Нұрымбетов Көлгіновтен асып түсейін деп тұр
13 мамырға дейін 2,7 миллион қазақстандық 42 500 теңге көлеміндегі төлемді екінші мәрте алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Бұған дейін жазғанымыздай 4,5 млн өтініш берген қазақстандықтардың жартысынан астамы ғана екінші мәрте алыпты. 11 мамыр күнгі төтенше жағдай уақытының бітуімен төлемге өтініш беру де аяқталды. Сөйтіп, үкімет төтенше жағдайды аяқтағанмен, карантин режимінің жалғаса беретініне, көптеген азаматтардың әлі де жұмыссыз отырғанына қарамастан 42 500 теңге төлемін тоқтатты.
«Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимінің тоқтатылуына байланысты 2020 жылғы 11 мамырда сағат 18.00-ден бастап «42 500 теңге» төлемін тағайындауға жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін келіп түскен барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралатын болады және өтініш төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер тағайындау қағидаларында көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда «42 500 теңге» әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін 6 триллионның есебі сұрала бастағанда 42 500 теңге 4,5 млн адамға берілгені және оған 386 миллиард теңге бөлініп қойғаны айтылған. Бұл ақшаны 42 500-ге бөлгенде 9 млн 82 мың 353 адамға жетеді. Оны екіге бөлгенде үкімет айтқан 4,5 адамға жақын сан – 4 млн 541 мың 352 адам шығады. Демек, 4,5 млн-нан астам қазақстандық екі мәрте әлеуметтік көмек алуға тиіс болған. Енді, әлгі 4,54 адамнан екінші мәрте алған 2,7 адамды алып тастасақ, 1,84 млн адам шығады. Яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тек 42 500 төлемінің өзінен қазіргі жағдайда 78 млрд 250 млн теңге үнемдеп отыр. Баспасөз хабарламасында келіп түскен өтініштер әлі де қаралады, беріледі деген екі ұштылау сөз айтылыпты. Егер, министр Нұрымбетов осы екпінін жоғалтпаса, олардың саны да саусақпен санарлық болып шығуы ғажап емес. Ақырында, Нұрымбетовтің жанында елорда әкімі Көлгінов үнемдепті деген 32 млрд түк болмай қалайын деп тұрғандай...