Әнес Сарай қайтыс болды
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай 83 жасында дүниеден озды.
Әнес Сарай 1937 жылы 21 қарашада Астрахань облысы, Володар ауданы, Құрмалай селосында туған.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Балық аулау кәсіпшілігінде жұмыс істеген. Кеңес Армиясы қатарында болған.
1964–1965 жж. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор (1966), 1967–1971 жж. «Жас Алаш» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі, бөлім меңгерушісі болды. 1971–1982 жж. «Жазушы» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, 1982–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1978–1997 жж. «Жазушы» баспасында Бас редактордың орынбасары, Бас редактор боп істеді. 1998 жылдан шығармашылық жұмыста.
«Мұнарлар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. 1989 жылы орыс тілінде «Қараша айы келгенде» кітабы шықты. «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларының авторы. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Шығармалары: Мұнаралар шақырады. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1969; Қараша өткен соң. А., «Жазушы», 1971; Бозқырау. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1973; Тосқауыл. Роман. А., «Жазушы», 1976; Алтын арал. Роман. А., «Жазушы», 1984; Ақ тымық күн. Роман. А., «Жазушы», 1989; Асылдың сынығы. Роман. А., «Жазушы», 1996; Исатай – Махамбет тарихы, А., 1997; Адайлардың арғы тарихы. Роман. А., 1998.