Рашид Жақсылықов: Ресей Каспий құбырын жекешелендірсе, қазақ мұнайының өндірісі тоқырайды

Ресей президенті Путин 23 мамырда АҚШ салған санкцияларға жауап ретінде Ресей аумағындағы Американың жылжитын және жылжымайтын мүлікін өз шығынын өтеу үшін тәркілеуге құқық беретін жарлыққа қол қойды.

Олжас Қасым

  • 29.05.2024

Сарапшылар бұл құжат Батыс елдеріне экспортталатын Қазақстан мұнайына кесірін тигізуі мүмкін деп отыр. Бұл қаншалықты рас?

Осы ретте Malim.kz экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовқа бірнеше сұрақ қойды.  


Құбыр болмаса, қара алтынның құны – көк тиын

- Кремльдің бұл шешімі Қазақстан мұнай өндірісіне, Каспий құбыр желісінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін бе? 

- Қазақстан – мұнай өндірісінің күретамыры. Егер құбыр болмаса, қара алтынның көк тиын құны жоқ. Басқа елдер түгілі, өзімізге пайда бермейді. Тек шикізат түрінде қалады. Оны өндіру бір бөлек, сатып алушыға жеткізу бір басқа. Өкінішке қарай, соңғы 2 жарым жылда балама жол іздеумен әуреленіп жүрміз. Қанша жол тапсақ та, ол Каспий құбырымен теңдесе алмайды. Каспий құбыры – ең қысқа және ең арзан. Сондықтан тиімді. Осы уақытқа дейін айтып келген Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы Еуропаға кететін болсақ, мұнай құны 48 доллардан арзан болып қалады. Бағаның құбылмалы екенін белгілі. Тіпті, 8 долларға дейін түскенін, өндірген мұнайдың үстінен ақша қосып беріп, сатып алуын өтінген кездер де болды. Тура сол жағдай қайталанса, тасымалдаудың түк пайдасы жоқ. 

Көп жұмыс істеп, соған тұратындай пайда табу қиын. Мұнай қаншама шақырым тасмалданып, бірнеше мемлекеттен өтіп, межеленген жерге әрең жетеді. Соның өзінде өндіру құныменен қоса есептегенде, бағасы 17 доллардан аспайды. Кез келген өндіруші үшін ең тиімдісі Каспий құбыр желісі (КТК – автор). 

Жалпы, еліміз жылына 90 миллион тонна мұнай өндірсе, аталған құбыр арқылы 60 миллион тонна қара алтын экспортталады. Ал 17-18 миллион тонна ішкі нарықта қалады. Тағы 15 миллион тонна өнім совет кезінде салынған «Достық» құбырымен, Ресей арқылы сыртқы шығып жатыр. Егер Ресей Каспий құбырын жекешелендіріп алып, ертең мұнайымызды өткізуден бас тартса, өндіріс тоқырайды. Бір ай немесе бір жылдың ішінде өндірген 60 миллион тонна мұнайды қайда өткіземіз? Олай болса, мұнай сорып тұрған скважиналардың бәрі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. 

Мұнай - саяси сауда құралы

- Қалай дегенмен, Саясат пен экономика егіз ұғым. Әрине, Сіз экономиссіз, дегенмен біз қозғап отырған тақырып та алдымен саяси себеп, одан соң экономикалық ықпалдың әсерінен туындаған. Қазақстан мұнайы Батыс елдеріне жетпесе, бізге де санкция қаупі төнуі мүмкін бе?

- Мұнай өндірісі – әрқашан саясатпен егіз. Егер мұнай болмаса, экономикамыз құлдырайды. Сондықтан мұнай – саяси сауда құралы. Егер Ресей мұндай қадамға барса, екі жеп биге шығады. Бірінші, өмір бойы армандап келген КҚЖ (КТК - автор)  құбырын жекешелендіріп алады. Сол арқылы Қазақстанға ықпалын күшейтеді. Мұндайды тіпті, елестетудің өзі қорқынышты. 

