«ӘЧ-2034»-ті Сауд Арабиясы өткізеді. ФИФА-ны не түртті?
Әлем чемпионатын Сауд Арабиясында өткізу туралы ресми шешім 2024 жылдың желтоқсанында ФИФА конгресінің отырысында қабылданды
Фото: ВВС
2034 жылғы футболдан әлем чемпионаты Сауд Арабиясында өтетін болды. ФИФА-ның бұл шешіміне қарсы уәж айтатындар көп. ФИФА-ның тоталитар елге бүйрегінің бұруы көптеген халықты алаңдатқанымен, корольдіктің спортқа көл-көсір инвестиция құя бастауы осы шешімді қабылдауға әсер еткенін ешкім жоққа шығармайды, дейді сарапшылар. Біз ВВС агенттігі жариялаған зерттеу мақаласын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Процедураның ерекшелігі
Әлем чемпионатын Сауд Арабиясында өткізу туралы ресми шешім 2024 жылдың желтоқсанында ФИФА конгресінің отырысында қабылданды, бірақ бұл тек формальды қадам болды, дейді басылым.
2023 жылдың қазан айында Сауд Арабиясының жалғыз бәсекелесі — Австралия өз кандидатурасын қайтарып алғаны белгілі болды. Австралия бұл сайыстан ұтылатынын сезіп, ФИФА өтініш беруге бір айға да жетпейтін уақыт бергеніне налыды.
Таңдау процесінің күмәнді тұстары
Көптеген сыншылар осы процесстің ашық еместігін және есеп бермейтінін айтып, ФИФА-ны айыптады. Алайда, ФИФА өз шешімін дұрыс деп санайды.
ФИФА президенті Джанни Инфантино кезінде Сауд Арабиясымен тығыз байланыс орнатқан болатын. Сауд Арабиясы 2023 жылы футболдан клубтар арасындағы әлемі біріншілігін қабылдады, сондай-ақ ФИФА Сауд Арабиясының Aramco мемлекеттік мұнай компаниясымен тиімді демеушілік келісіміне қол қойған.
ФИФА-ның басы даудан арылмай тұр. Ұйымның экс-басшылары Ресей мен Катардағы әлем чемпионаты үшін пара алды деп күдікке ілінген.
Өзге елдер не дейді?
Норвегияның футбол федерациясы өтінімдерді қабылдау процесі «ФИФА-ның басқару жөніндегі реформаларын бұзады» және «ұйымға сенімсіздік күшейеді» деп мәлімдеп, дауыс беруден бас тартатынын хабарлады.
Батыс Еуропадан тыс елдердің көпшілігі Сауд Арабиясының өтінімін қолдаған.
Англияның футбол қауымдастығы өз позициясын әлі жарияламады, алайда ВВС деректері бойынша, адам құқықтарын қорғайтын жоғары лауазымдағылар қолдамаған, бірақ Англия командасының ӘЧ-ге қатысуына кедергі болмау үшін үнсіз қалған.
Көптеген сұрақ спортпен тікелей байланысты емес
2024 жылдың наурызында Guardian газеті Сауд Арабиясындағы Бангладештің мигрант- жұмысшыларының жұмбақ өлімдерінің көптігін анықтағанын хабарлады. Эр-Рияд өз елінің стандарттары мен ережелерін қорғағанымен, ФИФА-дан Сауд Арабиясына әлем чемпионатын өткізу құқығын бермес бұрын елде қажетті реформаларды іске асыруды талап етті.
ФИФА үшін Сауд Арабиясының арнайы заңгерлік фирмасының жергілікті бөлімшесі дайындаған есепті құқық қорғаушылар сенімсіз деп бағалап, қабылдамады. 2023 жылдың қарашасында Amnesty International ФИФА-ны Сауд Арабиясының өтінімін қарауды уақытша тоқтатуға шақырып, «адам құқығын қорғаудың одан әрі нашарлауынан» сақтандырды.
