28 дәрігер коронавирус жұқтырды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов онлайн брифингіде 28 дәрігер жұмыс орнында жүріп, коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді.
"28 медицина қызметкері карантин нысандарында жұмыс істегендіктен, ауру жұқтырып алды. Әр жағдай бойынша эпидемологиялық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Себептерін анықтаймыз. Бірақ карантин станционары, провизорлық орталықтар мен инфекционды стационарларда ауру жұқтыру мүмкіндігі өте жоғары. Оны басынан айттық", - деді министр
Біртанов кейбір медицина қызметкерлері коронавирусты жұмыс орнында емес, жұмыстан сырт жерде жүріп жұқтырғанын мәлімдеді.
"28 медициналық қызметкер ауруды жұмыста, коронавируспен күресіп, кәсіби қызметін атқарып жүріп жұқтырған. Бірақ ауырып қалған қатардағы адамдардың арасында туыстары арқылы жұқтырғандар да бар. Бұл топты бөлек бақылап жатырмыз", - деді ол.
Мемлекеттік комиссия шешімі бойынша, коронавируспен күресіп жүріп ауру жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге өтемақы беріледі.