«Досаев қала түгіл лашық басқара алмайды!» Алматыдағы бейбіт митинг қалай өтті?

Алматыда қаңтардағы қанды қырғыннан кейін алғаш рет ауқымды митинг өтті. Ғылым ордасы ғимараты маңына жүзге жуық адам жиналды. Бастапқыда қалаға жаңа тағайындалған «Ерболат Досаев қызметінен кетсін» деген лозунгпен басталған шара аяғында әртүрлі ұрандар айтылды. Халықтың несиеге белшеден батқанынан бастап, «қаңтарда қайтыс болғандардың өліміне президент Тоқаев кінәлі» деген пікірлер болды.

Ақниет Аманжолқызы

  • 06.02.2022

Митингті азаматтық белсенділер Айгерім Тілеужан мен Анар Назарова ұйымдастырып, алдын ала қала әкімдігінен келісім алған. Айта кетейік, бұған дейін Досаев қалаға әкім болып келген кезде қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған адамдарды еске алуға арналған қаралы митинг өткізуге рұқсат бермей, себебін эпидемиологиялық жағдайға байланысты деп түсіндірген.

Халық Ғылым ордасы алдындағы саябаққа сағат 11-ден бастап жиналды. Шарада әдеттегідей полиция, әкімшілік қызметкерлері және жедел жәрдем көліктері болды. Алайда бұл митингтің алдыңғылардан ерекшелігі мұнда интернет желісі бұғатталмай, кетлинг болмады. Бұрын ешбір митингтен хабар таратпаған мемлекеттік арналар да алаңға келіп, жұмыс атқарды. Қала әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері келген БАҚ өкілдерінің тізімдерін жасады, бірақ бұрынғыдай қызметтік құжаттарды тексермеді.

Қара түсті маска тағып алған әкімдік өкілдері жиналғандарды видеоға түсіріп, журналистермен тілдескен әр адамның аты-жөнін бір-біріне айтып жүрді. Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдына орнатылған трибуна Ғылым ордасына қарама-қарсы орналасқан. Ол ғимараттың жоғарғы қабатындағы балконында бірнеше адам митингті басынан-аяғына дейін бақылап тұрды. Митинг аяқталғанда қызметтік көліктеріне отырып, кетіп қалды.

Шараға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан бір топ адам келген. Олар әкімдік өкілдерін қыспаққа алып, «қамалған жастардың орнына бізді түрмеге жабыңдар», «86-да сендер үшін емес, еркіндік үшін шықтық алаңға» деп айтып жатты. Әкімдік өкілдері алдымен оларға басу айтып, кейін артқа шегініп, кетіп қалды.

«Елім-жерім деп жүрген жас жігіттерді кінәсіз қорлап жатыр. Не деген сұмдық бұл? Кезінде 86-да бізді дубинкамен ұрып-соққан. Мені сапер-күрекпен ұрып денсаулығымнан айырған. Бірақ оқ атқан жоқ. Қарапайым халыққа оқ ату деген сұмдық қой. Енді айтқан террористерін таба алмай, жастарды жазалап, қорлап жатқаны бұл әділетсіздік. Оларды босатуын талап етеміз. Біз жастарды құтқаруымыз керек. Егер қажет болса, солардың орнына бізді қамасын түрмеге. Бірақ жастардың обалына қалмасын», - деді 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан Анархан Мұхамеджанова.

Белсенділер плакат тарата бастады. Олардың қағаздарында «Досаев, кет!»,  «Досаев Қазақстанның қаласы, облысы, ауданы, ауылы түгілі, лашығын басқаруға лайықты емес!», «Менің қалам! Менің әкімім! Менің таңдауым!», «Қала әкімін өзіміз сайлаймыз!» деген сынды ұрандар болды.

«Мен Ерболат Досаевтың кетуін талап етемін. Бұл шіріген жүйенің олигархы. Назарбаевтың ең жақын адамы. Бұл кене секілді келген жерінде сорып отыра береді. Жүрген жерінде шөп шықпайтын адам ғой. Өзінің тілін білмейтін, қазақша түсінбейтін, сонда бұл кісіге барған кезде біз деген аудармашы алып баруымыз керек пе? Митингке рұқсат беріп, халықты алдап жатыр. Бізге рұқсат беріп те керегі жоқ. Олардың рұқсаттарынсыз-ақ шыққанбыз, шыға береміз. Себебі елде заң жұмыс істемейді. Өздері ойлап тапқан заңға өздері қарсы шығып, таптап жатыр», - деді белсенді Майра Ғабдулина.

