«Жалдамалы әскер жанын салып соғыспайды». Рыбакина туралы жанкүйерлер не ойлайды?
Жанкүйерлер Елена Рыбакинаның денсаулығына немқұрайлы қарауы кәсібилік емес деп санайды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Париж олимпиадасында бақ сынаудан бас тартқаны көпшіліктің ренішін туғызғаны рас. Рыбакина бронхит себеп төртжылдықтың бас додасына қатыса алмайтыны айтылған. Кеше Еленаның өзі мәселенің мән-жайын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Мен командамен бірге белсенді дайындалдып, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқаттанып қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды. Барлық қазақстандық жанкүйерлерден ақталмаған үміттеріңіз үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс жасағанмын және медаль алғым келді, - деді ол.
Бірақ бұл сөздердің өзі жанкүйерлердің ашуын тарқата алмаған тәрізді. Азаматтықтан айыру керек дегендер әлі де райынан қайтпаған. Бұдан бөлек видеоның астында маңызды аламанның алдында денсаулығына осыншалықты немқұрайлы қарау кәсібилік емес дегенді алға тартып жатыр.
Мысалы, танымал кәсіпкер Қуаныш Шонбай теннисші өзге елде туып-өскендіктен, Қазақстанға тек клуб ретінде қарастырды дегенді алға тартты.
Лена, мен сенің тұрақты жанкүйеріңмін. Барлық ойыныңды көріп жүретінмін. Ауырып тұрып жарысқа қатыс деген ешкім жоқ. Бірақ Олимпиада ойындары алдында денсаулығыңа салғырт қарағаның елдің мүддесіне немқұрайлылық секілді көрінді. Үлкен дулыға немесе Мастерстер алдында да денсаулығыңа дәл осылай немқұрайлықпен қарады деп ойламаймын. Себебі сен әлемдік деңгейдегі спортшысың. Сені түсінемін. Сен бұл елде туып-өскен жоқсың, сондықтан жанкүйерлерді қуантуды міндетім деп санамайтын да шығарсың, - деді Шонбай.
Кәсіпкер бұл жағдайда легионерлерге сенім артып қана отырған федерацияны түсінбейтінін айтты.
Тағы бір оқырман бұдан былай легионер спортшыларға жанкүйер болмайтынын алға тартқан.
Алда АҚШ ашық біріншілігі. Бұл ел намысын қорғағаннан гөрі артық қой, - деді ол.
Ал журналист Аслан Қаженов «Жалдамалы әскер жанын салып соғыспайды» дегенді мысалға келтірді.
Еленаны өліп тұрып қорғап, керісінше, мені жерден алып, жерге салатын жанкүйерлері не айтады екен. Жарайды. Сауығып кетсін. Өзіміздің қыздар мен жігіттер-ақ сол есені қайтарып, алтынды топырлатып алады. Атам қазақ бекер айтпаған ғой. Жалдамалы әскер жанын салып соғыспайды деп. Осыны қашан түйсігімізге түсіп, тиісті қорытынды шығарамыз? - дейді журналист.
Тағы бір оқырман спортшының да, федерацияның да тек даудан соң түсініктеме беріп жатқанына ашуланды.
Біздің теннистегі басты жұлдымыз жарысқа бір күн қалғанда қатыспайтынын белгілі болып жатса, мұны алдын ала айтуға болмас па еді?! Қаншама үміт арттық, сендік. Одан қалды Путинцева да қатыспай қойды. Қалай болғанда да сауығып кет! Коммерциялық турнирлерде сәттілік. Олар төрт жылда бір болатын Олимпиада емес қой, - деді ол.
Әрине, пікір білдіргендер арасында Еленаны жақтағандар да аз емес. Ешбір турнир денсаулықты тәуекелге тігуге тұрмайды деп санайды олар. Рас, Рыбакинаға да, басқа спортшыларға да денсаулығыңды бәске тік деп айту дұрыс емес. Бірақ маңызды аламанда медаль ғана емес, алтын алады деп үміт артқан, жолына қараған спортшының соңғы сәтке дейін үнсіз қалуы шынымен де жанкүйерге ауыр тиді.
Фото: instagram.com/lenarybakina