Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жәнібек Әлімханұлының жағдайы белгілі болды

Спорт
Жәнібек Әлімханұлының жағдайы белгілі болды
Фото: instagram.com/proboxingkaz_official

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасап, B сынамасының ашылуы мен талдануы істің тағдырына тікелей әсер ететін шешуші кезең екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz 1bol сайтына сілтеме жасап.

Федерацияның хабарлауынша, бұл процесс спортшының мансабына ғана емес, іске қатысы бар барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге негіз болады.

«Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша B сынамасын ашу - заңдық тұрғыдан шешуші кезең. Бұл тек спортшының мансабына емес, іске қатысушы барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге тікелей әсер етеді», - делінген ресми мәлімдемеде.

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы халықаралық спорт құқығының негізгі қағидаттарын қатаң ұстанатынын атап өтті. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы, процестік адалдық және бекітілген регламенттердің сақталуы басты орында.

«B сынамасының ресми нәтижелері алынғанға дейін спортшы заңды түрде кінәсіз болып саналады. Айыптаушы сипаттағы кез келген жария мәлімдемелерді біз процестің әділдігіне қысым көрсету және спортшының құқықтарын бұзу деп есептейміз», - деп мәлімдеді федерация.

Сондай-ақ ведомство B сынамасының ашылуы мен талдануы халықаралық талаптарға толық сәйкес жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Федерация спортшы мен оның өкілдері процестің барлық кезеңдері мен нәтижелеріне толық қол жеткізуі қажет екенін алға тартты.

«Регламенттен кез келген ауытқу нәтижелердің жарамсыз деп танылуына негіз болуы мүмкін», - деп ескертті ұйым өкілдері.

Федерация Жәнібек Әлімханұлын қорғауды өз міндеті санайтынын жеткізді.

«Федерация Жәнібек Әлімханұлын тіркелген кәсіби боксшы ретінде қорғауды жүзеге асырады және оның құқықтары мен беделін қорғау үшін барлық заңды тетіктерді қолданады», - делінген мәлімдемеде.

B сынамасы таза деп танылған жағдайда, федерация барлық айыптауларды ресми түрде алып тастауды және спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді талап ететінін де ашық айтты.

«B сынамасы таза деп танылған жағдайда, біз барлық айыптауларды ресми түрде алып тастауды, спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді және іс барысында жіберілген әрекеттерге құқықтық баға беруді талап етеміз», - деді ұйым.

Ал егер заң бұзушылықтар дәлелді түрде анықталса, федерация тиісті шешімдер регламент аясында қабылданатынын атап өтті.

Мәлімдеме соңында ұйым бұл мәселеде эмоцияға емес, құқыққа сүйену керектігін қадап айтты.

«Бастысы - эмоция емес, құқық. Тек заңға сай алынған B сынамасының нәтижесі ғана қорытынды жасауға негіз бола алады», - деп түйіндеді федерация.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу