбек ететін Ерғалимен сұхбаттасудың сәті түсті.          


- Оңтүстік Кореяға қоныс аударғаныңызды әлеуметтік желіден біліп жатырмыз. Шет елге көшуіңізге не себеп болды?

- Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласына келгеніме  4 жылдан асты. Негізгі мақсатым - білімімді шыңдау, тәжірибемді толықтыру болатын.

Қалай дегенмен де, дамыған елдерден алатынымыз көп. Сондай озық елдің бірі – Оңтүстік Корея. Әсіресе, менің бағытым бойынша, яғни IT саласында алдыңғы қатарлы ел деп айтуға болады. Тіпті кейбір салаларда бірқатар мемлекеттің көш басында тұр.

Оқыған жерім –Кореядағы ең белгілі техникалық зерттеу университеті – KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology), мамандығым IT менеджмент бойыншаPhD докторантурасы.

- Бастапқы кезде қиындықтар туындайтыны белгілі. Өтпелі кезеңнен қалай өттіңіз?

- Мәселен, тілін үйрену үшін біраз тер төктік. Қай елде жүрсің, сол елдің тілін меңгеру керек деген жақсы қағида екен.  Мұнда негізгі тіл – корей тілі. Барлығы сол тілде сөйлейді. Ортаға бейімделу үшін жаппай оқу керек болды. Бір жақсысы, тілдік құрылысы жағынан корей тілі қазақ тіліне жақын. Атап айтқанда, сөзжасамы, әрдайым сөйлемінде бастауышы басында, соңы баяндауышпен, іс-әрекетпен аяқталады екен. Тіпті біз секілді көптік, септік, тәуелдік жалғаулары да ұқсас келеді.

Әр елдің салты басқа. Бұл мемлекеттің де өзіндік мәдениеті, дәстүр-салты, тілі, ділі бар. Әрине, бастапқы кезде біршама қиындық туындағаны рас. Әсіресе, тамағын қабылдау оңай болмады. Біз ет жеп үйренгенбіз, ал мұнда таза етті табу қиын. Және халал тамақтар дайындайтын жерлер көп емес. 

- Әлеуметтік желідегі  жазбаңызда елдің жақсы тұстарымен қатар, басқа да күрделі жағдайларды бөлістіңіз. «Жұмыс айлығы қаншалықты жақсы болса, соншалықты ауыр болатынын ұмытпау керек» деп жазыпсыз.  Тағы сол сияқты жағдайларға тоқталсаңыз...  

- Қазір Оңтүстік Корея шетел азаматтары көп баратын иммигрант елге айналып барады. Негізгі себеп – біріншіден, салыстырмалы түрде жақсы төлем жасауы, екіншіден, жұмыстың дереу табылатындығында сияқты.

Кореялықтар өте жұмыскер халық. Және басқалардан да соны талап етеді. Бір байқағаным, еңбекақыңды жемейді, егер көздеріне түсіп, ойларынан шығып жатсаң, көтермелей бастайды.

Тағы бір айта кетерлігі, адамгершіліктері мол. Олай дегенім, тарихында көршілес елдерден зорлық көріп, тағдыр тауқыметін тартқан кезі көп. Алайда олар керісінше, әрбір шетел азаматына оң көзбен қарайды. Кемсітпейді, қолдап-қолпаштап жүреді.

- Кореяда жемқорлық, қоғамды жайлап кеткен тамыр-таныстық, заңды белден басу деген секілді жағдайлар байқала ма?  Елдің қазіргі даму бағытына тоқталып өтсеңіз...

- Жемқорлық деген дерт бар да шығар, бірақ өз басым ондай жағымсыз құбылысты жолықтырмадым, естімедім. Бар шығар дегенім, егер болмаса, кезінде ел басқарған президенттер түрмеде отырар ма еді?!

