Өлеңші Томас (шотланд ертегісі)
Ертеде мәңгі жасыл Эйлдон жоталарының етегін баса орналасқан Эрсилдурн деген қыстақта Томас Лермонт есімді жайсаң бір жігіт өтіпті. Ел қатарлы күн кешкен, асып бара жатқан қайраты жоқ қарапайым ғана жан екен. Тек лютня* шерткенде шеніне ешкімді жеткізбепті. Ептеп өлең құрайтын да өнері болыпты.
Бір күні Томас жақын маңайдағы таныс фермерге жолығып қайтуға жиналып, лютнясын қолтығына қысады да, үйінен шығады.
«Жылдам адымдасам, қазір-ақ жетіп барамын ғой», – деп ойлайды Томас.
Бірақ аспан айналып жерге түскен апатап ыстық еді, Томас дөңкиген алып жотадан құлдырай аққан бұлақтың басына жеткенде, тілі салақтай шаршап, саялы бір еменнің көлеңкесін паналап, жан шақырады.
Қарсы беттегі тоғайдың іші толған иір-шиыр, бытысқан сүрлеу-соқпақ екен. Томас күңгірт, сабат тоғайға қиялдана көз тігіп, лютнясының сым ішектерін жайлап тербеп отырады, кенет алыстан құмығып, тау бұлығының сылдырына ұқсас бір сыбыр естіледі.
Бұл не ғажап?! Таңырқаған Томас орнынан қарғып тұрады. Тоғайдың қайдан басталып, қайда апаратыны беймәлім соқпақтарының бірімен салт ат мінген айдынды бір бикеш келе жатыр. Одан өткен сұлуды Томас тұрғай, күллі әлемі көрмеген еді.
Сұлу бикеш шөп түстес жасыл торғын көйлек, жасыл мақпал шапан киіпті. Алтындай құбылған шашы нәзік иықтарын толқындай жауып, арқасына төгіледі. Қардай аппақ арғымағы жүріп емес, қалықтап келе жатқандай, жеңіл, билей басады. Арғымақтың жібек жалы тарам-тарам өріліп, әр өрімге құйтақандай бір-бір күміс қоңырау тағылыпты. Тау бұлағының сылдырындай үн сол қоңыраулардан тараған екен.
Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады
Томас басынан қалпағын алып, ару бикештің алдында тізерлей, сылқ түседі. Бикеш атының басын тежеп, Томасқа орнынан көтерілуге әмір етеді:
– Мен эльфтер** королевасымын, бұл жаққа өзіңмен кездессем деп келіп едім, – дейді.
Жұмсақ жымиып, Томасқа тал-шыбықтай бұралған әсем қолын созады, жігіт королеваны сүйріктей саусақтарынан ұстап, аттан түсіреді. Арғымақты бір тікенекті бұтаға байлап, бикешті жапырағы жайқалған ағаштың түбіне апарып отырғызады. Тәңірі текті, тылсым сұлулық тілін байлап, ақылын арбайды.
– Лютня шертші, Томас, – дейді сиқырлы сұлу. – жұпар ауа мен тәтті күй – жан дауасы емес пе...
Томас лып етіп, лютнясын алып, шерте бастайды. Бұрын-соңды осылай ойнамаған еді, күй шадыман шаттыққа, нәзік сырға толы болатын. Ол күйін қайырғанда эльф королевасы сүйсінгенін жасырмай, тамсана күрсініпті.
– Саған сый тартсам деймін, Томас! Не тілесең, соны сұра, кез-келген қалауыңды орындаймын, – дейді.
Томас королеваның ақ ұлпа қолдарынан ұстап, тілі күрмеліп:
– Бір сүйгіз, әміршім, өзге тілегім жоқ, – деуге батылы жетеді.
Королева қолын алмай, құпия күлімсіреп:
– Байқа, Томас, егер мені бір сүйсең, төлеміне табандатқан жеті жыл бойы маған қызмет етуіңе тура келеді. Бағың ашылуы да, сорың қайнауы да мүмкін. Келісесің бе соған? – деп сұрайды.
– Жеті жыл деген немене! – дауыстап жібереді Томас. – Мен саған жеті жылымды қуана-қуана сыйлар ем.
Сүйдейді де королеваның бал-шырын еріндерінен елжірей өбеді.
