Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов "31" медиахолдингін сатты
Құрамына "31 арна" телерадиокомпаниясы мен Informburo.kz ақпараттық порталы кіретін «31» медиахолдинг меншік иесін ауыстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Холдингтің жаңа иесі - "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры.
Қоғамдық қордың директоры Дана Рысмұхамедованың айтуынша, олардың басты миссиясы – еңбек адамының құқығын қорғау, ағарту, қатардағы қазақстандықтарды қолдау және азаматтық қоғамның рөлін арттыру.
Біздің жақтастарымыз елімізді жақсы жаққа өзгертуге дайын белсенді азаматтар. "31" медиахолдингін біз өз құндылықтарымыз негізінде адамдарды біріктірудің қосымша мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Мен өзім көп жылдар бойы "31 арнада" жұмыс істедім және оны одан әрі дамыту үшін барлық білімім мен тәжірибемді қолдануға дайынмын. Біз "31 арна" аудиториясын бағалаймыз, оны миллиондаған қазақстандықтар жақсы көріп, тамашалайтынын білеміз. Біздің мақсатымыз- оны одан да танымал, қызықты әрі сұранысқа ие ету, - дейді Дана Рысмұхамедова.
"Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақановтың айтуынша, медиахолдингтен "СТС Медиа" кеткеннен кейін олар басқа сатып алушыны іздеген.
Біз "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қорымен келісім жасасқанымызға қуаныштымыз, себебі оның басшылығында тәжірибелі медиаменеджерлер бар. Телеарна мен ақпараттық портал үшін өсудің жаңа кезеңі басталатынына күмәнім жоқ. Біздің тәжірибелі менеджерлеріміздің командасы өз саласыының көшбасшылары. 2023 жылы осы жобадағы серіктесіміз болған "СТС Медиа" компаниясы "31" медиахолдингінен шыққаннан кейін біз осы активті сатып алып, оның одан әрі дамуын қамтамасыз ете алатын ұйым іздестірдік, – деді Ақанов.
"Әділдік және Өркендеу" қоғамдық қорының Қазақстанның барлық 20 өңірінде өкілдіктері және 5000-ға жуық жақтасы бар. Қордың құрылтайшылары: "31 арна", "Алматы" телеарнасы, "Қазақстан" РТРК сияқты медиаұйымдарды басқарған Нұржан Мұхамеджанова және Гүлжан Марқабаева.
Қордың мақсаты - президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларға өз үлесін қосуға ынталы, белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтарды біріктіру. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – ел дамуының кепілі. Бұл ретте қор белсенділері халық пен билік арасын жақындастыра отырып, әрбір азаматтың үнін жеткізуге тырысады.
Айте кетейік, Болат Өтемұратов 2024 жылы Қазақстандағы ең бай бизнесмендерінің тізімінде 6-орынға ие болды. Бизнесменнің бақылауында "Верный Капитал" тобы да бар.
Фото: "Верный Капитал"