Баян Бекетова.  Құс қанатындағы хат 

Баян Бекетованың өлеңдері

Malim Админ

  • 21.06.2021

                

 Құс қанатындағы хат 

Мүлгиді жалғыз қайың да,

Бұлыңғыр қала сай тұман...

Екеуіміз ғана жайында

Тырналар өтті айтып ән.

 

Мен болып саған арнайды ән,

Сары бел, сары атырап,

Сағыныш мұңмен сарғайған

Сыр айтты ма екен жапырақ?

 

Орамал бұлғап қалғанмын,

Шаһарда шаңқан кешіп мұң.

Оралатыныңа алдандым,

Сағынғаныңды есіттім.

 

Күз түскен күзде мұңайып,

Жабырқап жүрген шығарсың,

Сендік сезімім шынайы –

Мойныма таққан тұмарсың.

 

Жырыммен ғана тілдесіп,

Ішіңнен үнсіз тынарсың,

Күйбең тірлікпен күн кешіп,

Байланып жүрген шығарсың.

 

...Айналам қарға қыста мен,

Ақ қарға сырың айтарсың.

Ұшып ең күзде құстармен,

Қаздармен бірге қайтарсың.

 

 

  Өмір – көздің жасы емес

Шексіз сүйдің, сүйгізуді ұйғардың,

Бір төңкеріс жасауға да жиналдың.

Күліп жүріп сенің күйкі кейпіңе,

Өзім жақсы көріп қалып қиналдым.

 

Тәтті сөзің, бал қылығың күнде өсіп,

Кеткен екен көкірегімді шын тесіп,

Биіктеп сен бара жаттың алдымда,

Аймалаған арманымдай шың төсін.

 

Ене бердің жүрегіме жәйімен,

Бұрын сезіп көрмеген де жайым ең.

Содан кейін кетпей қойдың көңілден,

Ақыл айтып, ойларыммен шайып ем.

 

Ене бердің тірлігіме сыналап,

Жатқаным жоқ күстәналап кінәлап.

Өмір жолы – көше жолы емес қой,

Түрегеліп жүре берер құлап ап.

 

Таңданыспен мүлгіп рас тұр алап,

Мені, сені соқпағымен сынамақ.

Жанның жасы  – көздің жасы емес қой,

Орамалмен сүрте салар жылап ап.

 

          ***

Жамандыққа еш пендені қимадым,

Жүрегіме ізгілік гүл жинадым.

Күліп жүріп сенің күйкі кейпіңе,

Өзім жақсы көріп қалып қиналдым.

 

Кетті үйіріп сезім дауыл құйыны,

Шешілместей шиеленген түйіні.

Ештеңе емес, қиналғаның жете алмай,

Өзім сүйіп қалғаным ғой қиыны...

 

Шексіз сүйдің, сүйгізуді ұйғардың,

Бір төңкеріс жасауға да жиналдың.

Күліп жүріп сүйгеніңе соншалық,

Өзім жақсы көріп қалып қиналдым.

 

                    Ақ маржан

                (Көгершін боп кеткенмін)

Қоштасып ек, жанардан жақұт құлап,

Жұбатты кеп ақ жеңге – уақыт бірақ.

Көрінесің көңілді, ал шынында,

Сенен гөрі мен екем бақыттырақ.

 

Тербетілем өлеңім құшағымда,

Бауырыма ып-ыстық қысамын да,

Тереңдерге сүңгимін қарсы ағамын,

Ерік бермей екпінді күш-ағынға,

 

Тұнығы бар көзімде таза мұңның,

Сезбеймін де не екенін азабыңның,

Көгершін боп көңілім алып ұшар,

Аспанымен бұлбұл бақ-базарының.

 

Бар асылым,

Қимасым, жанашырым.

Дара сырың-

Тұп-тұнық қарашығың.

Сенің сырлы сәтіңді аңсадым ғой,

Тағынғанда ақ маржан дала шығын.

 

Сені іздедім,

Алыссың, неге іздедім,

Сүйем сені, сүйемін, дегізгенің.

Дәл қазіргі сәттегі сағынышым –

Дауыл күнгі толқыған теңіз менің!

 

***

Жаныма тағы мұң сіңді,

Бал сәтім неге тез өтті?

Сен кеттің, күнім, күрсіндім,

Бір сезім өртеп өзекті.

 

Гүл сезім еді алғашқы,

Кеудені шоқтай күйдірген.

Өзгені сүйе алмаспын,

Сүйген де жоқ ем, сүйдірген.

 

Желменен ұшып барады, ал,

Өзің сыйлаған орамал.

Белгісі еді сезімнің,

Орамалымды орап ал.

 

 

 Ойымда түрлі жорамал...

 

 

 Қыздың жолы

Қиялымның бағында  гүл тұнады,

Жүрегімнің түбінде  мұң тұнады.

Өлең - құсым биікке ұмтылады,

Бөленерміз бақытқа мүмкін әлі.

 

Бір асау  үн бой қысып тұншығады,

Бүйрегімді тепкілеп бұлқынады.

Ауырды ма, бір жері бала жылап,

Көз ілдірмей түнімен тыншымады.

 

Қылаң беріп қалар деп, аппақ таңым,

Сарайыма селкеу ой аттатпадым.

Қыздың жолы жіңішке бола тұрып,

Арманымды озбырға таптатпадым.

 

Бесік жырын күбірлеп, тақпақтадым,

 ...Арманымды аялар аппақ қарым,

Қолымдағы қаламды қысып ұстап,

Жазуымды бәрібір тоқтатпадым.

 

Қыздың жолы тек қана қызға айғақ.

Тек жіңішке емес-ау мұздай тайғақ,

Қыздың жолы сәл кеңдеу болғанда ғой,

Күнді ұстап тұрар ем, қолым күйіп,

Жетер ме едім, Айға да бір-ақ аттап.

 

               Махаббат – алау 

Желкенін жайып арманның,

Мұңайдым, теңіз – жағаңда...

Тынышын алып таңдардың,

Махаббат әнін  салам ба?

 

Тең келмей ешбір жан саған,

Тербейді  гүл-бақ бесігі.

Екеуіміз ғана аңсаған, 

Ашылып  бақыт  есігі.

 

Түнегін  түріп  жалғанның,

Махаббат –алау  жағам да.

Сен барсың және мен бармын...!

Айналған  шексіз ғаламда...

 

Ашпайды ақ гүл бүршіксіз,

Ақ маржан шыққа  жуынбай.

Мөлдірім,  жаным, кіршіксіз,

Саф таза бұлақ суындай.

 

Сүйгеннен сені –  санам да,

Биіктеп кеткем,  заңғармын...

Мәңгілік  шексіз ғаламда  -

Сен барсың және мен бармын...!

 

 

 Бақыт вальсі

Ризамын сенің барыңа,

Кездестің бақыт –  бағыма.

Дақ түспей аппақ арыңа,

Айналдың менің жарыма.

 

Көңілім ұшты көгімде,

Жаныммен жаным егіздей,

Тәтті боп кетті өмір де,

Шалқыдым толқып теңіздей.

 

Өзің болған соң, жанымда,

Қуанды жүрек жарыла,

Балдан да тәтті сезіммен,

Тағы да сүйші тағы да.

 

Жұбатты уақыт жеңгемдей,

Махаббат бәрін жеңгендей.

Жанымда жүрсең, жарқылдап -

Төрт дүнием түгелденгендей!.

 

 Қоңыр кептер

Тереземе кеп қонды қоңыр кептер,

Күз күні еді, суыққа тоңып кеткен.

Дір-дір қағып, су болған қанаттарын,

Көздері де мұңды екен шөміп кеткен.

 

Тереземді аштым да оймен келіп,

Жем тастадым жақтауға жәймен келіп.

Кептерлерім көбейді ұшып келіп,

Жемді жеуге тезірек жәрдем беріп.

 

...Көзалдыма келеді кептер-күнім,

Іштей тоңып, мұң-шерді шеккен күнім.

Тоты құстай  телмірген  терезеден,

Ұшып алыс кептердей кеткен күнім.

 

Қанаттарым қалтырап қырау қатып,

Ақ моншақты кірпікте бір аунатып.

...Қараңғылық түсетін қоюланып,

Қар жауатын қалаға қылаулатып.

 

Төрт қабырға,  терезе телміргенім... 

Бірін ол кез ешкімге  сездірмедім.

Қас қарайып кеткенше жол қараймыз,

Күліп келіп есіктен... сен кірмедің.

 

... Бір нәрсені бала да білердейін,

Шырылдайтын түндікті түрердейін.

Қараңғылық қарайтын қорқыныш боп,

Терезеден сығалап үрейдейін.

 

Кеш ұзарып кететін қас қылғандай,

...Жүрек қағып, қандағы тасқын қандай.

Бала уанып, ұйықтайтын кешке таман,

Қап- қара түн түсетін басқа ұрғандай.

 

... Бүгін күнге  көпір сап өте нық бір,

Қоңыр күндер жолымды көтеріп тұр,

Кептер – күндер күйзелткен сол кездегі,

Өлеңменен орының өтеліп тұр!

 

***

Тас қараңғы қап-қара орман қандай,

Көкірегі сәулесіз жандар қандай?

Кешіріммен қарасам, пенделікке,

Бір үмітім сезінем, жалғанғандай.

 

Кешіре алмай қалған кез – «тілкем» күнім,

Жүрек жасын амалсыз іркем бүгін.

Кешіріммен қараймын кішілерге,

Үлкендігім, қайда деп, білгендігім...

 

Білместікпен кезігем күнде-күнде,

Тоғышарлар тоңмойын мүлде-мүлде...

Кесірлікпен «кеңесем», жаным ашып,

Кешіріммен қараймын білмегенге.

 

Ал, біреулер бұлдайды көк бақырын,

Алтыннан деп, әуелі  ат тақырым.

Ақын қызы атаусыз кете барған...

Бөтен бір ел, қадірлеп, жатты ақынын.

 

Пенделігі пенденің масайрап тұр –

Жабайы аттай жүгенсіз асау боп тұр,

Өлеңімнің жанына кірбең түсіп,

Дүниенің жанары жасаурап тұр,

 

 

Бақытымды іздегем

Жараңды кештеу жазбақ кім?

Сезім боп жанып, маздаппын.

Бақытымды іздеп жүріп мен,

Бақытсыз бола жаздаппын.

 

Сүсыма сөзге еріппін,

Аңқаулау кезім, сеніппін!

Толғанып кейін толғап ап,

Соңынан барып соны ұқтым.

 

Жүріппін бекер өкпелеп,

...Сана мен сезім жекпе-жек.

Бәрін де бәрін ұғындым,

Өмірмен келіп бетпе-бет.

 

Еркелік екен  бұрынғы,

Мұңыңнан жүрек тілінді.

Тамыры терең әріде,

Енді ұқтым, о, мұң, сырыңды.

 

Шындықты ащы қозғаппын,

Өлеңнің  шоғын маздаттым.

Жылынам, Өмір, деп жүріп,                            

Отыңа күйе жаздаппын.