Жанболат Мамай да вакцина салдырыпты
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың мәлімдеуінше, қалада екі күннің ішінде 17 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Бүгін және 10 мың адамға вакцина салынбақ. Басқарма басшысы еріктілерге вакцина салу 3-4 күнге шегерілетінін де айтты.
Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру расымен де қарқынды жүріп жатқандай. Кешелі бері әлеуметтік желі «мен де вакцина салдырдым» деген жазбаларға толып кетті.
Мәселен, астанадағы саясаттанушы Марат Баширов «Мен де екпе салдырттым. Екпе алып жатқандардың көбі жастар. Кезек айтарлықтай. Instagram арқылы білген екен. Дәрігерлер, мейірбикелер мен психологтар кімнің іштей қорқып, қобалжып отырғанын сезеді. Дәрігерлер тамақты, температураны, қан қысымын тексеріп, бұрындары қандай аурумен ауырғандарыңды, қандай да препаратқа аллергия бар-жоқтығын да сұрап жатыр. Вацинадан кейін 30 минут күтесіз» деп жазды.
Белгілі алаштанушы, 31-арнаның ақпараттық бағдарламалар директоры Болат Мүрсәлім де Facebook парақшасында вакцина салдырғанын жазды.
"Спутник V" салдырдым. Коронавирус өршіп кеткенде, вакцина шықса салдырам деп ойлап жүруші едім, вакцина салдырудың реті бұнша тез болады деп күтпеппін. Терапевтім "салдырасыз ба?" деді, сөзге келместен тәуекел дедім. Белгілі дәрежеде реакция болатынын да білем, дәл маған келгенде сол реакция жеңіл болады деп үміттенем. Енді антидене қалыптасқанша сақ болу керек».
Сондай-ақ, қоғам белсендісі Жанболат Мамай да уақыт созбай вакцина салдырып алыпты.
«Алматыда жаппай екпе салдыру басталды. Бірақ, биліктің өзі үнсіз. Не Тоқаев, не Мамин, не Цойдың өзі мысал көрсетіп, ашық түрде екпе салдырған жоқ. Сөзбен айтады да, елмен бірге болудан қорқады.
Ал біз қашан да халықпен, елмен біргеміз. Билік қорықса, біз қорықпаймыз. Бүгін арнайы барып, ресейлік Спутник вакцинасын бірнеше адам барып өзімізге салдырдық. Халыққа не салып жатқанын көрейік, оның әсерін білейік деп. Артынан не болатынын сіздерге хабарлап айтамыз.
Екінші жағынан, алда қаншама митингтер ұйымдастырамыз, жиындарға қатысамыз. Көптеген адамдармен кездесеміз. Оларды да қауіп қатерге қалдырмауымыз керек деп санаймыз. Осы себепті, вакцинаны өзімізге салдырдық. Халықпен қашан да біргеміз! Ешкімге екпе салдыр я салдырма деп үгіттемейміз. Бұл - әрбір адамның жеке таңдауы» деп жазыпты Ж.Мамай.