Жыл басынан бері 10 тәрбиеші жұмыстан шығарылды
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова мәлімдеді
Қазақстанда жыл басынан бері мектепке дейінгі білім беру саласында бұзушылықтар жасаған 17 тәрбиешінің 10-ы жұмыстан қуылған, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова мәлімдеді.
Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін бұзу бойынша бір де бір жағдай болмауға тиіс екенін түсінемін. Бірақ статистикаға қарасақ, 11 600 мекеменің ішінде 17 жағдай ғана болған. Бұл аса көп емес, - деді спикер.
Ата-аналардың көбі дөрекі қарым-қатынасқа шағымданады екен.
Манар Адамованың айтуынша, балалардың көңіл-күйіндегі өзгерістер тәрбиеші мен балабақшадағы жағдайға қатысты болмауы да мүмкін. Баланың көңіл-күйі отбасында қалыптасады дейді ол.
Мұндай жағдайлардың әрқайсысы бақыланады. Өткен жылдан бастап біз біліктілікті арттыру курстарында күнделікті бақылау жүргізу және осы жағдайлардың алдын алу үшін әдіскерлерге, психологтарға, мектепке дейінгі тәрбиешілерге арналған бақылау парақтарын арнайы әзірледік. Біз балалар үшін барлық қауіпсіз қол жетімді жағдайларды жасасақ та, мұндай жағдайлар болып тұруы мүмкі, – деп түсіндірді департамент директоры.
Дөрекілік көрсету жағдайларымен бақылау және талдау арқылы күресуге болады. Спикер мекеме басшылары күн сайын кем дегенде бірнеше минут тексерулер жүргізуі керек екенін айтты.
Сонымен қатар Адамова соңғы 2 жылда тәрбиешілердің тапшылығы 2 есе азайғанын жеткізді.
Егер 2 жыл бұрын педагогтардың тапшылығы 13 мың адам болса, бүгінгі таңда статистика бойынша 7 мың адам болды, - дейді ол.
Тапшылықтың төмендеуіне жалақының өсуі әсер еткен.
2020 жылдан бастап жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсіп, төрт жыл ішінде 100%-ға өсті. Сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының жалақысы тағы 30%-ға өскен болатын.
Тәрбиеші мамандардың тапшылығы негізінен Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстарында байқалады.
Фото: gtrk-kaluga.ru