Қыдыру көбейіп короновирус өршіп барады

«184-тен 1916-ға дейін»: қазақстанда карантин талабын бұзғандар саны 10 есе көбейді – Юлия Якупбаева

  • 05.08.2021

Елімізде «қызыл» статусы бар азаматтардың қоғамдық орындарға келуі, қыдырып жүруі тоқтамай отыр. Бір айдың ішінде күніне 1,9 мыңнан аса адам карантин талабын бұзған. Мұндай деректі «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Ashyq жобасының статистикасына сүйеніп мәлімдеді. «Ірі сауда объектілеріне карантин талабын бұзып кіретіндер тікелей анықталып жатыр. Бір ай ішінде «қызыл» статусы бар азаматтар саны күніне 184-тен 1916-ға дейін, яғни 10 есе өсті», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. Басқарма төрағасының орынбасары азаматтар статусын тексеру үшін үйден шықпай, Ashyq.kz сайты арқылы онлайн қарай алатынын атап өтті. «Азаматтар статусын тексеру үшін үйден шығудың қажеті жоқ екенін еске салғым келеді. Ол үшін Ashyq.kz сайты бар. Оның көмегімен күн сайын 400 мыңнан аса адам мәртебесін онлайн тексереді. Сайт арқылы күніне «қызыл» мәртебесі бар 7 700-ден астам азамат тіркеледі», - деп жазды ол. Сондай-ақ Юлия Якупбаева қазір жобадағы ірі сауда кәсіпорындардың саны едәуір артқанын жазды. «Бүгінде жобаға қатысушылар саны 4 есеге - 88 570-ке дейін өсті. Бұған дейін жобада қоғамдық тамақтандыру нысандары көп болса, енді сауда кәсіпорындарының саны артты. Еліміз бойынша 700-ден астам ірі сауда орталығы мен жабық базарлар Ashyq жобасына қосылды. Яғни, егер сауда ойын-сауық орталықтарында орта есеппен 300 жалға алушы болса (кейде 2 есе көп), онда сауда объектілерін қамту 200 мыңнан «асып кетті», - деп жазды басқарма төрағасының орынбасары. Айта кетейік, қазіргі карантин жағдайында еліміздегі кәсіпорындар Ashyq.kz жобасы арқылы қызметін жалғастырып жатыр. Жоба нысанға коронавирус инфекциясын жұқтырып келген азаматтарды анықтау үшін қолға алынды. Сондықтан кәсіпкерлерден келушілерді тексеру талап етіледі. Ал клиенттерді үзбей тексеретін, адал кәсіпорындарға «Ashyq.kz көшбасшылары» статусы беріледі. Мұндай статус карантин кезінде жұмыс режимін ұзартуға көмектеседі.