Бас мүфтидің үндеуі, қынжылысы һәм үміті
Діни басқарма төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, Құрбан айт қарсаңындағы үндеуін жариялады.
«Бүгін күндердің Сұлтаны – қасиетті Жұмада, айлардың ұлығы – Зұлхиджа айында халқымыздың амандығы мен еліміздің игілігі үшін жасап жатқан дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың құзырында осы күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ» деген. Осы күндері Ораза ұстап, садақа беріп, науқастарға дәрі жеткізіп, қараусыз қалған қарттар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға көмектесудің сауабы мол. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдардың сауабын Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей», - деді Наурызбай қажы.
Бас мүфти қасиетті күндер мен айларда адам баласының риясыз жасаған құлшылығы мен дұғасы қабыл болады дейді. «Алланың Әс-Салам – яғни амандық пен Әш-Шафи – шипа беруші көркем есімдерін ұлықтай отырып, дертке шалдыққандардың дертіне шипа сұраймыз. Қайтыс болғандар үшін Алладан рахым, пайғамбардан шапағат сұраймыз. Біз – өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмайық. Қадірлі жамағат! Біз қазір сындарлы сәтте отырмыз. Мұндайда халық даналығы «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе не қалар?» демей ме? Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес үмітке қанат бітірейік. Алдымызда күллі исі мұсылман баласы асыға күткен ұлық мейрам – Құрбан Айт келе жатыр. Айт қарсаңында баршаңызға Алланың амандығы мен жақсылығын тілеймін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, тілшілердің сұрағына жауап берген бас мүфти Шорнақ пен Сәтбаевтағы жағдайға пікірін айтты.
«Кеше ғана тағы да қабырғамызды қайыстыратын, жанымызға бататын жағдайлар жөнінде естіп қалдық. Сатбаев қаласында болған жағдай, Алла сақтасын. Түркістан облысында болған жағдай. Осы тұста біз барынша сабырлық танытайық. Біз – құқықтық мемлекетпіз. Қылмыскерлер жазасын міндетті түрде жазасын заң аясында алатын болады. Тек бұл кезде тәртіп сақтамай, байқамай бір кішкентей жағдайды үлкенге айналдырып алмайық. Осы тұста құқық қорғау органдары да ашық қарап, халыққа шынайы ақпарат берсе деген үмітеміз», - деді ол.
Бас мүфти осы күнге дейін еліміз мемлекет басшысымен бірігіп, қабылданған шешімдерге бойұсынып аман-есен келе жатқанын ерекше айтты.
"Бұл жағдайды да өтеміз. Тек қана рухымыз биік болсын. Өзіміз бен отбасымыздың, бала-шағамыздың, ағайынның амандығын ойлайық. Бұл кез де артта қалады. Отанымыз мәңгілік болуды Алла нәсіп етсін, - деді ол.