Ринат 10 жыл бұрын Сатыбалды мен Назарбаевты қалай мақтады?

Кешелі бері Ақсуаттағы айтыстағы Зайытов пен Байтуов жұбы хит болып жатыр. Жұрт "Ринат шындықты айтты" деп шулап жүр. Ол қандай шындық деп, айтысты арнайы көрдік. Адамның сөзі заманмен бірге өзгере береді екен.

Алмас НҮСІП

  • 02.08.2022
Р.Зайытов / фото: qazaquni.kz

Ақсуаттағы айтыс – екі күннен бері елдің аузынан түспей жүр. Сондағысы ерекше сөз болып жатқаны Ринат Зайытов пен Біржан Байтуов арасындағы айтыс. «Қаңтар қырғыны туралы шындық айтылды», «Заманбек пен Алтынбек туралы қатты айтты», «Сұмдық айтыс», "Бірін бірі оңдырмады", Бір бірін аямады" сияқты тақырыппен үзінділер де тарап жатты. Қалай дегенде де, бұл айтысты көрмеу мүмкін емес жағдайға жетті. Көрдік. Көрдік те, мүлде басқалай ой түйдік. 

Ринат Біржанға осы жолы сөзінің басын «Бекболат пен Мұхамеджанның «братишкасы» деп бастапты. «Екі ағаң қайда жүр?» деп тағы бір сұрақ қойды. Бұдан кейін Ринат дін тақырыбына ойысқан сайын Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Қайрат Сатыбалдыларды жиі қыжыртып отырды.

Байтуов Қосановқа қатысты сөз айтып, Ринатқа тиіскенде, Ринат Қосановты қорғап, сайлауда бір алдады, одан басқа зиянын келтірген жоқ деп бастап:

«Сенің елбасың сияқты, Біржан досым,

Алтынбек, Заманбекті өлтірген жоқ,

Дулат Ағаділдерді аттырған жоқ,

Қазақтың байтақ жерін саттырған жоқ.

Кәсіпкерлер бастаған жұмыстарды

Туыстары тартып алып жаптырған жоқ.

Қосанов халықты бір лақтырғанмен

Назарбаевтай 30 жыл лақтырған жоқ.

 

...Біржанжан байқап сөйле, ойлап сөйле

Сендердің өтіп кеткен замандарың», - деп бір тоқтап, одан ары Қаңтар қырғынына қатысты біраз сөйледі. «Бәрін биліктің өзі жасады» деген тұрғыда.

«Сендердің өтіп кеткен замандарың» дегенде Ринаттың айтып отырғаны, Біржан Байтуовтың дінге қатысты ұстанымын айтқаны. Көп ұзамай бұл сөзін нақтылап:

«Қайрат Сатыбалды Шым-қалаға барған кезде,

Алдына тұра қалып ән сап жүрдің.

Ал, құдасы Сейітжановтың тойларында

Ұйымдастырғыш болып шаршап жүрдің», - деп бір кетеді.

Байтуов Қайратты танымаймын деп ақталып алған соң, Ринаттың өзіне шабуыл жасады:

«Сатыбалдының баласы жомарт қой", деп,

Қайратты мақтап жүрген сен емес пе ең?» - дейді.

Р.Зайытов пен Б.Байтуов, Ақсуаттағы айтыс / Фото: "АЙТЫС ТЫҢДА" YouTube арнасынан screenshot.

Енді, Ринаттың Сатыбалдыны мақтауына келсек. «Мен қазір бәрін еске түсіремін» деп Ринаттың өзі айтқандай, біз де бір айтысты еске түсіріп көрейік.

2011 жылы «Төртеу түгел болса...» деген айтыс өткен. Бұл Қайрат Сатыбалды 55 айтыскер ақынды кіші қажылыққа апарып келгеннен соңғы айтыс. Сонда Мұхамеджан, Бекболат бастаған Сатыбалды айналасы түгел отырған айтыста Жүрсін Ерман «алаштың ардақты азаматы» деп мақтай келіп, Сатыбалдыдан үлкен қажылық дәмететінін де айтқан. Осы жолы «Байтуовтың екі ағасын" жиі тілге тиек еткен Ринат сол айтыста Мұхамеджан мен Бекболат туралы ләм демеген. Есесіне, сөзінің басын осы жолы көп шүйілген Сатыбалдыға алғыс айтумен бастаған:

«Мен де бір кіші қажы енді болдым

Мұныңа шүкіршілік деп жүрермін.

Қайреке Алла разы болсын сізге,

Демеуші болып бізге қолды бердің.

Талайлар армандаған қолы жетпей,

Мекке мен Мединедей төрді көрдім.

Қазақтың керегіне жарар деген,

Сатыбалды сатып алған жерді көрдім», - дейді.

