freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

ЭЦҚ арқылы 70 млн ұрлаған: Көкшетаудағы бухгалтердің схемасы әшкереленді

Құқық
ЭЦҚ арқылы 70 млн ұрлаған: Көкшетаудағы бухгалтердің схемасы әшкереленді
Фото: ЖИ

Көкшетауда педагогикалық колледждің бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Ол аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақмола облыстық сотының мәліметінше, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бухгалтері 2021-2025 жылдар аралығында бюджет қаражатын жүйелі түрде иемденіп отырған.

«Айыпталушы өзінің қызметтік жағдайын және мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, “Online Bank” жүйесі арқылы жалған шығыс операцияларын рәсімдеген. Қаражат колледж қажеттіліктеріне жұмсалды деп көрсетіліп, іс жүзінде жеке мақсаттарына пайдаланылған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот материалдарына сәйкес, бухгалтер өзіне белгіленген мөлшерден тыс артық жалақы аударып отырған. Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке 70 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған.

«Сотта ол ұрланған қаражатты несиелері мен қарыздарын жабуға, сондай-ақ автокөлік, пәтер және автотұрақ сатып алуға жұмсағанын түсіндірді», – делінген хабарламада.

Сот оның кінәсін куәгерлердің айғақтары, аудиторлық қорытындылар, банк құжаттары мен сараптама нәтижелері арқылы дәлелденген деп таныды.

Жазаны тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындауын және кәмелетке толмаған баласының бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

«Сот үкімімен бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», – деп атап өтті сот өкілдері.

Сондай-ақ оның автокөлігі мен тұрақ орны тәркіленіп, мемлекет пайдасына материалдық шығын өндірілді.

«Өтелген 5 млн теңгені ескере отырып, білім басқармасының пайдасына 65 млн теңге өндірілді», – делінген ресми мәліметте.

Айыпталушының асырауында жас баласының болуына байланысты сот жаза мерзімін өтеуді кейінге қалдырды.

«Жазаны орындау 2027 жылғы 22 сәуірге дейін шегерілді», – деп нақтылады сот.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу