«АБАЙ БОЛМАҒАН» ДЕГЕН НЕ СҰМДЫҚ!  

Malim Админ

  • 23.07.2020

Белгілі олигархқа қатысы бар бір басылым Абай туралы "ғылыми зерттеу" жариялады. Сарыжағал басылымның кезекті сандырағы деп көңіл аудармайын десең, бұл газеттің артында нән "тұлғалар" тұр. Ал жазып отырғандары анау. Абайдың-175 жылдық мерей тойы кезінде көрдіңдер ме деген түрлері. Әдеттегідей, үкіметтегілер үнсіз. Жауапты тұлғалар үнсіз. Депутаттар көрсе де көрмегендей. Мәдениет пен руханияттың тізгінін ұстағандар тендер таласынан қолдары босамай жүр. 

Malim.kz сайты бүйректен сирақ шығарған "ғылыми зерттеуге" қатысты зерттеуші Асан Омаровқа хабарласып, пікір сұрады. Абайтанушы көп күттірмеді.  Мархабат! 

"Абай болмаған" деген не сұмдық! 

«Экспресс К» деген басылымның көктен іздегені жерден табылды, білем. Таяуда ғана (18.07.2020) басқы бетіне «Загадка Абая: величайший неизвестный поэт Казахстана» (қазақшасы – «Абай жұмбағы: Қазақстанның беймәлім ұлы ақыны») атты даулы мақаланы айқара ғып басыпты. Шикі материалдың авторы – Зауре Батаева деген қарындасымыз. Автор айды аспанға бір-ақ шығарыпты: «Абай деген ақын өмірде болмаған, Абай мұрасы дейтіндеріңіз алаш арыстары шығармаларының жинағы» деп! О, тоба-ай, Абай болған жоқ дегенді де естідік-ау. Мәссаған мәмпәси, жай ғана сүйкей салмаған, жоқ-барды теріп «ғылыми жаңалық» ашқан. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осындай-ақ болар!

Мақаланы оқып шығудың өзі де оңай емес. Бастан-аяқ сандырақ, Абай айтқандай, «бекер босқа езедүр» деп, қолды бір-ақ сілтеп, назар аудармасақ та болар еді. Бірақ, бірақ... Зәуре ханымның артында миллиондаған зәурелер бейнесі қалқайып тұрса ше. Күнде көретін өмірдің ащы шындығы – айналамыз орыс мектебінде тәлім-тәрбие алған, сол тілде қалыптасқан буын.  Оларда ұлттық сана таяз, яки тіпті жоқ. Сорақы мақала сол ұлтсыздықтың айдай айғағы. Көңілді мұздатқан, жүрек сыздатқан жәйт те, міне, осы.

Сонымен, Зәуре ханым Абайға не үшін шүйліккен? Ол көлдей жазбасының кіріспесінде былай деп ағынан жарылған екен: «Кейінгі буын өкілдерін, әсіресе, ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы Қара сөздер (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тілінде Слова Назидания (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», қала берді, «бір-біріне дұшпан» деп сипатталуы». Абыз бабамызға ашынған автор: «Абай – қазіргі қазақ қоғамындағы қазақ ұлтына деген құрметтің төмендігіне ғана емес, оған қоса, қазақтардың көшпенді ата-бабаларына деген сый-құрметтің жоғалуына да жауапты» деп түйеді. Міне, Абайды тану деңгейіміздің сиқы осы!

Зәуре Батаева кейінгі толқынның өкілі. Оған былай деуі де дәлел: «Күмән әлеуметтік медиа алаңында да туындаған болатын. Мысалы, 2017 жылы бір блогер Абайдың қара сөздерін бір топ кеңес насихатшылары 1930 жылдары жазып шығуы ықтимал екені жайлы пікірін білдіріп, «Абай» деген адамның шынымен болғанына шүбә келтірген еді. Осыған байланысты туындаған пікір-талас ұрыс-керіске айналып, блогерді балағаттап, оған қоқан-лоқы көрсетілді. ...Біз әлі күнге «Абай» деп атайтын адам кім болған? Бізде Абайға тиесілі деп сенетін шығармалардың барлығын осы адам жазды ма? деген мәселе жабулы жатыр».

   Осы келтірілген үзінді автордың мақсатын, ойлау жүйесін ұғуға мүмкіндік береді. Иә, күмән келтіруге әркім құқылы. Әттең, қисынды болса.

