Жынданып өлген Оразбаева. Кеңестік кесір жүйенің құрбаны

Арнайы пансионат-үй бөліп, қасына дәрігер қойғанмен, жазылып кетпейді

Олжас Қасым

  • 11.09.2023

XX ғасырда Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тайыр Жомартбаев сияқты оқығандар әйел теңдігі мәселесін алғаш көтергені мәлім.  Солардың қатарында қаракөз қыздар құқығын қорғап, оларды ағартушылыққа, ғылым мен білімге үндеген әйелдер де бар-тын. Соның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-нің Атқару комитетінің төрағасы болған  Алма Оразбаева. Қазақ әйелдерінің түнекке толы өміріне жарық түсіруге жан-тәнімен еңбек еткен елеулі тұлға неге елеусіз қалды?    


Әріптес, замандасы Мәдина Бегалиеваның берген анықтамасына сенсек, Алманың балалық шағы бақытты өтпеген сияқты. Ата-анасы жалданып, күндік жұмыста пеш салушылар болатын. Алайда, оның әкесі мен ағасы ішімдікке салынып, өз өмірлерін өз қолымен тас-талқан етеді. Анасы тұрмыс тауқыметін аз көрмесе де, ұл-қыздарының көзі ашық, білімді болғанын қалаған. Содан да болар, Алма Бөкей ордасындағы орыс-қазақ қыздар мектебінен сауат ашады. Қатарластары «Жәңгірдің мектебінде 20 жыл ішінде тек 10 қыз оқыды, солардың бірі де бірегейі  – Алма», - деп жазған. Алғырлығының арқасында тәләм берген  ұстаздарының қолдауымен екі жыл Симбирскідегі чуваш мектебінде білімін толықтырған.  Алайда,  анасы 1910 жылы жоқшылықтың зардабын тартып, көз жұмуына, әкесінің өмірден өтуіне байланысты елге қайтып оралады.  Осылайша Ордадағы 2 кластық қыздар училищесі мен 4 кластық  қалалық курсты бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі атанды.  

Іле-шала  Казталовкадағы екікластық қыздар мектебінде ұстаздық еткен  Алма талай жастың зердесін оятып,  сауатын ашуға ықпал етті. Өрендердің ата-аналарына да педагогикалық насихат жасап қана қоймай, тұрмыс мәдениетін де үйретуге  күш салған. Білімге талпынған шәкірттерді  жанындай жақсы көрген. Оны біз әріптес құрбысы Антонина Доценкоға жазған хатында «Менде қазақ қыздары аз. Оларды мектепке тарту өте қиын», – деп жазуынан-ақ қазақ қыздарының болашағына  алаң көңілін  байқатады.

                           Орал қаласындағы әйелдер мектебі 

Алма тәрбиеленушілерінің, әсіресе кедей, жоқшылықты тұрмыстағы отбасының қыздары оқуды тастамасын деп, ауа райының боранды, жауын-шашынды күндері оларды өзі жүріп жинап, өзі таратады. Жағдайы ауырлары қыс бойы өзімен бірге тұрып шығады. Ол кезде Алманың өзі де қаржыдан, тұрмыстан қиналып жүрген кез еді.

Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы музейінің қызметкері Гүлжиян Сапарғалиеваның айтуынша, Оразбаеваны  тұрмыс-тіршілігінің жүдеу-жадаулығы  мұқалтпайды, бойындағы рух пен парасат тұлға болып қалыптасуына  басты негіз болады. «1917 жылы Ордаға ауысқан Алма, осы жылдың мамырында С.Меңдешевтің бастауымен өткен, бүкіл оқу жүйесін өзгертуді талап еткен мұғалімдер съезін және желтоқсан айында Бөкей облысында Кеңес өкіметінің жариялануын қуана қолдайды. Осы тұста ол ең алдымен өзінің кәсіби мамандығы бойынша танылады. «Мұғалімдік тыныш тіршілікпен шектелмеуі керек» деп, халыққа пайдалы іске тереңдей бойлайды. Тапталған жолмен емес, жаңа, танылмаған бағытты таңдайды. Бисен Жәнекешевпен қатарласып, Ордада құрылып жатқан Қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкінің жасақталуына үлес қосты. Оның түсінігі, ынта-жігері жауынгерлердің іскерлігін, саяси сана-сезімін көтеріп, сауатын ашса, өзіндей оқыған мұғалім қыз-келіншектер: М.Бегалиева, Е.Князева, К.Полякова, дәрігер М.Ниязоваларға да қозғау салып, олар да әскери Комиссариаттың саяси-ағарту бөлімінің ресми үгітшілерінің қатарына енеді».    

