Тышқан қаптаған Махамбет ауданында мектеп пен балабақша жабылды, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz пен ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облысы Махамбет ауданында тышқан қаптап, мектептер мен балабақшалар жабылды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген тұрғындар шошып отыр. Жұртта індет тарап кете ме деген үрей басым. Қауіпті кесел жұқтыратын кеміргіштерді тұрғындар күні-түні өз бетінше ұстап алып, іле-шала өртеп жатыр.
"Масқара болып жатырмыз. Оншақты күн болды. Тышқан қаптады. Шарбағымыз тышқанға толы, үйіміз тышқанға толы. Мысық та жеп үлгермей жатыр. Улы қағаз да жабыстырып, у да салып жатырмыз, дезинфекция жасап жатырмыз. Бұл енді эпидемияға алып келсе, оған кім жауап береді?!" - деді Салтанат Қадрахманова.
Тышқанның жағымсыз иісімен тыныстау да мүмкін емес дейді жұрт. Мысықтың өзі оларға мойын бұрмай қалыпты. Қаптаған кеміргіштер бір түнде үйден шыққан дейді. Осылай аулап, өзі алысып жатыр. Сағат сайын жәшікке жинап, өртеп жатыр.
Кеміргіштердің кесірінен өңірде екі мектеп, екі балабақша уақытша жабылған. Өйткені бұл ғимараттарда да тышқан көбейген. 19 қарашадан бері балалар қашықтан оқуға жіберіліпті.
"Бейбарыс ауыл округінде кеміргіш көбейіп кетуіне байланысты округтегі екі мектеп қашықтан оқытуға көшірілді, екі балабақша жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл 19 қарашадан бастап, 20 қараша күні кеміргіштерді улай бастадық. Ғимараттардың іші-сыртын улап, жауып тастап отырмыз. Бұл схема бойынша бір аптаға созылады", - дейді Махамбет ауданы білім беру бөлімінің басшысы Венера Қабышова.
Мамандар тышқандардан сынама алып, ауру белгісі жоқ депті. Ал округ әкімі тышқандар ауылдың бәрінде емес, суға жақын, яғни шет жақтағы үйлерде көп деп отыр. Даланы түгел улай алмаймыз дейді. Ондай шара тек ауру шығып, карантинге жабылғанда ғана жасалады екен.
"Обаға қарсы қызмет арнайы дәрі жасақтап берді. Бүгін ғана қолымызға берді. Оны біз тұрғындарға таратамыз. Қазір ауру шыққан жоқ. Сондықтан ауыл айналасын улай алмаймыз. Егер улайтын жағдайда ауыл түгел карантинге жабылу керек", - деді Бейбарыс ауыл окуругінің әкімі Сейілбек Зұлхашов.
Шенеуніктер кеміргіштерге қарсы бидайға аралас дәріні әр тұрғынның өз жауапкершілігіне беретінін айтты.