Апыр-ай, өткен ғасырда қаймана қазақ Абай өсиетіне құлақ асты, өзін-өзі тәрбиеледі. Мұны қалай ұмыттық? Алдыңғы буын, әсіресе, қара сөзден ескен сүйіспеншілікпен жүрегімен қабылдап, көзіне жас ала отырып оқып еді-ау. Кешегі Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мұхтарлар шығарманың түпнұсқасы бар ма, архивің кәне деп сұрамаған. Неге? Өйткені, олар «мың жыл жүрсе – дәмі кетпейтін» (Мағжан), өзге ешкім де айта алмайтын Абайдың дуалы сөзін ішкі дүниесімен сезінген. Басын шайқап, таңырқаған болатын.

Енді келіп, Абай сөзі екендігіне құжат талап етілуде. Осы заманның сұрқы.  Абайдың зор махаббатын  түйсініп, онан сабақ алу мүмкіндігінен қол үздік. «Сонда жауап бере алман мен бейшара, Сіздерге еркін тиер, байқап қара» деп өзі көре біліп, ескертіп кеткендей, өлісінде де «жанын күйдіргеніміз» қалай? Кешегі буын мен бүгінгі буынның, дәлді айтқанда, кешегі қазақтық пен бүгінгі қазақтың арасында терең шыңырау бөліп жатыр. Міне, даулы мақала осы қатердің де бетін ашып көрсетіп отыр.

  Қолға қалам алғызған мақсат – әлеуметтік желіні жарған «зерттеушілік» еңбектің тарауларын (жиыны алты тарау) саралау, соған көшейік. 

Әуелгі, «Неизвестные и запрещенные истории» деген тарауда Батаева ХІХ ғасырдағы қазақтың тарихи хәліне шолу жасаған. Сайын далада көшіп-қонған қараңғы халықта қанбір жақсылық болсын, сауатсыз көшпелі ортадан данышпан адамның шығуы мүмкін бе? Әрине, жоқ депті. Әлихан Петерборда университет тәмамдаса, Абай қыр қазағы, небары үш жылдық медресені тәмамдаған. Міне, совет идеологтары осыны жасырды, орыс мәдениетін жақтаған Абайды басына көтерді  деп күрсінеді Зәуре ханым (көшпелі заман шындығын айтқызбады дегеніне қарап, әдебиетші бола тұра, «Абай жолы» эпопеясын оқымаған ба деген күмәнді ойға қамаласыз).

Сөйтіп, Зәуре көшпелі дәуірге мұрнын шүйіре қарайды. Оның білуінше, Жамбыл жырау сияқты Абай да советтік саясаттың құралы ғана. Жоғарыда айтқандай, автор Абайдың ішкі дүниесінен бейхабар. Ақиқаттан гөрі өзінің эрудициясын көрсету маңыздырақ болғаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Еңбектің іргетасына әу бастан өтірік пен қисынсыздық қаланған.

«Кто был Абай?» деген келесі тарауға келейік. Көп сөздің  тоқ етері – ешқандай жазба деректер жоқ жерде, ол адамның өзі де, мұрасы да күмәнді деген идеяға саяды. Абайдың ғылыми биографиясы жоқ дейді Зәуре. Шындығында ұлы өмір бүге-шігесіне дейін аян. Әуезов Абай биографиясын төрт рет түгендеген, ондаған естеліктер өз алдына бір төбе.   Бірақ Зәуре найзасын көшпелі өркениетке қаратады, Абайда ең болмағанда бір парақ сақталмаған, орыс достарының бірде бірі ондай ақын бар демеген деп. Көшпелі қыр қазағы Абайдың сөзі түгіл, есімі, туған күні де архивте жоқ. Демек, асыл мұраны онікі деу күмәнді. Мысалға Мүрсейіттің екі жүз беттік қолжазба дәптеріндегі мұра Абайдікі емес, өзінің төл шығармалары болса ше? Міне, Зәуренің ойлау жүйесі осыған саяды. Күлесің бе, жылайсың ба.   Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағына да күмән келтіріп, фальсификация деген ой тастайды. Сыншы қарындас бұл қалай, ол күнде адамдар өтірікші я ақымақ болған ба? деп ойланбаған секілді.