Жеке пікірімше, Кореяның басты ұстанымы қалай да Жапониядан озу, сөйтіп артта қалдыру. Себебі, олар кезінде Жапондардан қатты қысым көрген, солардың боданы болғаны белгілі.  Жапондардың кесірінен Корея екіге бөлініп кеткен. Тәуелсіздік алғанда көмек сұрап, ақыр соңында Кеңес үкіметі мен  АҚШ жәрдем беріп, өзара бөліп алғандай.

Кореяда бірден бір көзге түсетіні, бүкіл жерде  камера орнатылған, ал жолда ешбір полицейді көрмейсіз, болса да  сізбен жұмысы жоқ. Осында жүргелі менене ешқандай да полицей не басқа органның адамдары келіп құжаттарымды сұрап, тексеріс жасамады.

Барлығы заңға бағынады  және заң шеңберінен шықпайды. Мұнда «Бәке»,  «Сәке»,  «Нұреке» деген түсінік жоқ.  Бірақ,  рекомендация деген бар. Ол дегеніміз, егер жұмыс берушіңіз сізді ұнатса, басқа да таныстарына құлаққағыс етіп айта жүреді.  Яғни, сіздің жұмыс табу ықтималдығыңызды арттыра түсуге үлесін қосады.  

- Кореяда жалақы мәселесі қалай шешілген?

- Мұнда да  минималдық төлем бар. Көбіне сағатпен есептеледі. Бір байқағаным, ерлердің жұмыс күші жоғары бағаланады, ал әйелдер үшін    10-15% төмендеу екен. Бірақ бұл тек қара жұмысқа байланысты. Ал  компанияда бәріне бірдей көзқараспен қарайды.

Менікі кеңселік жұмыс, яғни компьютер алдында отырғандықтан, көбіне қара жұмыс мәселелерін біле бермеймін.    Әрине, осында жүрген қазақтармен кездескенде  жұмыс жағдайы туралы сұраймын. Естуімше, Кореядағы қара жұмыс өте ауыр дейді олар.   Мысалы,  8-9 сағаттық жұмыс болса, соның  7-8 сағатында  ешбір тоқтаусыз тер төгесіз. Бәлкім, әркімде әрқалай шығар. Жалпы сөйлескен адамдарымның көбісі солай дейді. Бірақ, дәл сол  жұмыс істеген уақытына байланысты лайықты ақшасын алады.    

Кейде овертайм деген нәрсе бар, яғни, келісілген уақыттан  15-30 минут асса, онда сол күнгі еңбекақыңызды 1.5 есе көбейтіп төлейді. Бірақ,  көбіне ол уақытқа дейін созбауға тырысады екен. Мысалы, әр жұмыс күніне 100$ болса, дәл сол жұмыс  + 15 минут асқаны үшін күнделікті жұмысына 150$ бермейді деп те естідім.  Әр кезде әрқалай, арасында жақсы жұмыс беруші болса толықтай береді, ақшадан қиналмайды. Себебі, егер қаржыдан қысса онда келесіде жұмысшы табылмай қалуы мүмкін. Бір рет жұмыс істеп, ақысы желінгендер  келесі жолы аттап баспас.      

- Корея сізді қалай өзгертті?  Өзге елде жүріп көкейіңізге қандай ойлар түйдіңіз?

- Көбі шетелде жүрсе болды, өзгеріп,  өте мол табыс тауып жатыр екен деп ойлайды.  Бірден айтайын, әсте олай емес. Анда-санда демалған кезде бір-екі мәрте суретке түссе басқа адамдар Кореяда рахат өмір деп ойлайтын болар.  Шындығында, олай деуге келмес. Алайда, біздің ел біраз артта қалып қойғанын түсінесің. Мейлі, ол технологиялық жағынан болсын, өмір сүру сапасын салыстырсақ та,  әлеуметтік жағдайын алып қарасаңыз да бізден әлдеқайда озып кеткенін бағамдайсыз.       

Әрбір қазақ шетелде болса, сонда ғана Қазақстанның дәл қазіргі жағдайын біліп, түсінер еді. Енді біз екі елді өзара  салыстырамыз ғой. Орта Азияда қарқынды дамып жатқан елміз. Бізде Экспо көрмесі  болды, бүкіл әлемге паш еттік деп марқаямыз.  Бірақ шын мәнінде олай тек біз  ғана ойлаймыз. Тіпті осылай айды аспанға шығарғанымызды олар біле бермейді

Кореяның ішін  жеке бір Бизнес кейс ретінде алуға болады. Мысалы жақсы сөз бар ғой «50 жылда ел жаңа» деген.  Меніңше, дәл сол кейс Кореяға қатысты айтылғандай. Осыдан жарты ғасыр бұрын Оңтүстік Корея Афариканың елдерімен шамалас еді. Өзінің бауырлас елдерінен әлдеқайда төмен сатыда еді. Ішкі өнімі жоқ, тек аграрлық ел еді. Ал қазір Корея десе инновациялық техникалық мемлекет деп біледі. Әлемнің соңғы жаңалықтары 5G-6G секілді техникалық трендтер, кино әлемінде де өзін танып келе жатыр. Соңғы 2 киносы да «Оскар» жүлдегері болды. Спорт әлемінде де табысқа жетіп жатыр.  Мысалы 2022 жылдың  үздік футболшысы да кореялық спортшы.  Сол үшін Кореядан аларымыз өте көп.

Корея сияқты елден үйреніп, Қазақстанның мейлі кішкентай саласы болсын дамытсам ба деп ойлаймын.  Дамыған елге айналғанымызды көргім келеді.

- Кореяға қазақстандықтар көбіне қандай мақсатпен барады? 

- Әрине мұндай ешкім жетіскеннен келмейді. Ол анық. Онда барғандардың көбі білімсіз, дипломсыз адамдар емес, жұмыс өтілі бірнеше жыл болатын мұғалімдер, дәрігерлер, тіпті мемлекеттік жұмыскерлерді де көруге болады. Бірден келіп жолы болып, жұмысқа орналасып жатқандар да жетерлік. Айлап жүріп ешбір жұмысқа кіре алмай жүргендер  де табылады. Бір жақсысы өздері сияқты елден келген бауырларымыз табылып, көмектесіп жатады. Ондай мүлдем жоқ деп айта алмаймын.

Тағы бір атап айтарлық жайт,  2-3 жылда қарызға белшесінен батып кеткендер бүкіл қарызын жауып, тіпті үй алғандар да кездесіп жатыр. Ондай жаңалықтарды естігенде қуанып қаламын. Алыс елге келгенде еңбегі  зая кетпесе жақсы ғой.

Тіршілік қамымен, баласының сәби кезінде  сыртқа кетіп, перзентінің алғашқы қадамдарын, сөздерін, тәтті қылықтарын көре алмай қалғандар қаншама. Осылайша бала-шағасының өскенін көрмегендер аз емес. Мұндағылардың бәрі сол отбасылары үшін жүргендер. Егер елде осындай жағдай болса ешкім шетел асып келмес те еді.

Екінші жағынан бұл үрдістің Қазақстан экономикасына да әсері мол. Себебі елде ақша болмағанда бұл да бір елдің экономикасына әсер етуші, жамаушы фактор болатыны анық.     

- «Таңғы балғындық елі» азаматтарының қазақтарға деген көзқарасы қалай? 

- Енді әркімде әрқалай сияқты, жалпы кәрістерден де түрлі-түрлі көзқарастағы жандарды байқауға болады. Бірақ жалпы алғанда Қазақстан дегенде көбі  көшіп кеткен кореялықтарға көмек берген халық деп біледі. Қаңтар оқиғасы болғанда кореялық достарым алаңдаушылық білдіріп, еліміздегі дүрбелеңнің тезірек  бейбіт түрде аяқталуын  тіледі. Өз басым қазақстандықпын дегенімде ондай бір негативті көзқарасты байқамадым. Керісінше әрдайым оң   пікір  естимін.

