Смадияр Мырзағалиев: Мемлекеттің қолдауы бізге шабыт береді

Табылды Досымовпен жақсы араластым, Зәмзәм Дәуітовке жақын жүрдім

Олжас Қасым

  • 12.10.2023

Әлеуметтік топтарды бір нүктеге  шоғырландыру үшін инклюзиялық қоғамды дамыту өте маңызды. Бұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында  шегелеп айтып, Үкіметке тапсырма берді, тиісті жобаларды бекітті. Қысқасы, еліміздегі барлық азамат тең құқылы! Шын мәнісінде инклюзия барлық индивидтерді біріктіру, тұлғалық қасиетті айқындау.  Елдегі елеулі өзгерісті  Атырау қаласының тұрғыны, қаладағы  Зағиптар қоғамына қарасты өндіріс мекемесінің қызметкері, әнші Смадияр Мырзағалиев те қуанышпен қабылдаған. Кейіпкерімізбен қазіргі жұмысы және шығармашылық әлемі жөнінде сұхбаттасқан едік. 


- Смадияр аға, өзіңізді кешегі  Зәмзам Дәуітовтердің, Табылды Досымовтардың  ізбасары Нұрлан Өнербаевтың шәкірті, талантты әнші ретінде білеміз. Қазір Атыраудағы  Зағиптар қоғамына қарасты өндіріс мекемесінде жұмыс істейді екенсіз. Аталған қызметте жүргеніңізге қанша жыл болды?   Әлеуметтік қолдау жағы қалай? 

- Бұл мекемеге келмес бұрын қоғамдық жұмыс істегенмін.  Атыраудағы Зағиптар қоғамы төрағасының көмекшісі болып еңбек еттім. Біршама бастамалардың басы-қасында жүрдім. 2019 жылдың басында мен өндіріске ауыстым. Аталған өндіріс орнында жұмыс істеп жатқаныма 5 жыл уақыт болды. 2014 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында осы қызметке орналасудың сәті түсті. Жұмыста матрац, көрпе қаптаумен айналысамын. Еңбек тәртібі ыңғайлы, қиындық айтарлықтай жоқ. Бұл мекемеде 15-16  қызметкер жұмыс істеп келеді.  Жұмысымыз сағат 9:00-де басталып, кешкі 17:00-ге дейін созылады.

Осы шілде айының бірінен бастап зейнетақымыздың мөлшері өсті. Мәселен, бірінші топтағы жандар бұған дейін 77 мың төңірегінде жәрдемақы алса, қазір 89 мың теңгеден аса алады. Ал екінші топтағыларға 9330 теңге, үшінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 6491 теңгеге ұлғайды. Төлемдер әлеуметтік кодекс негізінде өсіп отыр. Соған қуаныштымыз. Жыл сайын мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламын. Әр жылдың қазан айында бізге 70 пен 50 мың арасында төлем беріледі. Мемлекет тарапынан қолдау жоғары деңгейде деп айта аламын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инклюзиялық қоғам құруға  баса назар аударып отыр.  «Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек»,-деген сөзі көпшіліктің көңіліне үміт отын ұялатты. 

- Жан серігіңіз – гитараңызбен халық жүрегін тербеп келесіз. Тағдырдың сынағын әуезді әндеріңізбен жеңіп келе жатырсыз.  Әңгімемізді туған жеріңіз, балалық шағыңыздан бастасақ...    

- 1976 жылы 3-қазанда Атырау қаласында өмірге келген екенмін. Әке-шешем қарапайым, қоңырқай тіршілік кешкен жандар болды. Анамның айтуынша 1 жасқа толмай жатып көру қабілетінен айырылыппын. Атырауда зағиптарға арналған білім ошағы мүлде болмағаннан кейін мені жолдамамен Алматыдағы Н. Островский атындағы арнаулы мектепке  жіберді.  Бұл 1984 жыл болатын, 8 жаста едім.  Бір өкініштісі, оқу ордасы орыс тілінде білім берді. Брайль әліпбиін меңгеріп, саусақ ұшымен сезіну арқылы оқуды үйрендім. Онда біз грифельмен тесіп жазатынбыз. Білім ошағында жүргенде  әнге деген құштарлығым оянды.  Осы бір қасиет нағашыларымыздан дарыған болса керек.  Оқушылық кезеңде түрлі  іс-шарада өнер көрсеттім.  Ең әуелі орысша, сосын италиян тілінде ән шырқай бастадым. Италияның аты әлемге мәшһүр жұлдыздары Адриано Челентано, Тото Кутуньолардың әндерін түпнұсқада шырқап жүрдім. Осылайша гитара аспабына деген қызығушылығым арта түсті. Ел арасында айтылып жүрген әндерді алты ішектің сүйемелдеуінде көпшілік ортада орындадым.

- Аға, кең тынысты қоңыр дауысыңыз Нұрлан Өнербаевқа ұқсайды. Өнердегі ұстазыңызбен танысқан сәтіңізді еске түсірейікші... 

