Белгілі спортшы Абзал Әжіғалиев туған ауылында құрметке бөленді. Қысқы Олимпиада ойындарына бірнеше мәрте қатысқан даңқты шорт-трекшіге жерлестері ат мінгізіп, айрықша сый-құрмет көрсеткен, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл қуанышты жаңалығын спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Туған ауылыма барып, үлкен сыйға ие болдым — ат мінгізді. Рақмет, ағайын», - деп жазды ол.
Абзал Әжіғалиев Қазақстан шорт-трегінің шоқтығы биік өкілдерінің бірі. Ол 2014 жылы Сочи, 2018 жылы Пхёнчхан, 2022 жылы Бейжің және 2026 жылы Милан–Кортина Олимпиадасында ел намысын қорғады. Осылайша, төрт бірдей Қысқы Олимпиадаға қатысқан санаулы қазақстандық спортшылардың қатарына енген болатын.
Тәжірибелі спортшы халықаралық аренада да тарихи жетістіктерге жетті. 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта топ жарып, Қазақстан шорт-трек тарихындағы Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен алғашқы спортшы атанды. Бүгінде ол Әлем кубогы кезеңдерінде бірнеше рет жүлде алған еліміздің ең табысты шорт-трекшілерінің бірі саналады.
2026 жылғы Қысқы Олимпиадада Абзал 500 метр қашықтықта ширек финалға дейін жетіп, жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көп жылдан бері ұлттық құраманың көшбасшысы ретінде жас спортшыларға үлгі болып келе жатқан ол өзінің табандылығы мен кәсібилігінің арқасында Қазақстан шорт-трегінің дамуына зор үлес қосып келеді.