Митинг белгіленген уақытта сағат 12:00-де басталды. Ұйымдастырушы Айгерім Тілеужан трибунаға шығып, алдымен қаңтар қырғыны кезінде қайтыс болған адамдарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Трибунаға шыққан әрбір адам өзіндік талаптарын айтып жатты. Бірақ басты талап Ерболат Досаевтың отставкасымен, Алматыда қала әкіміне сайлау өткізу болды. Белсенділер Досаевтың 1998 жылдан бері істеген қызметтерін тізіп шықты. Жиналғандар оны «Нұрсұлтан Назарбаевтың адамы» деп атап, бұрынғы президенттің кезінде «аналгин мен демидролды ажырата алмаса да» Денсаулық сақтау министрі болып, Шымкентте балалар жаппай ВИЧ жұқтырғаннан кейін қамауға алынуы керек болғанын алға тартты. Кейбірі қаланың жаңа әкімін «қазақтың жерін шетелге сатпақ болды» деп айыптады. Жиналғандар «Алматы өз әкімін таңдауға құқылы, бұл құқықты қаңтарда қан төгіп дәлелдегендерін» айтты.

«Досаев Ұлттық банк төрағасы болып тұрған кезде белсенділер болып, халықтың 6 талабын алып алдына барғанбыз. Оның ішінде қазір қабылданайын деп жатқан «Жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау» туралы заң болатын.  Ол халықпен диалогқа шығудың орнына полиция қызметкерлерін шақырып, 10 әйелдің ішінен 8 әйелге айыппұл салдырып, 2 қыздың біреуін 2, біреуін 5 тәулікке қаматқан. Қамаудан шыққан соң, Ұлттық банкке қайта барғанымызда сол маңда тұрмасын деп, күннің суығында, бізге суық су шашқызған. Бұл адам әкім болып Алматыны жарытпайды», - деді митингті ұйымдастырушы Айгерім Тілеужан.

Досаевпен қатар халық сынына Сағынтаев, Тоқаев пен Назарбаев та ілікті. Ретінмен баяндасақ. Белсенді Айгерім Тілеужан: «Сағынтаевты халық сайлағанда ол халықтың алдына қорықпай шығатын еді» деді. Жиналғандар қаңтарда Алматы аренадан Тәуелсіздік монументіне дейін 3 сағат жаяу жүріп барғандарын, сол сәтте қала әкімі алаңға трибуна, микрофон қойып халық талабын тыңдағанда ешкім жапа шекпей кетер еді деп айтты.

«Алматыға келген әкімдер халықтың қалауын орындап, халықпен жұмыс істеу үшін емес, тек биліктің бұйрығын орындауға келеді. Тоқаев расымен реформа жасап, халықтың талаптарын орындайды деп айтып жатыр ғой, сол рас болса, Алматы халқына өз әкімін сайлауға мүмкіндік берсін. Және расымен Тоқаев билік өзгерді, билік естіді, билік реформаға дайын десе, бірінші кезекте, СИЗО-да жатқандарды азаптау тоқтатылсын. Екіншіден, қаңтар оқиғасына байланысты негізсіз қылмыстық істер жабылсын. Алаңға елдің болашағын ойлап шықты, олар «террорист» те, «бандит» те емес, сондықтан олар дереу босатылсын», - деді Айгерім Тілеужан.

Тіркелмеген Ел тірегі партиясының өкілі Балташ Тұрсынбаев билікке екі талап қою керегін айтты: Біріншісі, Назарбаев бастаған коррупция тобын заңмен жазалау. Екіншісі, парламент  арқылы 1993 жылы қабылданған конституцияның күшін кері қайтару. Және сол конституцияға сүйеніп, үш заң шығару: сайлау туралы, Парламент туралы, әкімдер туралы. Ол осы талаптар орындалмайынша, Қазақстанның барлық қалаларында жаппай митинг өткізуге шақырды.

«Дат» газетінің редакторы Ермұрат Бапи Досаев Назарбаев жүйесінің кішкене тетігі ғана екенін ескертіп, Тоқаевтың «Ескертусіз оқ ату» деген бұйрығы ұмытылмайтынын айтты. Ол қазіргі президент тек батыл өзгеріс енгізген жағдайда осы сөзден айырыла алатынын айтып, мысал ретінде Сингапур басшысы Ли Куан Юды келтірді. Және жастарды батыл болуға, ал аға буынды сол жастарды қолдауға шақырды.