Королева орнынан көтерілгенде, Томас ендігі жерде бар еркінен айрылғанын, королева қайда бастаса, сонда баруға әзір екенін сезінеді. Бірақ бұған титтей де өкінбейді, өйткені таң сипатты королева оның жүрегін біржолата жаулап үлгерген еді. Жеті жыл деген немене, тәйірі!..
Эльфтер королевасы ақ арғымағына салмағы білінбей, жеңіл қонып, Томасты мінгестіріп, зырқырап жөнеледі. Қоңыраулар сыңғыр қағып, аршалы жондар мен шалғынды сайлар бірінен кейін бірі алмасып, бұл-бұл қағып қалып жатыр. Арғымақтың екпініне жел де ілесе алмапты. Ақыры олар бедері бөтен жым-жырт бір жерге жетіп, аттан түседі. Королева осы араға аз-кем аялдап, ат суытып, демалатындықтарын айтады.
Томас төңірекке зер сала қарап, ажалды пенденің аяғы баспайтын алапқа келгенін біледі. Иен, өлі, бедірейген бедеу дала. Арт жақтары ит тұмсығы өтпейтін ну жыныс. Алдыда үш жол жатыр.
Біреу – тар, бұралаң жол, жиегіне ұйысып тікенек пен итмұрын өсіпті. Жолдың екі қапталына жарыса шыққан тікенді бұталар биіктей түсіп, бастары түйісіпті, қап-қараңғы, ұшы-қиырсыз дәлізге ұқсайды.
Екінші жол даңғыл екен, күн нұрына малынып жатыр, жол жиегі – түкті кілемдей құлпырған көк майса, нешеме алуан гүлдер.
Үшінші жол қалың папоротниктердің арасымен тік өрлепті, жол үстін жүріске жайлы, жұмсақ мүк басып, екі жағынан сәнмен иілген жасыл желек көлеңке түсіріп тұр.
Томастың қайран қалғанын байқаған эльфтер королевасы:
– Тар, бұралаң жол – Ақиқат жолы. Бұл жолмен жүруге кім көрінгеннің жүрегі дауаламайды. Гүл жайнаған жазираны кесіп өтетін даңғыл жол – Азғындық жолы. Көз алдап, көңіл бұзады. Ал мәңгі жасыл, мәңгі жас папоротниктердің саясындағы тік жол – эльфтер еліне апаратын жол. Бүгін түнде осы жолмен Эльфландияға аттанамыз, – дейді.
Королева жасыл жібектей есілген эльфтер жолына қарай ұмтылып, ауыздығымен алысып, тыпыршыған арғымағының қасына келіп, жалынан сипап тұрып, Томасқа былай депті:
– Тыңда, Томас, әр сөзімді жадыңа тұт. Эльфландияда болған уақытыңда не керемет, не ғажайып көрсең де, тіс жарып, сөйлемеуге тиіссің, сонда ғана мерзімің біткен соң аман-есен өз еліңе ораласың. Егер абайсызда бір ауыз, бір-ақ ауыз сөз айтсаң бітті, арылмас қайғыға батасың, эльфтер елі мен адамдар елінің арасындағы тұлдырсыз тұл далада мәңгі бақи қаңғып жүретін боласың. Ұқтың ба? Енді бақытың да, сорың да өз қолыңда!
Таңғажайып королева мен бейшара Томас ақ арғымаққа мінгесіп, үшінші жолға түсіп, эльфтер елін бет тұтып, ұзақ шабады. Талай-талай белден асады, ойпатты да, жазираны да басады, малтығып ми батпақтан да шығады. Түнде төбелерінен мөлт қара түнек аспан төнеді, күндіз күн сәулесіне шағылысқан алтын бұлттар жүзеді зеңгір көкте. Кейде жойқын ағысты өзендерден ат жалдап өтеді, тек бұл өзендерде су емес, көбігі көпіршіген қан ағатын. Ондайда королева жасыл шапанының шалғайын жиып отырады, ал ақ арғымақтың бауыры қанға боялып шығады. Жер жаралғалы бері төгілген адам қаны жүздеген, мыңдаған жылғалармен ағып келіп, тоғысып, осы жан шошырлық өзендерге айналатын көрінеді.
Ақыры олар Эльфландияның да шекарасына ілінеді. Сол-ақ екен, мың сан керней құйқылжып, аспан астын кернеп кетті. Бұл королеваның аман-есен оралғанын бүкіл елге әйгілеген қуаныш күйі еді. Осыншама салтанатты сарынның толқынында Томас сиқыр сәулеге бөккен, тылсым елге келіп кірді.