- Мектепте оқып жүргенде мені әнші Нұрлан Өнербаевтың қоңыр дауысы бірден баурап алды. Әуелеген әніне елітіп, еліктеп ән айта бастадым. Бұл сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы әнші Нұрлан Өнербаев ағамыз театр саласынан бөлек эстрада жанрына бет бұрып, радио мен теледидардан жиі көріне бастаған шақ еді. 1991 жылы менің ұсынысыммен мектеп басшылығы   әншіні кездесуге шақырды.  Біздің  арнаулы мектепке келіп бір сағат көлемінде шығармашылық кешін өткізді. Сол кезде 14 жасқа шыққан  едім. Әдемі басқосу барысында ұстаздарым Өнербаевтың алдында гитарамен ән шырқауға шығарды. Мұғалімдер мерейімді асырып, белгілі өнер адамының алдында   қошеметтеп таныстырды. Ән шырқаған соң Нұрлан Өнербаев ризашылығын білдіріп арқамнан қақты. Концертке жиналған қауымның алдында «Смадияр, бүгіннен бастап менің шәкіртім!» деп ақ батасын берді. Қазір ағамыз Сарыарқаның төрінде, мен Ақжайықтың жағасында жүрсем де   шығармашылық байланысымыз үзілген жоқ. Биыл 31 наурыз күні өнердегі ұстазым Атырауға келіп концерт өткізді. 15 қазан күні Алматыда өнерсүйер көпшілікпен кездеспек екен. Концертіне қонақ болып қатысайын деп жоспарлап отырмын.

- Ары қарай өнер бағытында білім алуға не кедергі болды? 

- 1993 жылы Алматыдағы мектепті аяқтап туған жерге қайта оралдым. Оған әкемнің ауырып қалуы себеп болды. Келе сала зағиптар қоғамы жанындағы клубта бір жылға жуық ән салып жүрдім. Негізі Чайковский атындағы училищеде оқығым келген еді. Бірақ, диплом ала алмай қалдым. Бірақ әлі де кеш емес. Ілия Жақанов қартайған шақта  суретшілік мамандығын алды ғой. Мен де сол кісі сияқты келесі жылы оқуға тапсырайын деп отырмын.

- 1998 жылы республикалық «Жас қанат» байқауының лауреаты атаныпсыз. Ән додасына қалай тап болдыңыз?

- 1993 жылы қыркүйек айында Атыраудың бір топ өнерлі қыз-жігіттерімен бірге қалалық «Жас қанат» байқауына қатыстық. Бағым жанып облыстық жарысқа жолдама алдым. 1994 жылы ән додасына тағы да қатысып көрдім. Облыс халқы «Гитарашы жігіт» ретінде мені жақсы тани бастады. Осы ретте айта кету керек, маған қолғабыс еткен сол кездегі Жастар туризм және спорт басқармасының қызметкері Татьяна Зейнелқызының еңбегі ерекше. 1998 жылы Мұнайшылар мәдениет сарайында жұмыс істеп жүрген кезім. Сол кезде Атырауға әнші Айжан Нұрмағамбетова келе қалды. «Жас қанат» конкурсына қатысуға үлкен ықпалын тигізген сол кісі. Ән додасына Мәдениет үйінің директоры Марат Жексенбайұлы алып барды. Әншілермен бір сахнада ән салып көрермен көзайымы болғаным бар.    Сөйтіп,  Республикалық «Жас қанат» байқауының лауреаты атандым.  

- 2001 жылы   Атырауда    «Аққу сезім» атты алғашқы шығармашылық кешіңізді өткізгеніңізді білеміз.   Содан бері 20 жылдан аса уақыт өтті. Неге кеш бермей жүрсіз? Не кедергі?  

- Күні бүгінге дейін түрлі өнер ордаларында қызмет атқардым. Атап айтсақ Н. Жантөрин атындағы Облыстық филармония мен Мұнайшылар мәдениет сарайының сахнасында көп жылдар ән шырқадым. Сөйте жүріп облыстық және Республика көлеміндегі шығармашылық ән кештерінде өнер көрсеттім.

Шүкір, гитарадан бір сәт қол үзген емеспін. Репертуарымда Шәмші Қалдаяқовтың туындылары, Зәмзәм Дәуітов, Нұрлан Өнербаевтың орындайтын әндері бар. Есті әндерді әуелеткенді ұнатамын. Әндерімді аға буын, жасы үлкен кісілер жақсы тыңдайды.   Кейде халық әндерін де алты ішекпен орындаймын.  Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың да сазды  жырларын гитамен шырқағанды жақсы көремін.

Ал енді «неге кеш бермей жүрсіз?» деген сауалыңа келсем,  мен өзімді көпшілікке танытатын, өзіме лайықты ән таба алмағандықтан кешімді өткізуді құп көрмей отырмын. Күзде адам жаны жабырқайтыны сияқты түсініксіз бір халді кешіп жүргендеймін. Менімен бірге «Жас қанатқа» қатысқан Мадина Сағымбекова, Жанна Орынбасарова дейтін әншілер, «Аян» тобы алға озып, атақ-даңқы шығып кетті. Мен Атырауда өзім қалып қалдым. Кейін реті келіп жатса, кешімді өткіземін.