Экономист Рақым Ошақбаев ең үлкен проблема Қазақстан халықының жаппай несиеге тәуелді болуында жатқанын айтты. Оның сөзінше, экономикалық белсенді 11 миллион халықтың 8 миллионы несиеге байланған, оның 5-6 миллионы несиені төлеп біте алмайды. Ол жеке тұлғаларды банкрот қылып жариялайтын заң керегін айтты.

«Қайтыс болған бейбіт адамдар да, әскерилер мен полицейлер де, бәріміз осы жүйенің құрбандарымыз. Біз қаңтардағы жағдайға байланысты шындықты талап етуміз керек. Себебі сұрақ көп, жауап жоқ. Бізді тәтті сөздермен алдап келеді. «Тоқтаңдар, әлі ерте» дейді. Ертесі несі? Әлемде өз әкімін өзі таңдамайтын қалалар саусақпен санарлық. Бізге басқа сайлау жүйесі керек. Қорытындыларына халық сенетін сайлау керек. Мен экономист ретінде айтарым, біздің экономикадағы ең үлкен проблема ол саясат. Кез келген экономикалық мәселенің түбін іздесек, саяси шешім қабылдап отырған адамдардың халыққа бағынышты емес екенін көреміз. Олар кез келген мәселені олигархтардың мүддесіне қарай шешеді. Ұлттық банк пен Президент әкімшілігі құрған жүйе бойынша банктер ғана пайда көреді. Біздің елде банктің қарыздары мұрагерлікке беріледі. Яғни сіз өлсеңіз де, қарызыңыз қалып қояды», - деді экономист Рақым Ошақбаев.

Тіркелмеген Демократиялық партияның өкілі Рысбек Тоқтасын Тоқаевқа сенуге болмайтынын айтты. Ол халық қан жұтып жатқанда, президенттің Бейжіңге кеткені өрескел қателік екенін ескертті. Оның пікірінше, Тоқаевқа қазіргі билікті қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған халық алып берді.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов ресми билік қайтыс болған адамдардың тізімін жариялау керектігін, жарияламаған күннің өзінде тізім жасап жатқан құқық қорғаушыларға кедергі келтірмеу керегін айтты.

Трибунаға кезексіз шығып, өзін таныстырмаған бірнеше адам әкім сайлаудың қажеті жоқтығын айтты. Және тақырыпты басқа арнаға бұрып, сөз сөйлеп жатқандарға жағаласқандар да болды. Арасында «сонда кімді әкім қыламыз» деп сөз бөлгендер де табылды. Оларды халықтың өзі басып, трибунадан күшпен түсіріп, «бұлар Досаевтың провкаторлары», «лайықты азаматтар жеткілікті» деп жатты. Жиналғандар арасында ең көп айтылған кандидаттар: Марғұлан Сейсенбай, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев болды. Феминита ұйымының өкілі Жанар Секербаева қалаға әйел адам әкім болуы керек деп айтты.

Митингтің қорытындысы бойынша белсенділер билікке бірнеше талап қойды: Досаевтың отставкасы. Қазақстанның барлық қалалары мен облыстарында әкім сайлауын өткізу, пилоттық жоба ретінде Алматы қаласынан бастау.

Байланысты жаналықтар

Алматы әкімі қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті

03.10.2024

Алматыда А вирустық гепатитін 400-ден астам адам жұқтырған

03.10.2024

Алматыда жылу 7 қазаннан бастап қосылады

03.10.2024

Бүгінгі ауа райы қалай болады? Синоптиктер болжамы

02.10.2024

Алматыда ұзаққа созылған екі маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды

26.09.2024

Доллар мен еуро неше теңгеден саудаланып жатыр?

26.09.2024
MalimBlocks
Алматы әкімі қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті

Алматыда А вирустық гепатитін 400-ден астам адам жұқтырған

Алматыда жылу 7 қазаннан бастап қосылады

Бүгінгі ауа райы қалай болады? Синоптиктер болжамы

Елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда тұман түседі

Алматыда ұзаққа созылған екі маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды

Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тұрақты негізде тапсыру мерзімі бұзылған, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысына мониторинг жүргізеді.

Доллар мен еуро неше теңгеден саудаланып жатыр?

Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 477,9 теңгеден сатылып жатыр