Ал алыс қиырда, адамдар жерінде Эрсилдурнның тұрғындары жаздың бір жайма шуақ күні із-тозсыз жоғалып кеткен Томас Лермонт жайлы үрейлі, жұмбақ әңгімені маздатып жатқан.
Эльфландияда жүрген кезінде Томас адам айтса сенгісіз небір жұмбақ оқиғаларға куә болды, небір керемет тәмсілдерді естіді, бірақ көрген-білгені туралы ешкіммен де ләм-мим деп сөйлеспеді. Жеті жыл жеті күндей болмай, зыр етіп өте шықты. Томастың уағдалы мерзімі тәмамдалып, қош айтысып, елге қайтар шақ та туды. Королева Томасты өзі шығарып салып, Эльфландияның шекарасынан асырып, жайқалған бір баққа алып барды. Бақ ішінде небір сұлу гүлдер өсіп, кіп-кішкентай, моп-момақан мүйізтұмсықтар серуендеп жүр екен.
Королева мәуесі төгілген бір ағаштан өз қолымен алма үзіп, Томасқа ұсынады.
– Міне, енді сен сертіңнен азатсың, Томас, – дейді. – Сөйлеуіңе әбден болады. Жеті жыл бойғы адал қызметің үшін мына алманы ал. Бұл – жай алма емес, қасиетті алма, ақиқат сыйы, сен бұдан былай шындықты айтатын боласың, – дейді.
Біздің Томас ақылсыз жігіт емес еді, адамдар арасында үнемі шын сөйлеп, ақиқатын ғана айту абыройға бөлей қоймасын жақсы білетін. Өзінің осы күдігін эльфтер королевасына әдеппен түсіндіреді.
– Адамдардың арасында тұрғанда, – депті, – шындықты үнемі бетке айтуға болмайды, кейде аздап қосып, өңдеп жіберуге де тура келеді. Айталық, қызбен сөйлескенде немесе көршіңмен келіскенде. Ондайда қызыл тілдің көмегінсіз іс бітпейді.
Сонда королева күлімсіреп:
– Абыржыма, Томас! Менің сыйымды көзіңнің қарашығындай сақта. Сен зор даңққа бөленесің, атағың жер жаратынды болады әлі! Жер бетінде Шотландия деген ел барда Лермонт есімі ұмытылмайды. Сен жай ғана шыншыл емес, аузынан баршаның көңілін ұйытар ақиқат-жыр естілетін ақын боласың. Ал енді еліңе қайтар уақыт туды. Қош-аман тұр! – дейді.
Тағы айтыпты: – Есіңе сақта, Томас, күндердің күнінде мен сені қайтадан шақырамын. Менің сәлемім өзіңе жеткен жерде, екі етпей орындауға серт бер! Мен сені ертіп келуге өзімнің екі елшімді жіберермін. Сен оларды бірден танисың – олар сенің әлеміңнен емес, басқа әлемнен келеді, – депті.
Томас ару королеваның тұңғиық жанарына қараған сәтте өзін жеті жыл бойы бұғау-кісенсіз тұтқындаған ғашықтық дуасының тарқамағанын, шалқи түскенін, жүрегін мәңгілікке жаулағанын ұғынады. Королеваға қуана толқып тұрып ант береді.
Сертін айтып бітірер-бітірместе Томасты қалың ұйқы басады. Жасыл бақ, нұр атқан гүлдер, момақан мүйізтұмсықтар – бәрі-бәрі аспаннан тұмшалай түскен сүттей ақ тұманға сіңіп, ғайып болады.
Томас оянса, баяғы бұлақ жағасында, королевамен алғаш кездескен жерде, салалы, саялы еменнің түбінде жатыр екен. Өңі-түсі екенін айыра алмай, төңіректі барлай шолады, тоғай түкпіріне тартқан көне сүрлеу-соқпаққа қадалып, ақ арғымақ мінген ару шыға келмес пе екен, күміс қоңыраулар сылдыры естілмес пе екен деп үміттеніп, ұзақ отырады. Жеті жылға созылған сапары қас қағымдай ғана, тәтті түстей ғана көрінеді.
– Мен әлі ораламын! – деп айғай салады тоғайды жаңғырықтыра.
Содан соң лютнясын алып, Эрсилдурнға қарай адымдайды. Жеті жыл ішінде не болып, не қойғанын білуге асығады. Ең бастысы эльфтер королевасының: бұдан былай тек шындықты, ақиқатты ғана айтасың деген уәдесінің өтірік-шынын тездеп тексеріп көрмекке көңілі кетеді.
