Киев пен Мәскеу арасындағы бейбіт келіссөз қалай жүреді?

Газет болашақ президенттің айналасындағылар бірнеше сценарийді талқылап жатқанын атап өтті. Олар қазіргі әкімшіліктің Украинаны «қажет болғанша» қолдау принципінен бас тартуға дайын. Трамп сайлауда жеңген соң оның ұлы әлеуметтік желіде Зеленский жақын арада «артықшылықтарынан айырылады» деп қалжыңдады.

Аялдар Күнтуған

  • 26.11.2024

Ресей, Украина, АҚШ және басқа елдердің соғысты аяқтау сценарийлері

АҚШ-тың Украинаға Ресей территориясына ұзақ қашықтықтан соққы жасауға рұқсат бергеніне жауап ретінде Мәскеу Украинаны жаңа баллистикалық зымыранмен атқылап, Еуропаға доқ көрсетті. Ресей армиясы Донбасста, сондай-ақ Курск аймағында – Солтүстік Корея әскерінің көмегімен алға жылжыды. Мұның бәрі Дональд Трамптың АҚШ президенттігіне қайта оралу қарсаңында болып отыр. Осы кезде Мәскеу мен Киев арасында болуы мүмкін бейбіт келіссөздер туралы көбірек сөз бола бастады.

ВВС журналисі Елизабета Фохт соғысқа қатысушылар мен олардың негізгі одақтастары қақтығысты тоқтату сценарийлерін қалай көретінін және жақында олардың ұстанымдары қалай өзгергенін барлап көрді. Біз ВВС-дің көлемді мақаласын ұсынып отырмыз.

Ресей: Путин Киевтің НАТО-ға мүше болмауын талап етеді

Ресей президенті Владимир Путин осы жазда бейбіт келіссөздерді бастау туралы өз талаптарын айтты.

Шарттары:

* Ресей басып алған Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан Украина әскерін толықтай шығаруы керек. Яғни, біз Ресей басып алған Украина аумақтары туралы ғана емес, сонымен бірге Киевтің бақылауындағы аумақтар туралы да айтып отырмыз (мысалы, оған Херсон және Запорожье қалалары кіреді);

* Киев НАТО-ға кіру жоспарынан ресми түрде бас тартуы, яғни бейтарап статусқа келісуі керек;

* Қырымның, Севастопольдің және Украинаның шығысындағы аннексияланған аумақтардың ресейлік мәртебесі халықаралық шарттарда бекітілуі тиіс;

Ресейге қарсы санкцияларды толық алып тастау керек.

Путин егер бұл шарттар орындалса, Мәскеу «ертең-ақ» келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Ол Киев өз әскерін шығара бастаған кезде «атысты тоқтату» туралы бұйрық беруге уәде берді. Украина президенті Владимир Зеленский Путиннің ұсынысын ультиматум деп атады.

Кейбір мәселелер бойынша бұл ұстаным Кремльдің бастапқы талаптарынан ерекшеленеді. Соғыстың басынан бастап Ресей билігі «арнайы әскери операцияның» мақсаты туралы бұлдыр сөйледі: олардың арасында ең жиі айтылғандары «денацификация», «демилитаризация» және Донбасс тұрғындарын қорғау болды. Бірақ жақында «Система» басылымының журналистері Ресейдің Украинамен бітімгершілік келісімге келу туралы алғашқы ұсыныстарын тауып, жариялады: Мәскеу оларды басып алу басталғаннан кейін көп ұзамай Киевке жіберген.

Олардың қатарында армияны 50 мың адамға дейін қысқарту (бұл 2022 жылға дейінгі Украина әскерінен бес есе аз), қару-жарақ санын көршілес Беларусьтен төмен деңгейге дейін қысқарту, декоммунизация туралы барлық заңдардың күшін жою және орыс тілін мемлекеттік тіл деп тану. Яғни, ол кезде Ресей Украина толық капитуляцияға ұшырайды және, бәлкім, бұл елде билікті ауыстырамыз деп үміттенді.

