Ерлан НҰРДЫХАНҰЛЫ. Ей, Еркіндік дауысы, сені ұмыту мүмкін бе?!.

Malim Админ

  • 06.08.2021

Ымырттың майыстырып жас бұтағын,

Қыз көрдім қызыл жіпке аспақталған...

Кім оны зәу биікке бастап барған?

Жаутаң көз бір сауалға жауап іздеп,

Ей, тағдыр! Сығалаймын тас қақпаңнан.

 

Ар жағы тас қақпаның тас қараңғы,

Апыр-ау, қайда кеткен аспан әлгі?..

Қармалап қараңғылықтан нені іздеп жүр,

Арбиған қолдарымен аш тораңғы?..

 

Тораңғы

құлазыған құр денесі!

Ол дағы жоғалтқандай бірдемесін...

Әнеки, тамырынан тамшылап тұр,

Тәкаппар ғасырлардың нұрлы елесі.

 

Ол менің аласұрған ақыл-есім,

Бүрлеген түнмен бірге ақын осы.

Бұрымы бұлтқа айналып өлген қыздың,

Найзағай жанарымды жатыр осып.

 

Ақыры табыса алмай Таң – жігітпен,

Елесі кетті сіңіп мәңгілікке.

Сол қыздың соңғы сөзін ақиқаттап,

Ғарыштан жалғыз тамшы тамды нүкте...

 

***

Білмеймін,

Жоғалту ма, бостандық па?

Сақтаймын бір мұңымды ес-сандықта.

Жылайды ол. Әр таң сайын құлдық ұрып,

Ішімде жасырынған астамдыққа.

 

Жылайды ол самайына қырау қонып,

Сұрайды бір еркіндік!

Мың әуре қып,

Кеңдікке, кеңістікке кеткісі бар,

Тырнадан тамшылаған тырауға еріп.

 

Мен оны мәпелеймін.

Дегенменен,

Сондай бір үнсіздік бар тереңдеген.

Тек соған тіл қатысып алары анық,

Көз жасын ақ қағазға төгерде өлең.

 

Білмеймін.

Шындығы ма, әзілі ме,

Ғұмырдың күзге айналған жазы, міне!

Елесін сол мұңымның байқай берем,

Асығыс ағын судың әжімінен.

 

***

Шаршаған мезгіл құсы сынық қанат,

Сары қурай сақалына жұмыртқалап,

Елесі ертеңімнің жылап отыр,

Тыныштық нәрестесін ымыртқа орап.

 

Қаймағын қара судың Ай жалаған,

Жирен күз кісінейді айналадан.

Ақ жолақ аққан жұлдыз сияқты бір,

Мұңлы сөз таңдайымнан тайғанаған.

 

Бәлкім, бұл Ауырлаған түс салмағы,

(Тәрізді арда Алтайдың қысқы орманы).

Қыраулы бір бұтақтан қанат қағып,

Түйсіктің түкпірінде құс самғады.

 

Ойлаймын: мекені не осы құстың?

Қанаты қандай жеңіл.

Асығыс тым!

Мен құстың қанатына хат байладым,

Қайғысын қас-қағымның ғасыр ішті...

 

ҚҰМ ӘУЕНІ

Жалғыздықтың жанарында,

Жалғыз ғана досы – мұң.

Қыш кітаптың парағындай,

Ойға толы осы құм.

 

Зілдей ауыр жым-жырт.

Сүрен

Құлақты үңгіп өтеді.

Қылыш жүзіндей қызыл сілем,

Мезгілдердің мекені.

 

Түпсіз шүңет иірімдей,

Құм көзінде бір мұң бар.

Торы айғырдың үйіріндей,

Тораңғылдар, жыңғылдар...

 

Сол үйірдің көңілімде,

Кісінеген дауысы.

Бара жатыр өмірім де,

Басқа әуенге ауысып.

 

СЕРГЕЛДЕҢ

Аймалап Ай, Күн иіскеген бұрымын,

Аспан қызы! Қайда сенің нұр үнің?..

Ойға шомып отыр, әне, Жалғыздық,

Үнсіз ұрттап шегірткелер шырылын.

 

Қараңғылық – қара теңіз толқыны,

Елесіңді кетті ағызып сол түні.

Аяғыма оралады, мінеки,

Ақ жыландай жорғалаған жол тірі.

 

Елесіңді сағынамын, зарығып...

(Жан дүниемде жанартаулар жарылып).