– Әй, көршілерімнің біріне жақпай, ит болармын-ау, – дейді Томас күбірлеп. – Тек қана шындықты ести беру кімге ұнасын. Адам баласы мақтап-марапаттағанды ұнатады ғой.
Қыстақтың шеткі көшесіне кірген бетте алдынан біреу бажылдай қашады. Бұл – әлдеқашан өлдіге саналған Томасты көріп, о дүниеден келген әруақ па деп қорыққан көрші шал еді. Алайда көп ұзамай-ақ Эрсилдурн тұрғындары Томастың тура өздеріндей қол-аяғы бүтін, сап-сау, тірі адам екеніне шүбәсіз иланып, қаумалай қоршап алады. Оның эльфтер еліне жасаған таң-тамаша саяхаты жайлы естіп, естері шығады, қайран қалысады. Бала-шаға айналып-үйіріліп, Томастың маңында жүреді де қояды, таңғажайып эльфтер туралы қызық хикаяны қанша тыңдаса да, құмарлары қанбайды. Қарттар бас шайқаса сыбырласып, эльфтер королевасы ілгеріде ертіп кеткен әр түрлі адамдар хақында әңгіме өрбітеді. Ол адамдардың бірде-бірі қайтып оралмап еді.
Томас басынан кешірген не қилы хикметті майын тамыза айтқанмен, бір нәрсені – королеваға берген соңғы сертін ішіне бүгеді, ол хақында ешкімге ештеңе демейді.
Ал Томастың өзін таңырқатқан жайт – Эрсилдурнның еш өзгеріске ұшырамағаны еді. Тіпті арада жеті жыл емес, үш-төрт-ақ күн өткен сияқты. Әрине өз үйі аздап тоза бастапты, қамыс шатырының кей тұстары шіріп, қабырғаларда сызат пайда болған. Көршілердің бетіндегі әжім, шашындағы ақ көбейген тәрізді. Жеті жыл – жеті шіліңгір жаз, жеті берекелі күз, жеті қаһарлы қыс, жеті жайдары көктем ауысқан, – жер жоғалмаған, адамдар құрымаған, бәрі де өз орындарында еді.
Томас күн санап эльфтер королевасы берген уәденің орындалар-орындалмасын тағатсыздана тосты. Шынымен-ақ тек шындықты ғана айтар ма екенмін дейді оңашада ойға батып.
Әйтсе де бұрынғысынан көп өзгермегендей, көрші фермердің қызымен күлмеңдесіп, қойын, сиырын бұрынғыша қалаған бағасына өткізіп жүре береді.
Бір күні қыстақ тұрғындары үлкен кеңеске жиналып, жұртшылық ауыр апат – малға тиген індет жайлы сөз етеді, көрші қыстақтардың малы топалаң келіп, қырылып жатқан. Міне, сонда беймәлім бір күш Томасты орнынан тұрып, сөз бастауға мәжбүр етеді. Томас өзі де күтпеген жерден індет бүкіл аймаққа жайылғанмен, Эрсилдурнның малы аман қалады деп сәуегейлік жасайды. Жерлестері аң-таң болғанмен, оның сөзіне имандай сенеді. Өйткені Томастың өзінде де, сөзінде де сенбесіңе, иланбасыңа қоймайтын бір құдірет бар еді. Шынында Эрсилдурн халқының тышқақ лағы шетінемей, індет бұларды айналып өтеді.
Содан бастап Томастың айтқаны қате кетпейді, айнымай келеді. Және ойын қара сөзбен емес, өлеңмен жеткізеді. Жырмен көмкерілген даналықты халық тез жаттап алып, бірден-бірге тарап, бүкіл Шотландияға жайылады. Дана Томастың, өлеңші Томастың жырын естіп, жүзін көруге ынтыққан жұрт үздіксіз ағылып жатады. Біздің қалаға тұрыңыз деп қолқа салушылар көбейеді. Алайда қаншама дабыралы даңққа ие болғанмен, Томас менменсімейді, жерлестерінің арасында өмір сүреді. Байыған соң Эрсилдурнның қасынан қамал-сарай салғызады, қамал-сарайдан қонақ арылмайтын болады.
