Жиырма бес пайызға жалақы өсті

  • 13.01.2022

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп және колледж педагогтерінің, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы тағы 25 пайызға өсті деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз орталығы.

«Біз мұғалімдердің жалақысын көтерудің сөзсіз оң әсерін көріп отырмыз. Біздің кәсібімізге –педагог кәсібіне қазіргі таңда үздіктер келеді. Педагогикалық мамандыққа түсетіндердің ҰБТ орташа балы айтарлықтай өсті және  «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есеге көбейді. Мұғалімдердің еңбекақысын арттыру ел болашағына үлкен инвестиция. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Президент Қ.К. Тоқаев тапсырғандай, барлық педагогтер жоғарыланған жалақы алатын болады. Сонымен қатар, жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін төленетін үстемеақылар», – деп атап өтіпті бірінші вице министр Шолпан Каринова.

Педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша ақыларға байланысты есептеледі.

Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кітапханашылар, бухгалтерлер, зертханашылар және білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің жалақысы өскен. 2022 жылдың қаңтар айында олардың жалақысы орта есеппен алғанда 20 пайызға артып, ары қарай жыл сайын президент жолдауы шеңберінде өсіп отырмақ.