Өскеменде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жүлдегерлері марапатталды

Арман Қайыпхан

  • 04.09.2024

Отбасылық құндылықтардың жаршысына айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Malim.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні мерекесі қарсаңында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғимаратында «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

Мерейлі отбасы – тек өзара жақсы қарым-қатынасты сақтап қоймай, сонымен қатар қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мейірімділігі мен қолдауын көрсете алатын отбасы. Мұндай отбасылар балаларын жақсы тәрбиелеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, әлеуметтік жауапкершілік пен отансүйгіштік қағидаларын да ұстанады.

Шараға өңіріміздің аудан-қалаларында жеңіс тұғырынан көрінген ең үздік отбасылар қатысты.

Отбасы – қоғамның негізгі әрі маңызды құрылымы. Халқымыз қашанда отбасы дәстүрін құрметтей білген. Өзара түсіністік, мейірімділік пен сыйластықты ұстанатын, ынтымағы жарасқан берекелі отбасылар – көпке үлгі-өнеге болады. Бұл байқау арқылы отбасылар өздерінің жақсы тәжірибелерімен бөліседі, оларға қарап жас отбасылар бой түзейді. Мерейлі отбасылар көп болса, еліміз де мықты болады, - деді облыс әкімінің орынбасары, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Ербол Нұрғалиев.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, әйелдер істері, отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Альмира Жұмабаеваның айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сол уақыттан бері аталған байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Ал биыл облыс бойынша 136 өтінім берілді.

Байқау нәтижесінде Риддер қаласынан Оразаевтар, Глубокое ауданынан Тоқтаубаевтар, Катонқарағай ауданынан Жатағановтар, Күршім ауданынан Нұрсадықовтар, Тарбағатай ауданынан Жүрекбаевтар, Самар ауданынан Мұрсәлімовтер, Шемонаиха ауданынан Сабырбековтер және Өскемен қаласынан Гумаровтар отбасы арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Зайсан ауданынан келген Бозтаевтар отбасы жүлделі үшінші орынды, ұландық Нажитбан отбасы екінші орынды иеленді.

Ал Алтай қаласынан келген Қыдырхановтар отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетейік, Қыдырхановтар отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Аслан Қыдырханов – Алтай қаласындағы №9 орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі, темірден түйін түйген қолөнер шебері. Жұбайы да білім ордасында математика пәнінен ұстаздық етеді. Екі қызы қазір студент. Қыздарының бірі мектепті «Алтын белгіге», екіншісі үздік аттестатқа тәмамдаған, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, ұлы да облыстық байқаудың жеңімпазы.

Осыншама үлгілі әулеттердің арасында жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз, ерекше сезімде тұрмыз. Байқауды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Отбасы құндылықтары жайлы айтар болсам, жанұяда әрдайым татулық пен ынтымақ болуы керек. Балалар айтқанды емес, көргенін істейді. Сондықтан ата-аналар баланы емес, алдымен өздерін тәрбиелеу керек. Біз бұл тәрбиені әкеміз бен анамыздан алдық, - дейді Аслан Қыдырханов.

Салтанатты шара барысында «Алтын той» иелері Жұмабаевтар отбасы үлгілі жас отбасы Ришат пен Алина Оспановтарға және байқауға қатысқан барша жанұяларға ақ батасын берді.

Сондай-ақ шара аясында отбасы құндылықтарына арналған тақырыптық суреттер мен кітаптар, отандық өндірушілердің киімдері мен ұлттық зергерлік бұйымдардың көрмесі де ұйымдастырылды.

Фото: altainews.kz

Байланысты жаналықтар

Өскеменде жаңа мешіт ашылады

17.09.2024

«Eastiler» - мықты жастардың ортасына айналған ұйым

16.09.2024

Ең үлкен картоп. Бағбандар арасында байқау өтті

09.09.2024

«Таза Қазақстан» : Өскеменде 100-ден астам эко-шара өткізілді

04.09.2024

Өскеменде қазақ тілінде білім беретін мектеп ашылды

01.09.2024

Өскеменде қала әкімі караокемен ән шырқап, жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)

31.08.2024
MalimBlocks
Өскеменде жаңа мешіт ашылады

Ашылу салтанаты қыркүйектің 27-не жоспарланған

«Eastiler» - мықты жастардың ортасына айналған ұйым

«Eastiler» атауы бірнеше мағына береді: «дауысымыз билікке, халыққа естілер», «есті жандар, ақылдылар», «шығыстықтар»

Ең үлкен картоп. Бағбандар арасында байқау өтті

Бір картоптың салмағы - 1 келі

«Таза Қазақстан» : Өскеменде 100-ден астам эко-шара өткізілді

Бүгінгі таңда су қоймаларын  жақсарту бойынша ауқымды жоба дайындалуда

Өскеменде қазақ тілінде білім беретін мектеп ашылды

1 қыркүйек – Білім күні Өскемендегі Нұрлы жол шағын ауданында ірге көтерген жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды.

Өскеменде қала әкімі караокемен ән шырқап, жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)

Қалада Контитуция күні мен қала күніне орай бірнеше шара ұйымдастырылған