Осылайша екі жеті жыл өтеді. Сол кезде ағылшын королі мен шотланд королінің арасында соғыс өрті тұтанып, шотланд жасағы Томастың қамал-сарайының тұсынан қоныс тебеді. Томас ержүрек жауынгерлердің құрметіне қонақасы береді. Эрсилдурн қамал-сарайында мұндай ұлан-асыр мереке-той бұрын-соңды болмаған еді. Құрыш көбе құрсанған өңшең мәрт батырлар мен судыраған жібекке бөленген кіл сұлу бикештер жиналады. Шарап өзен боп ағады, тамақ төбе боп үйіледі.
Күйшілер маңғаз меймандардың құлақ құрышын қандыра күй тартады, жыршылар бабалардың ерлік істерін мадақтап, аңшылық, серілік қызықтарын жырлайды. Бірақ ең басты тамаша алдыда болатын. Қонақтар дастархан басынан тұрған соң, Томас өзінің сүйікті лютнясын алдырып, сыңғырлата шертіп, даусы күмбірлей ән шырқайды. Қонақтар үн шығаруға батпай, демдерін ішіне тартып, тыншып тыңдайды.
Томас өткен замандардың шулы оқиғалары жайлы, айбынды король Артур туралы, жеңісті майдандар мен қайғылы махаббат хақында жыр толғапты. Оны тыңдаған жұрт мұндай әншіні енді қайтып естіместей елегізіп, соңғы рет кездесіп отырғандай құлази шерленіпті.
Шынында да солай еді.
Сол түні, қонақтар тараған соң өзен үстін тұман бүркейді, қарауылда қалғып кеткен жауынгер қураған шөпті сытырлата басқан аяқ дыбысынан оянады. Шатырдан сыртқа бас сұққанда өзгеше бір көрініске куә болады.
Толықси нұрланған ай сәулесіне малынып, қардай аппақ бұғы мен марал келе жатыр. Аяқтарын шеки тастаған жүрістерінен, барша сымбаттарынан түсініксіз құпия сыр, қасиетті тәкаппарлық сезіледі. Жауынгер жолдастарын шақырып, олар қос жануарға қаумалай, аңтарыла қарайды. Бірақ бұғы мен марал оларға назар да аудармай, бір қалыпты кербез жүріспен тура тарта береді.
– Томас Лермонтты ояту керек, – дейді бір жауынгер. – Бұның не керемет екенін сол ғана түсіндіруге тиіс.
– Рас айтасың. Дана Томасқа кісі жіберейік! – деп дабырлай қоштайды қалғандары. Қамал-сарайға, Томас Лермонтты оятуға қызметші баланы жұмсайды.
Тосын хабарды естіген Томас төсегінен атып тұрып, тез киіне бастайды. Өңі қуарып, қолдары дірілдейді. Ешқашан да жабайы аң ну орманды тастап, адамдар мекенін араламайтын. Сосын қардай аппақ ерекше бұғылар туралы осыған дейін сөз қозғап, сыбыс естіген жан бар ма екен? Жоқ, әрине! Ендеше бұлар – өлеңші Томасты шақыра келген хабаршылар болды, эльфтер королевасының елшілері болды. Томас бір қуанып, бір мұңайды. Қуанғаны – таңғажайып ару королевамен қайтадан жүздеседі, мұңайғаны – жердегі, адамдар арасындағы дәм-тұзы түгесілген екен.
Томас лютнясын асынып, қамал-сарайдан асыға шығады. Өзін күтіп тұрған ақ бұғы мен ақ маралдың ортасында, күміс, нәзік нұрға шомған қыстақты кесіп өтіп, қарауытқан орманға беттейді. Туған Эрсилдурнымен мәңгіге қош айтысып, ұзай береді. Содан қайтып Томасты ешкім ешқашан көрмепті.
* Лютня – көне заманғы шертпелі аспап, белгілі дәрежеде шертерге ұқсайды.
** Эльф – скандинав ертегілеріндегі мифтік кейіпкер, пері, періште тақылеттес,
адамға зияны жоқ, көбінесе дос пейілде болады.
Аударған Ғалым ДОСКЕН,
«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.
Тағы қараңыз:
- Қос шебер мен зерделі келін (ингуш ертегісі)
- Алтын сырнай (адыгей ертегісі)
- Сиқырлы сылдырмақ
- Бақыт ұстасы (латыш ертегісі)
- Кестеші қыз (грек ертегісі)
- Джоан мен ақсақ қаз бағушы (ағылшын ертегісі)
- Тышқан – ханша (француз ертегісі)
- Шыншыл Свэн (дат ертегісі)
Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.
Көшіріп басуға болмайды!