Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 10 жылдан астам уақыт №81 Astana English School мектебін басқарған 65 жастағы Гүлнар Садықова мен 41 жастағы бас бухгалтер Айжан Атжановаға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.
“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, елордадағы №81 мектептің директоры мен бас бухгалтері білім ордасын жеке бизнесіне айналдырып, мемлекетке шамамен 600 миллион теңге көлемінде залал келтірген.
Тергеу мәліметінше, бірнеше жыл ішінде басшы мен оның қарамағындағы қызметкер мемлекеттік мекеме арқылы табыс табудың тұтас жүйесін құрған.
Мектеп директоры мен есепші бірігіп, жоқ қызметкерлерге жалақы төлеген. Мектепте ресми түрде алты қызметкер тіркелгенімен, олар іс жүзінде жұмыс істемейді. Іс материалдарына сәйкес, олардың жалақысын директор алып отырған. Бұл сома 28 миллион теңгеден асқан.
Бұдан бөлек, мектептің мектепке дейінгі білім беруге рұқсаты болмаса да, даярлық сыныптар ашып, балаларды оқытқан. Бұл үшін ата-аналардан тек қолма-қол ақша алынған. Осы бойынша келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асқан.
Жазғы лагерьлер де осыған ұқсас тәсілмен жұмыс істеген, яғни тиісті құжат болмаған және төлемдер қолма-қол қабылданған. Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, айыпталушылар бұл арқылы кемінде 24 миллион теңге табыс тапқан.
Сондай-ақ мектеп директоры шетелдік мұғалімдерді жоғары жалақымен жұмысқа шақырған. Тергеу дерегіне сәйкес, бөлінген қаржының бір бөлігі мектеп басшысының қалтасына түскен. Әңгіме шамамен 70-75 миллион теңге қаржы туралы болып отыр. Ал сот нұсқасы бойынша, бас бухгалтер Атжанованың да алаяқтық әрекеттерге қатысы бар. Оның шоттары арқылы 175 миллион теңгеге жуық қаражат өткен.
Сотта екі айыпталушы да кінәсін жартылай мойындады. Олар даярлық сыныптар мен лагерьлерден түскен қаражат мектептің қажетіне, соның ішінде ғимараттың ішкі жөндеуіне жұмсалғанын айтты.
Судья Әсел Мукушева СадыҚова мен Атжанованы бюджет қаражатын жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп тапты.
Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан 500 шаршы метрлік зәулім үй, 10 қымбат сөмке және көп мөлшердегі зергерлік бұйымдар тәркіленді. Айжан Атжанова 7 жылға сотталып, автокөлігі пен коммерциялық нысан алынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.