Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасына қатысты іс бойынша қайта тыңдау өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Бокс федерация президенті Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желіде жариялады.
Оның айтуынша, Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізді.
"Жария кеңістікте кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының оң нәтижелері және іс бойынша тыңдаулар талқыланып жатқандықтан, түсіндірме беруді қажет деп санаймын.
Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының Тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізді, оның мақсаты — асығыс қорытынды шығару емес, материалдар мен рәсімдерге бастапқы бағалау жүргізу болды.
Осы кезеңнің өзінде-ақ істі формалды түрде қарастыру мүмкін еместігі және қосымша медициналық, сараптамалық әрі құқықтық бағалау қажет екені анықталды. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындау туралы шешім қабылданды — бұл күрделі допинг істерінде халықаралық деңгейде қолданылатын стандартты тәжірибе.
Назар аударамын: допинг-сынамасының оң нәтижесі өздігінен спортшының қасақана әрекетін немесе елеулі кінәсін дәлелдемейді. Комиссия істі халықаралық спорт құқығында танылған No Significant Fault or Negligence(елеулі кінә немесе салғырттықтың болмауы) қағидатын ескере отырып қарайды.
Барлық рәсімдер толық аяқталғанға дейін комиссия түпкілікті қорытынды жасаудан бас тартады. Барлық шешімдер тек фактілер негізінде, әділдік қағидаттары мен халықаралық стандарттарды сақтай отырып қабылданады.
Қайта тыңдау — 23 қаңтар", - деді Рахымжан Ерденбеков.