Қазан айында 100-ден астам кәсіби футболшы әйел ФИФА-ға Aramco-ның демеушілігінен бас тартуды сұраған ашық хаты жарияланды.
Дегенмен, кейбір футболшылар өз пікірлерін ашық білдірмеуге тырысады, себебі бұл олардың Сауд Арабиясының кәсіби футбол лигасына ауысу мүмкіндігіне кедергі болуы мүмкін.
Чемпионат қалай өтеді?
2034 жылғы чемпионатты жоғары деңгейде өткізу жоспарланған. Сауд Арабиясы 15 жаңа стадион салуды жоспарлап отыр (оның ішінде үш стадион құрылыс басталған, сегізінде жұмыстар әлі басталған жоқ), ойындар бес қалада өтеді, олардың бірі – болашақта салынатын футуристік Neon кешені.
ФИФА-ның бағалау есебінде «таңғаларлық стадиондар, олар жоспар бойынша салынса яки жаңартылса, заманауи инфрақұрылымның барлық мүмкінгдігін ұсына алады» деп көрсеткен.
Сауд Арабиясының спорттағы ықпалы қаншалықты зор?
Көптеген адамдар Сауд Арабиясында әлем чемпионатының өтуін елдің спорт саласындағы ықпалының айтарлықтай артқанын көрсететін фактор деп санайды, сондай-ақ бұл мүмкіндіктердің, қақтығыстар мен даулардың да белгісі саналады.
Сауд Арабиясы 2021 жылдан бері спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге миллиардтаған доллар инвестиция құйды. Сол кезден бастап Сауд Арабиясы «Формула-1» жарысын, футболдан клубтар арасындағы әлем біріншілігін, сондай-ақ бокс, теннис, гольф және ат спортының жетекші турнирлерін өткізді.
Соңғы жылдары Сауд Арабиясы 900-ден астам демеушілік келісім жасасқан және көптеген ресми келісімдерге қол қойды, бұл елдің спорттағы ықпалын арттырып, оның халықаралық сахнадағы рөлін кеңейтуде.
Әлем чемпионаты Сауд Арабиясын жаңа деңгейге көтере ме?
Әлем чемпионатын өткізу Сауд Арабиясын жаңа деңгейге көтеріп, болашақта Олимпиада ойындарын қабылдау туралы өтінім беру үшін негіз қалайды деп болжам жиі айтыла бастады.
Спорттың беделін түсіре ме?
Көптеген сыншылар Сауд Арабиясының кандидатурасын ФИФА тарихындағы ең даулы шешімдердің бірі деп санайды және бұл чемпионат елдің имиджін жақсартуға пайдаланылуы мүмкін деп алаңдайды.
Сауд Арабиясын Батыс елдері ұзақ жылдар бойы адам құқықтарының сақталмауы, әйелдерге қысымның көбеюі, гомосексуализмді қылмыстық заңмен қудалау, сөз бостандығын шектеу, өлім жазасын қолдану, 2018 жылы журналист Джамаль Хашогидің өлтірілуі, әлеуметтік желілерде саяси оппозиционерлерді қудалау, Йемендегі қанқұйлы соғысқа қатысу бойынша үздіксіз сынап келеді.
Сауд Арабиясында соңғы жылдары әйелдердің құқықтары жөнінде маңызды реформалар жүргізілсе де, сыншылар мұны жеткіліксіз деп санайды.
2023 жылы Сауд Арабиясы өлім жазасының саны бойынша әлемде үшінші орынға шықты, ал 2024 жылы 300 адам өлім жазасына кесілді, бұл ресми мәліметтер бойынша рекордтық көрсеткіш. Биыл Манахель аль-Отайби әлеуметтік желілер арқылы әйелдерге еркек туысынан рұқсат алмай үйленуге немесе саяхатқа шығуға құқық беруді талап еткен үшін 11 жылға сотталды.
