Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың «Челсимен» келісімшарты ресми түрде күшіне енді. Бүгін, 12 тамызда футболшы 18 жасқа толып, кәмелет жасына жетті. Осыған байланысты оның лондондық клубпен келісімі заңды түрде іске қосылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сәтпаевтың «Челсиге» ауысатыны туралы ақпарат 2025 жылдың басында белгілі болған еді. Тараптар 2033 жылға дейін келісім жасасқан. Transfermarkt мәліметінше, трансфер құны 2,4 млн еуроны құраған.
Қазақстандық футболшы «Челси» сапына биыл шілде айында қосылды. Оның Англияға қоныс аударуы ФИФА ережелеріне байланысты кейінге қалдырылған болатын. Аталған ереже кәмелет жасына толмаған футболшылардың халықаралық трансферіне шектеу қояды.
Соған қарамастан Сәтпаев лондондық клубтың маусым алдындағы бірнеше бақылау матчына қатысып үлгерді. Ол тіпті «Челси» сапындағы алғашқы голын соғып, жанкүйерлердің назарын аударды. Бұған дейін қазақстандық шабуылшының қысқа мерзімді жалға алу шартымен «Қайратқа» қайта оралуы мүмкін екені айтылған. Сондай-ақ мансабын француздық «Страсбурда» жалғастыруы ықтимал деген ақпарат тараған еді. Бұл клубтың да иелері «Челсиге» тиесілі.
Айта кетейік, «Челси» – Англияның алты дүркін чемпионы. Лондондық клуб Чемпиондар лигасын екі рет, Еуропа лигасын екі рет және УЕФА Суперкубогын екі рет жеңіп алған. Сонымен қатар команда Конференциялар лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында да топ жарған.