Мақаланың осынау орта тұсында Зәуренің басты идеясы – Абай поэзиясының авторы Абай емес, Әлихан Бөкейханов деп дәлелдеу екенін әрең түсінесің (Әлекең арамызға тіріліп келсе, мен қоғам қайраткері әрі ғалыммын, ал «қазақтың басы ақыны» қылғандарың қай сасқандарың деп күңіренер еді-ау). Айта кетері, сөз болып отырған тарауда 19 әдебиетке  сілтеме жасалған. Көбісі керексіз, «для понта» дегендей, орысша оқыған-тоқыған жастарды иландыра түсу амалы ғана. Шын пейілімен ізденген адам тізімге Кәкітайдың, Әрхамның, Көкбайдың жазбаларын қосар еді. «Абай кім болған?» дегеннің жауабы соларда ғой. Әсіресе, Тұрағұл естелігінің орны бөлек, онда әкесінің қай өлеңді қашан, қандай жағдайда жазғаны еш боямасыз, тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Келесі тарауға келейік, ол – «Киргизская степная газета» деп аталған. Неге екені белгісіз, осы басылым Зәуре ханымға ерекше қадірлі, ыстық. Шындығында бұл «Тәржіман» газетімен салыстыра қарағанда ешқандай салмағы жоқ, генерал-губернаторға бағынышты, тиражы аз, беделсіздеу газет болған. Иә, онда Абайдың екі өлеңі жарияланды. Осы фактіге Зәуре ханым ерекше қадалып, бір керемет дерек деп есептеген. Адамның ойына келмес, қисынбас пікірлер айтқан.  Соның бірі – Абай мен Қыр баласы бір адам деген топшылау. Өзі сөйлесін: «Нельзя ли допустить, что Абай, Кыр баласы и Алихан Букейханов были одним и тем же человеком? Как покажет наша статья, эта гипотеза вполне допустима». Әлихан Абайдың Мағауия деген баласымен құрдас. Екі тұлға қалайша бір адам болмақ? Бұл «гипотезаңа» орысша оқыған ұрпақ, бәлкім, иланар, бірақ көкірегі ояу қазақ баласы оны аулақ серпері сөзсіз, Зәуре ханым! «Дала уалаяты», екінші аты «Киргизская степная газета» деген басылым бетінде жарияланған Абайдың өлеңдері мен Абайға қатысы болуы мүмкін екі мақаланың мән-жайы сөз болғалы қашан.  Мысалға осы жолдардың авторы даярлаған «Абай. Жаңа үлгідегі басылым» деген екі томдық толық жинақта «Дала уалаяты» газетінде кімнің, нені жариялағаны зерттелді, анықталды, осыны айта отырайын.

Зәуре Батаева бүйректен сирақ шығарып, жаңа аталған жалғыз газетке сүйене отырып, «Абай деп жүргеніміз Әлихан Бөкейханов» деген тұжырым жасаған. Осының өзінен-ақ оның абайтану саласында дилетант екені әйгіленіп отыр. Бұл тараудағы сілтеме саны 35-ке жеткен. Олардың дені «Дала уалаяты газетін» шолуға еш қатысы жоқ. Демек, бұл да автордың көзбояушылық, яғни псевдоғылымдық әрекеті.

Келесі тарау – «Ранние источники на русском языке» деген. Автор бірді айтып бірге кетеді, өтірікті шын ету қайдан оңай болсын. Ақыры, мәтіннің орта тұсында 1905 жылы Абай туралы Әлихан жазған некрологқа тоқталған Зәуре ханым мынадай байламға келеді: «Почему в 1905 году Букейханов опубликовал некролог Абая? Один из возможных ответов заключается в том, что после успеха двух стихотворений, опубликованных в «Киргизской степной газете» в 1889 году, Букейханов писал и другие стихи, желал опубликовать книгу этих стихов, но при этом хотел издать их от лица другого человека – того, кто прожил яркую и вызывающую интерес жизнь, но уже покинул этот мир, а значит, ему нельзя будет задать никаких вопросов. ... В 1903 году Букейханов еще не знал настоящего имени Абая, потому что еще не придумал его».

Көріп отырсыздар, Зәуре 1909 жылғы жинақ Абайдікі емес, Әлихандікі деген тоқтамға келген. Сөйтіп, Абай – Әлихан ойлап тапқан мәдени проекті ме? Қайдағы?! Әдебиет зерттеушісінің Американы ашсам деген құлшынысы мен «ғажайып» логикалық қарым-қабілетіне басыңды шайқайсың да қоясың.