Бұл елде әйелдерге стадиондарда ойындарды көруге тек 2018 жылы рұқсат берілді, содан кейін әйелдердің кәсіби футбол лигасы құрылып, қазір онда 70 000-нан астам қыздар тұрақты түрде ойнайды. Сонымен қатар, әйелдер ұлттық құрамасы да құрылды.
Сауд Арабиясының билігі өз өтінімінің мақсаты экономиканы әртараптандыру, туризмді дамыту және жастарды белсенді өмір салтына ынталандыру деп мәлімдеді.
Чемпионат өзгеріске жол аша ма?
2022 жылы Катар қауіпсіз әрі есте қаларлық турнир өткізгенімен, көпшілік адам құқықтары, дискриминациялық заңдар мен футбол күнтізбесін қайта құру сияқты ұзаққа созылған даулардың енді Сауд Арабиясында да қайталануы мүмкін деп санайды.
Дегенмен, Инфантино бастапқыдан-ақ Сауд Арабиясында чемпионат өткізу идеясын қолдаған сияқты.
Катардағыдай Сауд Арабиясы да спорттық инфрақұрылымдарды негізінен Оңтүстік Азиядан келген мигрант жұмысшылардың күшімен тұрғызу жоспарлануда, бұл елде 13 миллионнан астам шетелдік тұрады, алып құрылыстар тұрғызу үшін жұмысшылардың жағдайы жасалуы керек, бұл көптеген елдің алаңдаушылығын тудырып отыр. 2010-2022 жылдары Катардағы чемпионатқа жасаған зерттеулерде адам құқықтарының бұзылуы, жұмысшылардың өлімі, жарақаттануы, ауруға душар болуы мен жалақыларының төленбеуі туралы айтылған.
Катардағы чемпионатқа дайындықты бақылаған БАҚ жазбаларынан кейін кейбір еңбек реформалары жеделдетілгенімен, ФИФА өз есебіндегі маңызды ұсынысты орындамады, яғни зардап шеккен жұмысшыларға қаржылай өтемақы төлемеді.
Өткен жылы Сауд Арабиясының билігі Катардағыдай жұмысшылар құқығының бұзылмайтынына кепілдік берген болатын. Дегенмен, ФИФА-ның Сауд Арабиясы туралы бағалау есебінде «заңдық реформалар қажет болатын салалар» мен «құқық саласында тиімділік болмағандықтан, еңбекшілердің өміріне қауіп сейілмеген» деп айтылған.
Amnesty International ұйымы «адам құқығы жөнінде көптеген олқылықтар бар» деп, Сауд Арабия билігін түбегейлі реформалар жүргізуге шақырды. Егер бұл реформалар жүзеге аспаса, чемпионат сәтті өтеді деп айту қиын.
Экология мәселелері
Экологтар Сауд Арабиясын, әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы елді климаттың өзгеруіне теріс ықпал етеді деп ұзақ уақыт бойы айыптап келеді. Эр-Риядтың климат өзгеруімен күреске кедергі келтіретін әрекеттері де сынға ұшыраған.
Спорттың жалпы жағдайы үшін бұл не білдіреді?
Сауд Арабиясында өтетін чемпионат әлемдегі спорттың маңызды ойындарының Таяу Шығысқа қарай беталғанын көрсетеді.
Егер бұрын Катар мен Сауд Арабиясының 12 жыл ішінде екі әлем чемпионатын өткізеді десе, бұл көптеген адамдарға фантастика болып көрінер еді. Бірақ осы елдердің байлығы мен спорттық ұйымдардың табыс пен жаңа нарықтарды іздеуі оларды ең ірі футбол турнирлерін өткізетін жерге айналдырды.
Сауд Арабиясы – репутациясы онша емес болса, ірі спорттық турнирді ұйымдастырған жалғыз ел емес: соңғы 20 жылда Ресей футболдан әлем чемпионатын және Олимпиада ойындарын өткізді, ал Қытай жазғы және қысқы Олимпиададан бас тартқан жоқ.