Ресей мен АҚШ сотталғандарды алмасу бойынша бірнеше адамды түрмеден босатты
Президент Байден мақұлдаған алмасу барысында Ресейде түрмеде отырған журналист Эван Гершкович пен Алсу Құрмашева, саясаткер Владимир Қара-Мырза және теңіз жаяу әскерінде бұрын қызмет еткен Пол Уилан бостандыққа шыққан.
АҚШ пен Ресей сотталғандар бойынша айырбастау жүргізуді мақұлдады. Президент Байден мақұлдаған алмасу барысында Ресейде түрмеде отырған журналист Эван Гершкович пен Алсу Құрмашева, саясаткер Владимир Қара-Мырза және теңіз жаяу әскерінде бұрын қызмет еткен Пол Уилан бостандыққа шыққан. Джо Байденнің сөзінше, екіжақты келісім аясында АҚШ түрмесінен 16 ресейлік босатылған. Ресейдің ФҚҚ-ның (ФСБ) мәліметі бойынша, алмас бойынша сегіз Ресей азаматы елге оралған, деп хабарлайды Malim.kz.
Екіжақты келісімнің күрделі болғанына қарамастан біз Ресейдің 16 азаматын түрмеден босаттық. Оның ішінде бес неміс азаматы мен өз елінде саяси тұтқында болған жеті Ресей азаматын босату туралы келісімге келдік. Бұл адамдардың кейбірі көптеген жыл бойы әділетсіз түрде қамауда отырды. Олардың барлығы адам төзгісіз азап пен белгісіздікті бастан кешті. Алайда бүгін олардың азапты күндері артта қалды, - деді АҚШ президенті Джо Байден өз мәлімдемесінде.
Байден фамилиясын атаған бостандыққа шыққандардың арасында Wall Street Journal-дың журналисі Эван Гершкович, саясаткер және публицист Владимир Қара-Мырза, Ресейде тыңшылық жасады деп айыпталған АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия және Канада азаматы, теңіз жаяу әскерінің өкілі Пол Уилан, "Азаттық радиосы" татар-башқұрт қызметінің журналисі ("иноагенттер" тізімінде) Алсу Құрмашева бар.
Гершкович шілденің ортасында 16 жылға сотталып, Екатеринбург соты қатаң режимде жазасын өтеуге үкім шығарған. Журналист айыптау қорытындысына сәйкес 2023 жылдың наурыз айында "ЦРУ тапсырмасы бойынша" Свердлов облысында "Уралвагонзавод" АҚ қорғаныс кәсіпорнының әскери техниканы шығару және жөндеу туралы қызметіне қатысты құпия ақпаратты жинады деп айыпталды. Сотта Гершкович кінәсін мойындамады және оның қызметі тек журналистік бағытта деген пікірінен айнымады.
Биылғы шілде айында журналист Алсу Құрмашева да сотталған болатын.
Татарстанның Жоғарғы соты оны Ресей армиясы туралы "жалған" ақпарат таратты деген айыппен алты жарым жылға бас бостандығынан айырған. РБК-ның жазуынша, ол "Соғысқа жол жоқ. Ресейліктердің Украинаға басып кіруге қарсы 40 оқиғасы" атты кітаптың редакторы болған. "Әскери жалған ақпараттан" басқа өзінің екінші азаматтығы туралы хабарламағаны және өзін "иноагент" ретінде мойындамады деп айыпталды.
Саясаттанушы және публицист Владимир Қара-Мырза 2023 жылдың сәуір айында қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге 25 жылға кесілді. Сот оны үш бап бойынша айыптады. Әскер, араласуға шектеу қойылған ұйыммен арадағы ынтымақтастық және мемлекетке опасыздыққа қатысты "жалған" ақпараттардың таралуы бар. Оған АҚШ пен Еуропадағы жиында сөйлегені үшін ең ауыр айып тағылды. Онда Қара-Мырза саяси себептерге байланысты Ресейдегі адам құқықтарының бұзылуы туралы айтты және Украинадағы соғысты қатаң айыптады.