Белсенді Алма Оразбаева 1920 жылы Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне Бөкей ордасы атынан делегат болып қатысқан. Жиында қазақ өміріне қатысты заң жобаларының негізін қалыптастыруға ерекше әсер еткені айтылады.  Әсіресе, Бөкей ордасындағы әйелдер қозғалысын басқарып, кейін 1922 жылы Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитеті қасынан әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.  Қазақ әйелдерінің сауатсыздығын жою, оларды мәдени-қоғамдқ жұмыстарға тартуда Оразбаеваның сіңірген еңбегі өлшеусіз. Қайраткер қыздың әйелдер баспасөзінің негізін қалауы, «Жас қазақ» журналын ашып, нәзікжандыларды тәрбиелеу ісі жөнінде айтсақ ұзаққа кетіп қалармыз.

                       Алманың трагедиямен аяқталған өмірі

Баспасөз беттерінде Алма Оразбаеваның Моңғолияға іссапармен барып келген соң айықпас ауруға шалдығып, өмірден озғаны туралы жиі жазылды. Алайда, қоғамның мәселесін бірінші орынға қойған тұлғаның  жүйке ауруына ұшырап, жынданып өлгенін біле бермейміз.  Түптеп келгенде ол өзі қалтқысыз сенген Кеңестік кесір жүйенің құрбаны болды.  Басынан баяндайық.    

1929 жылы Алма Оразбаева Коминтерннің тікелей тапсырмасымен Монғолияға 2 жылдай уақытқа барған. Зерттеушілер «А.Оразбаева Монғолиядан қажып келді. Бұл құпия іссапар болуы керек. Ол жөнінде Коминтерннің архиві жабық болды», – деген болжам жасайды.  Бұл жөнінде татымды деректі  белгілі қаламгер, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің «Мәриям апа немесе, Арпалыста өткен ғұмыр» жазбасынан ұшыраттық.  Көрнекті ақын Мәриям Хакімжанова жазушыға айтқан естелігінде былай дейді. 

 «Алманың емшекте баласы бар екен. Сол сәбиге қарар деп ауылдан сіңлісін алдырады.  Емшектегі баласын байы мен сіңлісіне қалдырып Алма Монғолияға кете барады. Әйел адам сыртта қайдан жағдайы болсын, жадап-жүдейді. Алайда, коммунистік тапсырма, өз бетінше тастап кете алмайды. Бас тартуға тағы  болмайды. Араға жыл, не екі жыл салып Қазақстанға оралады. Күйеуі, сіңлісі қарсы алады. Сіңлісі екіқабат. Шермиіп тұр. Күйеуі жайлап әңгіме бастайды.

- Алма, сен Монғолияға кеткенде біз бәленше екеуміз қосылып

қойдық. Енді бала күтіп отырмыз. Сен, кешір!

- А –а – а-деген дауысы шығады Алманың. ...Алма жынданып

Кетеді». 

Айта кету керек, Мәдина Бегалиеваның берген анықтамасында Алманың 1925 жылы тұрмыс құрғаны жазылған. «Революцияның алғашқы жылдары тұрмысқа шығып, бағынышты болғысы келмеді, өзін толығымен қоғамдық жұмысқа арнағысы келді. Кейін Ордада жолдастар арасында, жақсы ұлы болғанын, сол қалауы туралы айтты» дейді. Сонда Петр Иванович Варламов оған: «пензалық еркекке тұрмысқа шық. Керемет ұлың болады» деп кеңес берген көрінеді. Бұл сөздері Алманың қаншалықты интернационал екенін көрсетеді. Қазіргі кезде бұл пікірлер ескірген. Бірақ, сол кездері бізге сәтті әзіл болып көрінетін»,-дейді.

