Қазақстанда қызылшаға шалдығу деректері азаймай отыр. Денсаулық сақтау министрлігінде эпидемиологиялық жағдайға байланысты шұғыл кеңес өтіп, аурудың таралуының басты себебі вакцинациядан бас тарту екені айтылды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай бойынша шұғыл кеңес өтті. Министрліктің мәліметінше, елдегі жағдай әлі де күрделі: өткен жылдың соңынан бері қызылша ауруының өсуі байқалады, оны толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Негізгі себеп вакцинациядан бас тарту деп айтылды.
Эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей:
ауырғандардың 79%-ы мүлде вакцина алмаған;
8,4%-ы екпенің толық курсын өтпеген;
10%-ының иммундық мәртебесі белгісіз.
Дәрігерлерді алаңдататын жайт вакцина алмаған балалардың 59%-ға жуығы ата-аналардың шешімімен екпеден тыс қалған. Жыл басынан бері Қазақстанда 1 951 қызылша жағдайы тіркелген. Ең көп сырқаттану көрсеткіші мына өңірлерде байқалады:
Астана 581 жағдай;
Жамбыл облысы 339;
Алматы қаласы 317;
Алматы облысы 146.
Қызылша – аса жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Вакцинация болмаған жағдайда ол ауыр өтіп, мынадай күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін:
пневмония;
есту қабілетін жоғалту қаупі бар отиттер;
жүйке жүйесінің зақымдануы, соның ішінде энцефалит;
сирек жағдайларда өлімге алып келеді.
Сонымен қатар қызылшамен ауырғаннан кейін адамның иммунитеті ұзақ уақытқа әлсіреп, ағза басқа инфекцияларға осал болады. Ерекше қауіп тобындағылар: балалар, вакцина алмаған ересектер, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар. Жүкті әйелдер үшін қызылша түсік тастауға немесе мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі қызылшадан қорғанудың вакцинациядан өзге сенімді жолы жоқ екенін атап өтеді. Екпе жеңіл қабылданады және аурудың өзі мен оның ауыр салдарларынан тиімді қорғайды. Ата-аналарға балалардың екпе мәртебесін тексеріп, Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес уақытында вакцинациядан өту ұсынылады. Қосымша ақпаратты EGU.KZ сайтынан және 7701 нөмірі арқылы алуға болады.