Теңіз жаяу әскерінің бұрынғы қызметкері Уилан Ресей түрмесінде ұзақ уақыт отырды. Ол 2018 жылы тыңшы ретінде ұсталған. Ал 2020 жылы сот үкімімен 16 жылға бас бостандығына айырылған Уиланды тінту кезінде сөмкесінен табылған электронды құжат сақтайтын флэш-картасынан құпия мәліметтер табылған. Алайда сотта ол өз кінәсін мойындамады. Айыптау кезінде өзінің тыңшы емес екенін айтқан Уилан Мәскеуге тек досының тойына келгенін алға тартты.
Сотталғандарды айырбастау бойынша Ресей түрмесінен босатылғандардың аты-жөндері туралы деректер Кремльдің хабарламасынан мәлім болды. РФ президенті Владимир Путин қол қойған қаулыда оппозиционер Илья Яшин, құқық қорғаушы Олег Орлов, қайтыс болған оппозиционер Алексей Навальныйдың серіктесі Лилия Чанышева, Ксения Фадеева, Вадим Останин, суретші Саша Скочиленко, саясаттанушы Андрей Пивоваров, сонымен бірге Ресей және Германия азаматы Кевин Лика, Дитера (Демури) Воронина рақымшылыққа ілінді.
Олардың қолдаушылар тобы Ресей түрмесіндегі бірнеше адам бостандыққа шыққанын атады. Оның ішінде Скочиленко, Чанышева, Фадеева, Орлов, Пивоваров және Лик сынды тұлғалар бар.
Бұдан бөлек, ФҚҚ (ФСБ) жариялаған бейнежазбада Германия азаматы Патрик Шебельдің 2024 жылдың ақпан айында Петербургтегі Пулково әуежайынан ұсталғанын көруге болады. Оның заттары арасынан мармелад өнімі табылған. Ал құрамында тыйым салынған марихуана бары белгілі болған.
Шебельді есірткі контрабандасы бойынша айыптап (РФ ҚК 229.1 бабының 1 бөлімі), Уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ресейге кімдер оралды?
ФҚҚ-ға сілтеме жасаған ресейлік ақпарат агенттіктері айырбастау кезінде елге 8 адам және 2 бала жеткізілгенін хабарлады. Ал ФҚҚ, басқа да ресми орында Мәскеуге оралғандардың кім екені туралы деректі әзірге жарияламады.
Байден Америка түрмелерінен босатылған тұтқындардың фамилияларын да атаған жоқ. Бірақ бұл нәтижеге жету үшін АҚШ-ты қиын және күрделі келіссөздер кезінде "қолдаған одақтастарға" алғыс айтты. Олардың қатарында Германия, Польша, Словения, Норвегия және Түркия елдері бар.
Америка түрмелерінен ресейлік кәсіпкер Владислав Клюшин, Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты Роман Селезневтің ұлы, ФСБ полковнигі (АҚШ-тың Әділет министрлігінің нұсқасы бойынша) Вадим Конощенок босатылуы мүмкін екені деп болжанып отыр.
Берлин алмасу аясында Ресейге Шешенстанның дала командирі болған Зелимхан Хангошвилиді Германияда өлтіргені үшін сотталған Вадим Красиковты бере алады. 2021 жылдың желтоқсан айында ол Германияда шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Словения Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған Артем мен Анна Дульцевті Мәскеуге беруге ниетті. Бұрын Любляна аумақтық соты оларды бір жылға және жеті айға қамауға алған еді.
Норвегияда түрмеден босатылып, Мәскеуге берілуі мүмкін Михаил Микушин кезінде тыңшылық жасады деп айыпталды. The Insider басылымы ("иноагенттер" тізіміне енгізілген) кейінірек Микушиннің ГРУ әскери-дипломатиялық академиясында (VDA) оқығанын және бейресми барлаушы болғанын жазды.
Сонымен қатар Ресейге оралғандардың арасында Польша билігі тыңшылық жасады деп айыптаған Павел Рубцов болуы мүмкін. Осыған дейін журналистің Ресей әскери барлауымен байланысы туралы мәлімдеген.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоғанның баспасөз қызметі Анкарада жеті елдің түрмелерінен 26 адамның айырбасталғанын хабарлады. Reuters агенттігі айырбастау процесі түрік барлауын үйлестіру кезінде жүргізілгенін жазған.
Фото: ВВС
Материал ВВС материалы негізінде аударылды