Сөйтіп жүріп өмірін байланыстырған  Иван Каширин Қазақстандағы партизандық жасақтардың белгілі командирі болыпты. Алма Моңғол Халық республикасына сапарлап кеткен шақта ол Қазақ АССР-інің НКВД-нің бастығының бірінші орынбасары еді.  «Сүйгенінің опасыз әрекетінен соң Оразбаева  Кремль ауруханасында, кейін Тамбовта емделеді. 1930 жылдан бастап А.Оразбаеваның мемлекеттік және қоғамдық қызметі аяқталып, оған мемлекеттік деңгейдегі дербес зейнетақы тағайындалады. Күтіміне қаржылай қолдау көрсеткен өкімет жеңілдіктерін алған туыстары – ағасы Ғатауолла, сіңілісі Мадина оны Алматыға, елге Ордаға, Жәнібекке, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы, Жамбыл облысы өңіріне әкеліп сейілдетіп, үй жағдайында күтімге алғанмен жалынды қайраткер қайта сапқа тұра алмайды»,-деп пікір білдіреді Гүлжиян Сапарғалиева. 

Ал Құлбек Ергөбектің жазуынша, Алматыда арнайы ауруханада жатады. Арнайы пансионат-үй бөліп, қасына дәрігер қойғанмен, жазылып кетпейді. Мәриям Хакімжанова сіңілісінің хал-ахуалын біліп тұрған екен. «Алма Мәриямды танымайды. Жүдеген. Меңіреу. Ай далаға қарап отырады.Орынсыз ха-ха-лап күледі. Бебеулеп жылайды. Бірде томсырая қалады... Сіңлісі күйеуімен тұрып жатады. Бірақ, Алматыдан көшіп  кетеді»,- деп жазады Қ.Ергөбек. 

1937 жылғы Каширин репрессия құрбаны болып кетеді. Анасынан төрт, әкесінен он жасында жетім қалған баласы Альмарев Иванович Каширин балалар үйінде тәрбиеленіп ер жетеді.  Кейін сіңлісі Құсни нәпақа табу үшін  Алманы қолына алған. Не мақсатпен екенін кім білсін, жалынып-жалпайып үйіне енгізген әпкесіне зәбір көрсетсе керек.

 Хакімжанованың әңгімесінен Алманың ақырғы кезде  Шымкентте тұрып жатқанда, оны сол Құсни қақаған қыста  Оралға жайдақ машинаға жайғастырып, аттандырып жібергенін аңғарамыз. Сырқат жан  Машат асуы тұсында   суық боранға тап болып,   үсіп өлген деседі. Сүйегі айдалада қалған  алманың бүгінде зираты да  жоқ. Осылайша, қазақ әйелдерінің қамы үшін қызмет етіп, Ленин құрған үкіметтің көлгір саясатына маңдай берген қайраткер әйелдің ғұмыры трагедиямен аяқталды. Іздеушісі жоқ Алаш аруын дәріптейтін күн қашан туар екен?! 

Байланысты жаналықтар

«Байтақ» партиясы мен «Парасат» кәсіпкерлер Альянсы бірікті

24.09.2024

Байден мен Зеленский 26 қыркүйекте Ақ үйде кездеседі

20.09.2024

Перудің экс-президенті Альберто Фухимори қайтыс болды

12.09.2024

Қазақстанға ресми сапармен Германия канцлері Олаф Шольц келеді

07.09.2024

Президент тапсырмалары орындалуда

28.08.2024

Лукашенко шен алам деп, шекарасынан айырылып қалуы мүмкін

26.08.2024
MalimBlocks
«Байтақ» партиясы мен «Парасат» кәсіпкерлер Альянсы бірікті

"Байтақ" партиясы төрағасының орынбасары ауысты

Байден мен Зеленский 26 қыркүйекте Ақ үйде кездеседі

Президенттер Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы пікірлеседі

Перудің экс-президенті Альберто Фухимори қайтыс болды

Ол 16 жыл түрмеде отырған

Қазақстанға ресми сапармен Германия канцлері Олаф Шольц келеді

Президент тапсырмалары орындалуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтеріп, заңда экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуының маңыздылығына тоқталған болатын.

Лукашенко шен алам деп, шекарасынан айырылып қалуы мүмкін

Беларусь әскері Гомель облысының аумағына, Чернобыль АЭС-іне жақын маңда