Талғардағы оқиғаға ботоферма араласты деген ақпарат тарады
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы Қазақстандағы ботоферма белсенділігінің артқанын байқаған. Бұл туралы Орталық өзінің Телеграммдағы аккаунтында жариялады.
Орталықтың Telegram-дағы мәліметіне сүйенсек, өткен аптада Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы әлеуметтік желіде Талғардағы трагедияны талқылауға байланысты қалыптан тыс белсенділікті анықтаған.
КШТТО мамандарының мәлімдеуінше, мұндай жазбалардың басым бөлігі TikTok және Instagram желісінде жарияланған. Олардың кейбірі бірнеше күнде жүз мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Ал видеодағы митингілер шындыққа жанаспайды.
«Осы маңызды оқиғаға деген қызығушылықты әлдекімдер өз күн тәртібін ілгерілету үшін пайдаланып жатыр. Алматыда және басқа қалаларда өткен митингілер туралы жалған ақпарат пайда болды. Парақшалар мен пікірлерді (50 мыңнан аса) талдау боттардың үйлесімді жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Осы ретте біз кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға және желідегі мәліметтің дереккөзін екі рет тексеруге шақырамыз!», - делінген хабарламада.