- Зәмзәм Дәуітовтің «Серіксіз бе едің құрбыжан?» әнін жеке орындауыңызда  тыңдап келеміз.  Композитормен ағалық-інілік қарым-қатынасыңыз қалай болды? 

- Бір топырақтың перзенті болғандықтан, Зәмзәммен де, Табылдымен де етене болдық. Бард әнші, ақын Табылды Досымовпен жақсы араластым. Бірақ көбіне Зәмзәм Дәуітовке жақын жүрдім. Зәмзәм мінезі жібектей есілген қандай нәзік жан болса, әндері де соншалықты нәзік-тін. «Жан досым» әнімен Мәскеуді бағындырған талант еді. Табылдының болмысы найзағай іспетті, шырқаған әндері де дауылдай екпінді, дариядай ағысы зор болатын. Осы әнімен Зәмзәм Дәуітов композиторлар конкурсында бірінші орын алған. Сырқаттанып өмірден өтіп кетті. Әйтпесе, талай биікті бағындырар еді.  

- Бүгінде ардақты әкесіз.  Төрт құбылаңыз іспетті төрт балаңыз бар екен.   Отбасыңыз жөнінде де оқырманға айтып берсеңіз...

- Құдай берген төрт перзентім бар. Қызым тұрмыста, екінші балам университетте оқиды. Одан кейінгі екі балам мектепте білім алуда. Ел қатарлы мұнайлы шаһарда өмір сүріп жатырмын. Алайда, бір жыл бұрын жұбайымның да көзі көрмей қалды. Әзірше үйде отыр. Жұмысқа барар алдында екі сағатқа далаға шығарып, серуендетемін. Осылайша тіршілік ырғағына ілесіп келеміз.  

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында инклизивті қоғам құру жайында жиі айтып келеді. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жөнінде тоқталсаңыз... 

- Жолдау аясында мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарға көп қолдау көрсетіліп жатыр. Тиісті әлеуметтік көмек алып отырмыз. Жыл сайын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жұмысқа тіркелеміз. Жасыратыны жоқ, Жолдаудан соң біздің қоғам инклюзияның не екенін енді түсіне бастағандай. Осы тұрғыда, инклюзивті қоғамдастықтардың қарыштап дамып келе жатқанын тағы да тілге тиек еткім келеді. Ең бастысы әр адам өзін инклюзивті ортада өмір сүруге дайындау қажет, тәрбиелеу қерек. Өйткені, инклюзия бәсекеге қабілетті білім мен салауатты қоғамның ажырамас бөлігі. Дәл осы құжаттың бір артықшылығы -  мүгедек адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелері тартылады. Күтуші мемлекеттен еңбекақысын алады  және әлеуметтік аударымдармен қамтылады. 

Сонымен қатар, Президент жұмысымыздың басым бағыттарының бірі ретінде  отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресуге назар аударып отыр. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізілгені жөн екенін айтты. Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына мән беруі тиіс. Еліміздің әр өңірінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қамсыздандыруға да мән берілмек.  Осы жұмыстар сәтімен іске асса  ел азаматтарының хал-ахуалы жақсы болады.

- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!  

Байланысты жаналықтар

Атырау облысындағы ең үлкен көпірде жүк көліктеріне уақытша тыйым салынды

17.11.2024

Атырауда құрылыс компаниясы үлескерлерді 313 млн теңгеге алдап соққан

03.11.2024

АШМ балық шабақтары қалай құтқарылып жатқанын көрсетті (ВИДЕО)

20.10.2024

Жер телімін заңсыз иеленгендерге 4 млн теңге айыппұл салынды

07.10.2024

Атырауда 15 жасар қыз зорланды: аяғы ауыр жасөспірім жанайқайын жеткізді

27.09.2024

Қайрат Нұртас Жұлдыз Әбдікәрімованы қолдау үшін Атырауға барды

19.09.2024
MalimBlocks
Атырау облысындағы ең үлкен көпірде жүк көліктеріне уақытша тыйым салынды

Көпірде жарықтар пайда болған

Атырауда құрылыс компаниясы үлескерлерді 313 млн теңгеге алдап соққан

Компания басшысы 5 жылға қамалды

АШМ балық шабақтары қалай құтқарылып жатқанын көрсетті (ВИДЕО)

Биыл маусымнан бері 120 млн-нан астам шабақ құтқарылған

Жер телімін заңсыз иеленгендерге 4 млн теңге айыппұл салынды

Заңсыз иеленген жер учаскелерінің аумағы 3,8 гектар

Атырауда 15 жасар қыз зорланды: аяғы ауыр жасөспірім жанайқайын жеткізді

Қазір 15 жасар қыз баланың аяғы ауыр, құрсағында төрт айлық сәбиі бар.

Қайрат Нұртас Жұлдыз Әбдікәрімованы қолдау үшін Атырауға барды

Әнші сахнаға көтеріліп, әйеліне гүл шоғын табыстады.