Сатыбалды сатып алған жердің қандай жер екенін сол жаққа ерекше күтіммен барып қайтқан Ринат Зайытов нақтыламады (бәлкім «шындық айтқыш ақынның» сөзінен кейін қазақ билігі Сатыбалдының ол жері туралы да тергеу жүргізіп көрер). Осы жолы Сатыбалдының салып кеткен діни соқпағы туралы кеңінен толғап, отырып алған Ринат қазір қамауда жатқан, ол кезде дәуірі жүріп тұрған Сатыбалды отырған 2011 жылғы айтыста Сатыбалдының ұстанатын діни жолына қатысты ғана емес, жалпы дін туралы көп сөйлемеген. Сатыбалдының өзі бастап отырған «Төртеу түгел болса...»-да дін туралы бір-ақ ауыз сөз айтқан:

Менің бірақ дін жағынан білімім аз

Ақиқатты тұрғанмен танып ішім,

Сондықтан мен уағыз айта алмаймын

Сауат керек сара жол табу үшін.

Өтірік әңгіме ғып неғылайын

Қайрат Сатыбалдыға жағу үшін.

Одан да шындығымды айтпаймын ба,

Көрермен күмән болмай нану үшін

Өлтірсе де ақиқатты айт демеп пе еді

Алланың ризалығын алу үшін», - деп бастағанда Сатыбалды бастаған діни топқа қатысты әлдене айтатындай көрінген.

Р.Зайытов пен М.Ниязов, 2011 жыл / Фото: "nurzhan nazarbek" YouTube арнасынан screenshot.

Бірақ, Ринаттың тақырыбы жалпылама, «безобидный» шындықтарға бұрылып кетті. Одан соң тіл, дін, дәстүр, мемлекет – төртеуі түгел болса деп, бір түгендеп алды да, жеке-жеке тоқталды. Соның ішінде дінге қатысты:

«Дінімнің жайы белгілі

Кришнайт, Егова ластаған», - деп, «жаңалық» ашты. Бұл қалай дегенде де дәл сол уақытта күйіп тұрған мәселе емес, мүлде ескі сорап, ескірген тақырып болатын.  Криштайт, Егова ағымдары туралы ертеректе естігені болмаса, дәл сол кезде негізінен «сақалдылар» туралы айтып жүрген жұрт Ринаттың бұл «шындықты» Сатыбалды отырған соң беріден қайырғанын түсінген де қойған. Және арыдан орағытып, исламға қатысы жоқ әлдебір ағымды сынай салғаны Сатыбалды бастаған топқа да майдай жаққаны анық.

Ринат осы жолы сол кездегі есесін қайтарғысы келді ме екен, Сатыбалдының жолын көп сынады.

Кеткен президент туралы ашына айтып, Ақсуат халқын тік тұрғызған Ринат 2011-дегі айтыста Сатыбалдының кіші әкесі туралы мүлде басқаша сөйлегенін айтпай кетуге болмайды.

«Өзі ақын, өзі басшы, өзі спортшы,

Елбасымыз сан өнерді жіліктеген

Болмасаң да ұқсап бақ дегендейін

Сол кісі салған жолмен жүріп келем», - деп үлгі тұтатынын да білдірген. Сонымен тоқтай салмай, қарсыласы Мұхтар Ниязов Ринаттың «Еларнадан» елді сайлауға шақырып, сол сайлаудағы басты үміткер, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа демеу жасағанын айтқанда, Ринат:

«Жүрген соң еңбектерін күнде көріп,

Тұғыры елбасының шайқалмайды», - деп тағы бір сүйсініс білдірген.

Қалай болғанда да, айтыс сүйер, айтыскерлер айтатын жалпылама шындықтарға құлақ түре қалғыш, іліп әкеткіш, еліге кеткіш ел көтермелеп әкетті демесең, Байтуов пен Зайытовтың бұл жолғы айтысын Жүрсін Ерман айтпақшы 40 миниуттық салғыласу деп атамасақ, айтылған шындығы да, көркемдігі де төмен деңгейде екені көрініп тұр. Тек, «шыншыл» ақындардың сөзінде тұрлау жоқ екенін бір дәлелдеді демесеңіз...

Байланысты жаналықтар

Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

13.11.2024

Ринат Зайытов тапсырманы уақытында орындамайтын министрлерге шүйлікті

30.10.2024

Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

29.10.2024

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

06.10.2024

Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

17.09.2024

Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты

04.09.2024
MalimBlocks
Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

Ақынның Швейцарияға баруына мемлекет басшысы көмектескен

Ринат Зайытов тапсырманы уақытында орындамайтын министрлерге шүйлікті

Депутат жайлы мектептер мәселесін қозғады

Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

Ол Қазақстан Волейбол федерациясының басшысы болған

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында таңдау жасады

Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты

Жазасының қалған мерзімін Алматыдағы пробациялық бақылауда өткізеді