Ұлттық саз аспаптары - ұрпақ игілігі

Наурыз айы төл құндылықтарымызды ғана емес, ғажап үнімен алпыс екі тамырыңды иітіп, жүрекке терең бойлар саз аспаптарымыздың да дәріптелер уақыты. Әр аймақта халық қазынасын насихаттап жүрген өнерді түйсінер жандар жетрлік деуге болады. Шығыс Қазақстанда бірнеше жылдан бері тұратын Жанарбек Ғазезұлының ісмер қолынан шыққан қос ішекті саз аспаптарына таңдай қақпайтын жандар аз емес. Өнердің сыйқырын, тілін ұққан майталман маман даярлаған домбыра мыңнан асып жығылады екен. Шебер тынымсыз еңбектің нәтижесінде табысқа кенеліп, көкжиегі кең жауһар өнерімізді жер жерге айтарлықтай деңгейде дәріптеп келеді.
Қастерлі атақонысына Алтайдан сағынышпен оралған Жанарбек Ғазезұлы – шығыс аймағына есімі мәлім қолөнер шебері. Оған бұл қасиет арғы аталарынан дарыса керек. Елге қоныс аударған 13 жылдың ішінде талай күйші мен әншіге арнап домбыра жасаған. Оның қолынан шыққан домбыраның басты ерекшелігі – саз аспабы қос бетті.
«Екі беті бар домбыраны кішкентай күнімде бізге көрші тұратын ақсақал жонып отыратын еді. Сол кісінің сипаты ерекше домбыраны шерткенін де көрдік. Екібетті домбыра үйінде тұрғанына талай рет куә да болдық. Содан мен құлағыма сіңіріп алғанмын. Әлі күнге есімнен кетпейді. Қазақстанға келгеннен кейін төрт жылдан соң жасадым әлгі домбыраны. Жасап осындай қалыпқа келтірдім. Бұл енді тарихымызда бар дүние. Мен соны есту арқылы жасадым», -дейді қолөнер шебері.
Қолы ұсынақты шебердің туындыларына жай ағаш жарамайды. Ол ақ қайың мен үйеңкі ағаштарын қолданғанды құп көреді. Себебі, ағаштың бұл түрі беріктігімен ерекшеленеді. Ұстау үшін барынша ыңғайлы әрі сынғыш емес, ұзақ мерзімге дейін жарылмайды. Қолөнерші қызық мәліметке мойын бұруымызды өтінді. Бабаларымыз бағзы дәуірде ет салуға шақталған астауды үйеңкіден ойып тұрып әзірлеген көрінеді. Сондықтан, домбыра осы бағалы ағаштан шабылса үні майдақоңыр шығады. Қайыңнан жасалғаны анық та қанық үнімен баурайды. Егіз ішекті аспаптың беткі бөліктері көп жыл маң далада өскен самырсыннан шабылып, дайындалады екен.
«Домбыра шанағына қайың ағашы, сабына аққарағай қолданылады. Бетіне шыршаны алып саламыз. Саптың бетіне қап-қара боп өсетін африкалық ағаш салынады. Біз бұны Алматыдан алдырамыз. Басы қарағайдан, қарағаштан әртүрлі ағаштардан салына береді»,-дйді тәжірибесінен мысал келтірген кәнігі маман Жанарбек Ғазезұлы.
Кейіпкеріміздің аспаптарға ою-өрнекті бәдіздеп, қондыру әдісі өзге шеберлерге тіптен ұқсас емес. Шанағына өрнектерді төрт түлік сүйегінен арнайылап жасап салады. Жанарбек сонымен қоса бесік, төсек, үстел-орындықтарды да әзірлейді. Әр туындысының орынды, жөнімен шығуына жары Әмина Құсманханның қосқан үлесі қомақты дер едік. Отағасы жақсылап дайындаған домбыраларды ол әдемілеп безендіреді.
Ісмер азаматтың домбыра жасағанына 15-20 жылға таяу уақыт болыпты. Шебер уақытын ұту үшін бір жолда 10-15 домбырадан жасайтынын айтаты. Ал жеке бір домбыраны жасауға бір жұма уақыт кететін көрінеді. Ең қымбат екі жақты домбыра 150 мың теңгеге бағаланады. Одан бөлек мұнда 25 мыңнан 75 мыңға дейін бағада ұлттық аспап бар.
Ал алматылық Қуаныш пен Баянның отбасы үшін қара домбыраның орыны бөлек. Отағасы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның соңғы курсында оқығанда Баян енді студент атанған екен. Музыкаға оның ішінде домбыраға деген құштарлық олардың таныстығына, көп ұзамай отбасын құруына себепкер болыпты. Бүгінде балалары да домбыраны жақсы шертеді. Қыздары Мадина мен Динара күйлерді бір тартқаннан нотасыз-ақ, тез үйреніп алады екен.
Қуаныш Жұмағали тек домбырада шебер ойнаумен қатар, музыка жазады. жиырмадан астам күйдің авторы шығармаларын жинақтап, кітап қылып шығарған. Бүгінде «Асыл мұрам - ән мен күй» кітабын музыкалық мектептер оқу құралы ретінде қолданып жүр. Сонымен қатар, «Құлан саз», «Үшқоңыр» ансамбльдерін құрып, шәкірт тәрбиелеуде.
Ал отанасы Баян Игілік Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті, ұстаздық етумен қатар ғылыммен шұғылданады. 30 жылдан аса осы домбыра аспабын серік етіп, зерттеумен айналысып келеді. Домбырашы жақсы өнер көрсетуі үшін саз аспабын дұрыс таңдай білу де маңызды. Жұмағалиевтар отбасының әр қайсысында екі-үштен домбыра бар. Себебі, бірі шертпе күйге арналса, енді бірімен төкпе күйді күмбірлетуге болады. «Атадан балаға мұра болған ұлттық аспапты немере шөберелеріміз де кәсіби түрде меңгерсе екен» деп армандайды отағасы.
Қазіргі зерттеушілердің айтуынша домбыраның жиырмадан астам түрі бар көрінеді. Иә, өзіміз қарапайым қара домбыра дейтін аспабымыздың біз білмейтін, байыбына бара бермейтін қыр-сыры көп.
Соңғы кездері елімізде домбыра трендке айналды деуге толық негіз бар. Тарихтың тоғыз тарау шежіресінің сыры ашылмасын деген мақсатта домбыраға тоғыз тосқауыл перне тағылғандығы жөнінде аңыз-әңгіме бар. Тарихы тереңде жатқан домбыраны елімізге әкелу ұлттық мұрамызды насихаттаудың озық үлгісі болып қала бермек.