Бәріміз білетіндей, 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашты. Сол кезде Қазақстан «Батыстың нысанасына ілігіп қалмай ма?» деген сауал қойылды. Мен сонда «Батыстан емес, әуелі Ресейден қорқу керек» дегенмін. Айтып, ауыз жиып үлгерген жоқпыз, екі жарым жылдың ішінде Каспий құбыр желісі неше рет тоқтады? Неше рет бізді қорқытып, үркітті?! Егер желі Ресей есебіне жекешеленетін болса, жағдай ушығады. 

Дүние бейбіт болсын десек, жекеменшік құндылыққа қол сұқпауымыз керек. Адамның жеке шекарасы сияқты, экономиканың да «жекесі» бар. Өркениет дамыған сайын қарым-қатынас қиындап бара жатыр. Бұрын «кәсіпкер уәдесі» деген ұғым болған. Қазір ол құрғақ сөз ғана. Бұл – жақсы үрдіс емес, әрине. 
Ал «АҚШ бізге санкция сала ма?» деген сауалға келсек, ондай қауіп жоқ. Батыс бізбен жақсы қатынаста болғысы келеді. Бұрын Ресейде қалған өндіріс орындарын қазір біздің нарыққа шығаруға мүдделі. Бұл жерде біздің үкімет осы сәтті тиімді қолданып, өз пайдасына жұмыс істеуі керек.

Қытайға экономикалық тұрғыда әлсіз болғанымыз керек шығар

- Жақында Қазақстан мен Ресей үкіметтері Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау келісімін 10 жылға ұзартты. CNPC мұнай компаниясы біздің батыс өңірлерде жұмыс істеп жатыр. Ресей Каспий құбыр желісін бұғаттаса, мұнайды Қытайға сата аламыз ба? 

– Біріншіден, Қытайға біздің мұнай қажет пе? Екіншіден, олар пайдаланатын құбыр 20 миллион тоннна ғана мұнай тасымалдайды. Құбырдың тасмалдау мүмкіндігін 60 миллион тоннаға жеткізу үшін біраз қаражат керек.

Қытайдың сұранысы болса, баяғыда-ақ айтушы еді. Ұсыныс жақсы, бірақ экономикалық шешімі болу керек. Ол ұсыныс біздің, яғни, өндірушінің ғана талабынан тұрмайды. Тұтынушының да сұрауы бар. Бұл – баланың ойыны емес, мемлекетаралық келісім. Мүмкін, Қытайға біздің экономикалық тұрғыда әлсіз болғанымыз қажет шығар. Ол жағын білмейміз. Біз Қырғызстан мен Өзбекстанның өзімізден мықты болып кеткенін қаламаймыз. Сол сияқты дүние. Оңай нәрсе болса, тәуелсіздік алғалы 30 жыл уақыт өтті ғой. Тоқетерін айтсақ, шамамыз келгенше, Каспий құбырын сақтап қалу керек. Экономикалық тұрғыда саяси тәуелсіздікті нанға айырбастамау қажет.     

– Қазір ел экономикасы қандай деңгейде? 

– Отандық экономика әлсіреп тұр. Өнімді көбейту емес, теңге құнын сақтау үшін ғана жұмыс істеп жатырмыз. Ақша құнсызданса, халықтың жағдайы төмендейді. Бюджет 30 жыл бұрынғы инвесторлардан түсетін қаржымен толығады. Бірақ келер ұрпаққа сенімді экономика қалыптастырып бере алмай отырмыз. Егер ел экономикасы мықты болса, неге азаматтар шетелде жұмыс істеп жүр?! Бізде ең төменгі жалақы 48 000 теңге. Ал оған қалай күн көресің?! Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 800 доллар. Сондықтан, мұнай өндірісіне қуанып, шүкір айтуымыз керек. Ол болмаса, тіптен қиын.

Экономиканың гүлденіп, даму мүмкіндігі бар деп те айта алмаймын. Неге десеңіз, үкіметтің жоспары мен өзіне алып жатқан міндеттемесін естіген жоқпыз.  

Сұхбаттасқан Олжас ҚАСЫМ

Фото: Р. Жақсылықовтың жеке мұрағатынан