Ғарық болған тас түнекке тамшылап,

Ғарыштағы қалалардың жарығы.

 

Ғарыштағы қалалардың жарығын,

Жанарыма тамыза көр, Тәңірім!

Жым-жырттық та құлазыған бір әлем,

Менің көзім – жұлдыздардың қабірі.

 

ШЕРЛІ   ТОЛҚЫН

 Жағаны толқын құшақтап,

Шалқалай барып құлайды.

Жүрегін қайғы пышақтап,

Ебіл де дебіл жылайды.

 

Сол үшін ғана туғандай,

Шертеді шемен шері-мұң.

Ағарған шашы дудардай,

Жауыпты бетін сорлының.

 

О, неткен сезім қайтпаған,

Жағаға қанша бас ұрды!?.

Жаралы толқын айтқан ән,

Мұңайтқан талай ғасырды.

 

Менің де көңіл ғазалым,

Аумайды-ау, сірә, дәл содан –

Арқалап сүю азабын,

Сағынумен шаршаған.

 

ТАҒДЫР

 

Бүршік атып қар гүлі, ағарады самайым,

Міне, осылай әр күнім, тағдырым сол, ағайын...

Арқалаған жұмбағым сұлу әрі зіл батпан,

Шақырады ым қағып, мезгіл мені бір жаққа.

Шығамын да ажалдың, алақанынан сытылып,

Аранына ғазалдың кете барам жұтылып.

Ал, арқандап ол мені түннің бір тал шашына,

Көз жасымды жерледі көктем қыздың қасына.

Содан бастап жалғыздық жанарымда мекендеп,

Жапырақ жайып жалбыз-мұң, тамыр тартқан шекемде.

Сұлу азап – осында.

Тым үрейлі үйлесім!

Шайтани бұл ғасырда шайырға тән күй кешу

Мүмкін бе екен?

Ол, сірә, ең ақырғы адасу,

Жұлдыздардан жол сұрап, бар ғаламға бал ашу.

Таңдайына тау-шыңның тым қиялшаң түс тамып,

Бесінші бір маусымның бебеулейді құстары...

Таңмен бірге сенің де ағарды ма самайың,

Жасылдансын жан дүниең, түннің нілін жағайын.

Көзіңдегі теңіздер құмға сіңіп жатқанда,

Мезгілдерден мені ізде,

Ей, адасқақ ағайын!

 

ТАС   КІТАП

Маңдай тұстан жұлдыз болып ақса күз,

Азу тісін ақситады қасқа күз.

Сондай ауыр үнсіздікпен үндескен,

Ескі мазар үлгісіндей тастағы із.

 

Әр парағын ашып қалсаң ой арнау,

Тағылым бар және азырақ қая бар.

Басқа тілде адамзатқа сөйлеп тұр,

Тас бетінде мекендеген бояулар.

 

Сүйемін сол әлмисақтың үлгісін,

Үнсіздіктен сезінемін тіл күшін.

Ертіп келе жатады олар көктемді,

Бастап бара жатады һам жыл құсын.

 

Сәл мұңлылау дала әлдиі, ақ бұлақ,

Барды, әне, боз құлындай шапқылап.

Жас бұтақтың қимылындай жеп-жеңіл,

Қарт ағаштың қабығынан қаттырақ.

 

Ашық оттың қасиетімен гүлдеген,

Кетем сіңіп сонау жым-жырт түнге мен.

Соңғы күздің жаңбырындай зілмауыр,

Тас кітаптың тағдырындай мұңлы өлең.

 

 

БІР ӨЛЕҢНІҢ ӨЛІМІ

Мұң шертеді ғасырға,

Бұтағынан шоқ тамып.

Түн ағашы.

Басында

Отырған кім от жағып.

 

Тіл үйірген тірі үміт,

Самсып сансыз бұтақтан:

Жұлдыздардың шырыны,

Нұрға айналып, сүт аққан...

 

Оның мәнін сезер ме,

Махаббатсыз маңдайлар!..

Тайғанақтап сөз өлген,

Тасқа айналған таңдайда!

 

Ішсе де ажал тауысып,

Мұртын малып бұл түнге.

Ей, Еркіндік дауысы,

Сені ұмыту мүмкін бе?!.

 

Жалғыз жырым бар еді,

Жалғыздығым хақында.

Тым алыстан ал оны,

Сенің үнің шақырған.

 

Аспандағы бұтаққа,

Өлді, әнеки, асылып.

Алдымдағы кітапта,

Жасы жатыр шашылып.