Ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдері

Мұзафар Әлімбаев (1923-2017) – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер шоғырының бірі.

Malim Админ

  • 07.10.2024

МІНӘЖАТ

Тұманынан шаңқан күні көп Дүние!
Сараңдығынан дархандығы көп Дүние!
Иттігінен игілігі көп Дүние!
Күйігінен сүйгілігі көп Дүние!
Мен қадырыңды аз біліппін,
Білместіктен жазғырыппын...
Кешір! Кешір аңқауыңды!
Шарлағам жоқ бар тауыңды,
Түгел сүзіп орманыңды.
Өтпедім бар жолдарыңды...

 

ТАЛ КЕСТІМ

Тал кестім, алайын деп таяқ жонып,
Таяқ тал себі тиер, аяқ болып.
Ойдың бір үзігіндей әлгі таяқ,
Аршыдым, күрең түске алдым бояп.
Өмірім, өксітпесін зая кетіп,
Келемін кемел ойды таяқ етіп.
Бастай алмай дағдарсаң өмір кешін,
Астан-кестен бұзылса көңіп қошың.
Аямайды ақылын осындайда
Тірі досың түгілі, өлі досың.
Қиналғанда досыңнан, ақыл сұра,
Жан досыңнан кімің бар жақын, сірә?!
Өзім білем дейтіндер опық жегіш,
Өзің қалай - шындыққа жақынсың ба?!

 

ХАТТАР

Хат - алаңқай, адамдар жолығысар,
Бірін-бірі құттықтап, қолын қысар.
Хат та - майдан, пікірлер шайқасатын
Өмір күшін байыптап байқасатын.
Хат жазба, дос, жан-жүрек тебіренбей,
Қуант бізді өз төбең көрінгендей.
Хат жаз, қуант, жұмаққа шақырғандай
Көңілдерге алтын таң атырғандай.
Хат - бүгіштің елгезек көгершіні,
Хат - ертеңнің шүбәсіз сенер шыны.

 

ЖАҢҒЫРЫҚ

Тауға бардым, ән салдым,
Ашық екен дауысым.
Өзім естіп, тамсандым:
Жаңғырықты тау іші.
Айналаны ән қылып,
Тұрды естіліп жаңғырық.
Құлап түсіп, жыладым,
Қатты шықты дауысым.
Шалды кенет құлағым:
Жаңғырықты тау іші.
Айналаны даң қылып,
Тұрды естіліп жаңғырық.
Күн өрмелеп ақ шыңға,
Талай таңдар атады.
Жаманың да, жақсың да
Жаңғырығып жатады…
Жақсылықтан жаңғырық
Жаңғырықсын мәңгілік!

 

АРУДЫҢ ДАРУЫ

Балдан тәтті, балдан тәтті шекер қыз!
Демесекте «біліспеген бөтенбіз».
Кездесіппіз, кездесіппіз бекер біз,
Көрсетпесең қара тастай қаттылық,
Бірдеңені бүлдіруші ек екеуміз.
Көрсетпесең қара тастай қаттылық,
Бірдеңені бүлдіруші ек екеуміз.
Сиқыр сезім қазанында жалынның
Жас бойжеткен, кешсе дағы жаның мұң,
Ұзай көрме ауласынан сабырдың.
Кей кездегі қаттылығы арудың –
Жігіт үшін нағыз өзі дарудың.
Кей кездегі жұмсақтығы арудың –
Жігіт үшін сылтау болар барудың.
Махаббаттың бақытынан үміткер
Мәжнүн сынды елти сүйген жігіттер!
Көңілдерді кеулемесін күдіктер
Кей кездегі қаттылығы арудың –
Жігіт үшін нағыз өзі дарудың.
Кей кездегі жұмсақтығы арудың –
Жігіт үшін сылтау болар барудың.