Аралас мектеп. Министрлік мимырт, ата-ана салғырт
Құжат тапсыруға 10 күн қалғанда ата-аналар «баламызды орыс сыныбына береміз»,-деп келді
Жаңа оқу жылы басталар алдында аралас мектеп дауының өршитіні «дәстүрге» айналды. Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанның жазуынша, бір ғана Астана қаласы бойынша 2023-2024 жылғы оқу маусымында 1-сыныпқа 26 650 оқушы барады. Оның 15 929-ы қазақ бөлімін таңдаса, 10 571-і орыс сыныбына қабылданбақ. Бір өкініштісі, орыс сыныбының табалдырығын аттап жатқандардың көпшілігі өзіміздің қаракөз қазақ балалары. Оқу-ағарту министрлігі осы жылы 364 000 бала алғаш рет мектепке баратынын мәлімдеді. Бірақ, қаншасы қазақ сыныбын, қаншасы орыс бөлімін таңдағаны туралы мардымды дерек бермей отыр. Министрлік статистикасына сүйенсек, елімізде барлығы 7700 білім беру ұйымы бар. Оның 3 957-сі қазақ тілінде, 1203-і орыс тілінде, ал 2551-і аралас тілдегі мектеп екен. Онда 3 млн 900 мың оқушы білім алады.
Алайда, дұрыс бағыт-бағдар берілмей, қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен бе, қаракөз баласын дедектетіп орыс сыныбына тоғытып жатқандар аз емес. Мұғалімдердің айтуынша, бұған қазақ ата-аналар білек сыбанып кірісіп кеткен. Астанадағы №65 мектеп-гимназия директорының орынбасары Майра Мырзахметованың пікірінше, алған бетінен қайтпайтын азаматтар әлі де азаймай тұр.
«Шілде айында Астана қаласында өзім істейтін мектепте директордың міндетін уақытша атқардым. 1-сыныптар бойынша 6 қазақ сыныбы, 6 орыс сыныбы ашылды бізде. «Қазақ сыныптарына балаларды көбейтуіміз керек, орыс сыныбына бала алуды тоқтатыңдар» деген тапсырма келді жоғарыдан. Құжат тапсыруға 10 күн қалғанда қаншама ата-ана «баламызды орыс сыныбына береміз»,-деп келді. 80 пайызы өзіміздің қазақтар. «Алмаймыз, орыс сыныбына бала алуды тоқтатты»,- деп түсіндіріп көрдім. Бірақ, өзімді балағаттап, неше түрлі сөз айтты. Есігімді теуіп қорқытып кеткендер қаншама. Бұл жағдай жүректі ауыртты. Балам сөйлей алмайды, балабақшада үйренбеді деп ақталады көбісі. «Сіздер ше?» десем, «біздің баламен сөйлесуге уақытымыз жоқ, телефоннан үйреніп алған» дегенде не айтарымды білмедім»,-дейді.
Оқи отырыңыз: Алаш ардақтысының мектебі алаңдатарлық жағдайда тұр
Осындай үрдісті басқа азаматтар да байқап, әлеуметтік желіде дабыл қағып жатыр. Астана тұрғыны Нұрсерік Жолбарыс та биыл баласын 1-сыныпқа бермек.
«Баламыздың құжатын 1 сыныпқа тапсыруға мектепке бардық. Бұрын Egov-пен тапсырған едік, бірақ, түпнұсқасын апару міндетті екен. Кіреберістегі үш үстелде екі жас педагог пен жасы зейнетке қараған педагог апай отыр. Амандық-саулықтан соң қай тілде оқитынымызды сұрады. Қалауымызды айттық. Педагог апай қуанып қалды. Бізбен бірге өзім қатарлы екі жігіт пен келіншек келді. Дәлізде кілең қазақ отырмыз. Амандық-саулықтан соң, әлгі үшеуі де баласын қазақ тіліндегі сыныпқа бермейтінін кесіп айтты. Педагог апай әрі-бері көндіргісі келген, онысынан түк шықпады. Директордың міндетін атқарып отырғанын, қазақ сыныбын оқытуға мықты маман алғанын айтып көріп еді, одан да түк шықпады. Біреуі ақ парақтағы өтінішке қол қойған соң қаламсапты тарс еткізді. Сол тарсылдан тыныштық орнады. Кетерде директордың міндетін атқарушыдан бірінші сыныпта қанша қазақ сыныбы бар екенін сұрағанымда, екі сыныпты әзер толтырғанын, ал басқалардың сыныбы алтаудан асқанын білдім. Біздікінен үш есе көп. Қай жерде болмасын, көптің аты - көп. Уәкілетті органдар осыны ескерсе деймін»,-дейді ол.
Қасаң стереотип жарға жығады
Ата-аналардың қорқынышы – қазақ сыныптарындағы оқулықтардың сапасына келіп тіреледі. «Қазақ тіліндегі әдебиеттердің көпшілігі жиі сынға ұшырап жатады. Баланың таным-түсінігіне томпақ келеді»,-деп дені азар-да безер болады. Ұл-қызының келешегіне алаңдаған олар ертең перзентім жақсы қызметке тұра алмай, далада қала ма?» деп уайымдайды дейді қоғам белсендісі Жанболат Шәкім.
Алайда, бұл тек стереотип секілді. Мәселен, Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде 60 мыңға жуық оқушы мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Олардың 50 мыңнан астамы қазақ тіліндегі мектептен түлеп ұшқан. Халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда 70 мыңдай шәкірт бақ сынаса, соның 60 мыңы қазақ мектептерінде оқыған. Осыны түсіндіретін министрлік не түсінетін ата-ана болмай тұрғаны өкінішті.