Келесі тараудың аты – «Алаш Орда». Батаеваның білуінше, «Абай» атты өлеңдер жинағым жарық көрді деп көңілі орныққан Әлихан, енді саяси проектісін, яғни Алаш Орда қозғалысын ұйымдастыруды қолға алған. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов үшеуі «Қазақ» газетасының үш редакторы болған деп мәлімдейді Зәуре. Бұл жолы да көп жерде басы артық деректерді  тықпалаған. Біз тек Абайдың аудармалары туралы айтқанына ғана кідірейік. Зәуре: «Как мог кто-либо подумать, что их сделал кочевник-казах ХІХ века, чье русское образование составило всего три месяца уроков в церковно-приходской школе?» деп тәржіме ісін де Абайға қимайды. Пәлі, онда кім жасаған? Бұл жайында: «Букейханов и его двое молодых коллег были наиболее вероятными авторами многочисленных стихотворных переложений русской поэзии, вошедших в канон Абая», – деп шімірікпейді-ау Зәуре.

Міне, ащы шектей созылған мақаланың соңғы тарауына да келіп жеттік, оның аты – «Советский период».

Бұл тарауға 1933 жылғы Қызылорда қаласында басылып шыққан Абайдың тұңғыш толық жинағы арқау болған. Бұл жинақтың тарихы, яғни  Мұхтар Әуезовтің оны қандай жағдайда даярлағаны, асыл мұраны жаңа өлеңдермен және қара сөздермен толықтырғаны абайтанушы ғалымдарға әбден мәлім жәйт. Бірақ Зәуре оқырман санасына тек өз қиялынан туған мифтерді сіңдіруді қалаған.  Қара сөздер 1933 жылғы жинақта алғаш рет баспа бетін көрді. Зәуре анау-мынау емес, оларды кім жазған деген мәселені қабырғадан қойған да, оларды 1918-1920 жылдар аралығында Жүсіпбек Аймауытов және басқа да алаш оқығандары жазып шыққан деп сенсациялық жаңалық айтқан. Ал, күрделі де көлемді хакімдік еңбек –  «38-ші қара сөзді» кім жазған екен? Оның да жауабы даяр: «Мягкий, ласковый тон этого текста, и более сотни примечаний, объясняющих исламские понятия, создают впечатление, что этот текст писал мулла». Соңғы сөздерден, шыны керек, шалқамнан түсе жаздадым. Өйткені, бұл туынды – әлемдік теологияның шыңы, оның терең астарына әлі күнге бойлай алмай келеміз. Әй, аңғалдық-ай! Молда жазған деп қойып қалған. Атам қазақ: «Саудың тамағын ішіп, жынды кісінің сөзін сөйлегені несі» дегенді осындайда айтқан сияқты.

Мақала соңы «Қорытынды» деген тараумен тиянақталған. Соған    қарағанда, сөз иесі ұлтқа ауадай қажетті еңбекті жазғандай сезінген сияқты. Өз тарапымнан авторға «Бойыңа біткен дарынды оң бағытқа жұмсай біл!» дей келе, айтпақ бірер ауыз қорытынды пікірім мынау.

Мейірімді жаратушы Иеміз қазақ халқына Абайдай ұстазды берген. Бұл ондаған ұлттарға бұйырмаған сирек бақыт. Сол барды бағалай алмай, ондай ұстаз болған жоқ деп дәлелдеуге тырысу – ақылға қонбайтын құбылыс һәм ұстаз рухына да ауыр жаза. Зәуре ханым жазбасының бір ғана пайдалы жері бар, ол – қазіргі қазақ қоғамы мен Абай арасы жер мен көктей алшақ екенін көрсетті. Сонымен қатар, тілі, танымы бойынша ұлттың екіге жарылғанын сезініп, қазақтың қазақтығы құлдырап, ұлтсыздану процессі шырқау шегіне жеткенін тағы бір аңдадық. Ұлттың рухани тұтастығы үшін абайтануды мектепке, оқу-тәрбие жұмысына шындап енгізу керек. Әйтпесе жоқ. Үйретпесек, тойтарыс бермесек, жаңылыс басқан жастар қатары өздігінен азая қоймасы хақ.

Асан Омаров, зерттеуші.

 

Байланысты жаналықтар

М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (I)

24.12.2021

Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды

06.03.2021

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні

28.09.2020

Батаеваға жапон ғалымының жауабы

30.07.2020
MalimBlocks
М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (I)

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..

Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні

Батаеваға жапон ғалымының жауабы