- Шығыс Азиядағы дамыған мемлекеттің халқы еңбекқор, табанды екенін білеміз. Ол жақта біздегі сияқты бір ай демалыс алу немесе мереке-мейрамдарда бес-алты күн қатарынан демалу секілді үрдістер жоқ деп естідік...

- Оныңыз рас. Бізде айлап беретін. Демалыс деген мұнда мүлдем жоқ, көп тегенде 2 апта береді. Тіпті оның өзін бір уақытта алуға болмайды. Тек жылына сол 15 күнді 3-4 рет бөліп алуға болады. Өз басым әлі алып көрмедім, себебі жұмысты енді ғана бастадым. Алсам да маған әлі бермейтін шығар.

Жалпы мұнда демалыс күндерін біз сияқты тойлай бермейді. Мұнда керісінше демалыссыз көп жұмыс істеуге тырысады. Ешкім оған наразылық білдіргенін байқамадық. Бәріне сондай режим ұнайтындай көрінеді.

- Шетел асып, озық елдің озық өмір салтын көкейге түйген боларсыз. Осы ретте Қазақстандағы замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

- Адами ресурс өте құнды, ал оның ішінде әрдайым ізденісте, қозғалыста болған жөн. Біліміңді жетілдіріп, жаңа трендтерді үйреніп, біліп отыру керек.

Қарапайым бір мысал, менің стартап компаниямның басшысы жасы 65-тен асқан зейнеткер. Солай болса да ол  бір жерде қозғалыссыз отырмайды. Әрдайым ізденісті, жаңа нәрсені көріп, біліп жүреді. Соған таң қаласың, біздің елде 50-60-тан асса болды, өздерін үйде отыру керек, қартайып қалған қарт кісі ретінде сезінеді. Ал мұнда өмір енді басталғандай екінші тынысы ашылып, жаңа компания құрып, жаңа бағыттармен жүре бастайды. Сол үшін өзімнің қазақ бауырларыма, замандастарыма айтарым нені қолға алсаңыз да ешқашан кеш емес. Көріңіз, біліңіз, не болмаса жастарға өз білгендеріңізді үйретіңіздер.

Тағы бір айтарым - қай дамыған ел болмасын бір рет болсын сонда болуға тырысыңыз.  Себебі шетелде жүргенде ғана таным көкжиегің артып, көзің ашыла бастайды. Басқа жердегі өмірді көргенде өз еліңмен салыстырмай, сын көзбен қарамай тұра алмайсың.  

- Елге қашан келесіз?  Әлде ол жақта тұрақтап қалу ойда бар ма?

-Негізі, қазір-ақ баруға әзірмін. Бірақ, Кореяда әйелім де оқып жатыр.  Әзірше күтуге тура келеді. 2-3 жыл көлемінде мол тәжірибемен  елге қайтамыз.      

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

09.10.2024

Тоқаев Корея Республикасының Президентін құттықтады

03.10.2024

Қазақстан азаматтары енді Кореяда жұмыс істей алады

21.06.2024

«Ханзада Жумонг» тарихи фильмде қазақ кейіпкерін сомдауға дайын екенін мәлімдеді

17.06.2024

Қазақстан құрамасы садақ атудан Азия кубогында екі қолы еншіледі

08.06.2024

Қазақстанға Корея президенті келеді

07.06.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

Тоқаев Корея Республикасының Президентін құттықтады

Қазақстан азаматтары енді Кореяда жұмыс істей алады

Еңбек министрлігі арнайы құжат әзірледі

«Ханзада Жумонг» тарихи фильмде қазақ кейіпкерін сомдауға дайын екенін мәлімдеді

Кореялық актер Қазақстанның мәдениеті мен жерінің көлеміне тәнті болған.

Қазақстан құрамасы садақ атудан Азия кубогында екі қолы еншіледі

Екеуін де аралас командалық жарыстан алды

Қазақстанға Корея президенті келеді

Сапар аясында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады.