Қазақтың тұңғыш академигі – Қаныш Сәтбаев

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог ғалым, Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті, әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Баянауыл ауданында дүниеге келіп, 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу қаласында қайтыс болды. Ол Совет одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалады.

Malim Админ

  • 10.09.2024

Атасы Имантай би болған, дәулетті кісі еді. Қаныш дүниеге келгенде оған Ғабдул-Ғани деген есім беріледі. Кейіг үлкендер еркелетіп, Қаныш атап кеткен. Сауаты ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Семейде ол Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов танысып, дос-жар болады. Ал ақын, философ Шәкәрім Құдайбердімен танысуы оның өмір туралы көзқарасына ықпал етеді. Ақыг шығармаларын сүйіп оқып, өзіне ұстаз тұтады. Осы кезден бастап «Алаш» партиясының өзегін түсініп, оның жұмысына қолдау білдіреді.  

Ол қызметке ерте араласты. 1920-1941 жылдары  Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. Қарсақбай мыс кенін алғаш тапқан да осы Қаныш Сәтбаев болатын. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болды.

1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарды.

Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Ғұлама ғалым Ұлытау өңіріндегі басты-басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, оларды өндіруге ықпал етті.

Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі болды.

Сәтбаев ғылымда көптеген жаңалықтар ашты. Сондай-ақ, қазақ ғалымдарының өнімді еңбек етуіне зор ықпал етті. Оның жақсылығын көрген қазақстандық ғалымдар өте көп.