Енді біз бұл ұсыныс жайында айтпаймыз (келіссөздер басталса, әрине, Ресей Украина армиясын қысқартуды талап ететінін жоққа шығаруға болмайды). Оған қоса, қазір Ресей басып алған жерлерін өздерінің территориясы ретінде мойындауды талап етуде. Соғыстың басында және Ыстамбұлдағы келіссөздер кезінде Ресей Украина аймақтарын ресми түрде аннексиялаған жоқ және олардың мәртебесін анықтауды кейінге қалдыруға келісті.

Путин келіссөз бастауға дайын екенін үнемі айтып жүргеніне қарамастан, іс жүзінде бұл жағдай біршама басқаша көрінеді. Ресей әскерлері Донбасс пен Курск аймағында алға жылжып келеді (телеграм каналдары Путиннің Дональд Трамптың инаугурациясына дейін осы аймақтағы аумақтарды қайтарып алғысы келетінін жазды).

Ал 21 қарашада Ресей Украинаға қарсы жаңа орта қашықтықтағы «Орешник» баллистикалық зымыранын қолданды, Путин болса болашақта НАТО елдеріне осындай қарумен соққылар жасалуы мүмкін деп қорқытты.Бұл әзірге Ресейдің күресуге дайын екенін және оңайлықпен келіссөзге ұмтылмайтынын көрсетеді.

Украина: Зеленский Киевтің жағдайын жақсарту үшін «жеңіс жоспарын» қолдауды сұрайды

Украинаның  келіссөзге қатысты ұстанымы әлденеше рет өзгерді. Соғыстың басында Киев Ресей делегациясымен диалогқа келісті. Бірақ 2022 жылдың ортасында бұл байланыс тоқтатылды және көп ұзамай Зеленский Владимир Путинмен келіссөз жүргізу мүмкін емес деген шешімге қол қойды. Дегенмен соңғы айларда Украина президенті соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға болатынын көбірек айтып жүр, ол жақтастары Украинаға тиімді жағдай ұсынғанда ғана мүмкін болады.

Киевтің бұл ұсыныстары «Владимир Зеленскийдің жеңіс жоспары» деп аталады. Осы күзде таныстырды.

«Зеленский жоспарында» бес негізгі ереже бар:

* Украина НАТО-ға ресми шақыру алуы керек;

* Украина қорғанысын күшейту. Батыс одақтастары алыс қашықтықтағы қару-жарақпен Ресей аумағына соққы беруге қойылған шектеулерді алып тастауы, Украинаны қажет шақта барлау ақпаратымен қамтамасыз етуі және Украинаның әуе қорғаныс жүйесімен қамтуы керек;

* Украина өз жерінде ресейлік қауіпке қарсы тұру үшін қажетті «ядролық емес стратегиялық тежеу ​​пакетін» орналастыруы керек;

* Украинаның экономикалық ресурстарын (мысалы, пайдалы қазбаларды) Батыс елдерімен бірлесіп пайдалану және Ресейге қарсы санкцияларды күшейту;

* Соғыс аяқталғаннан кейін Еуропадағы АҚШ контингентінің кейбір бөлімдерін ауыстыру үшін украин әскерін пайдалану.

Киевтің жоспары бойынша, бұл шарттарды орындау Ресейді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр етеді. Олардың бірі қазірдің өзінде ішінара орындалды – АҚШ Украина армиясына Ресей аумағына ұзақ қашықтықтан қару-жарақпен соққы беруге рұқсат берді. Бұл соққылар қазірдің өзінде жасалып жатыр. Ресей мұны қақтығыстың өршуі деп санап, ядролық доктринасын өзгертті. Украинаның одақтастары басқа шарттармен келіспейді.

Financial Times жоспардың соңғы екі тармағын Зеленский әкімшілігі республикашылдармен бірлесіп, АҚШ-тың Еуропаға әскери қолдауын азайтуға пейілді Дональд Трамптың жеңісін ескере отырып жазған деп мәлімдеді.

«Жеңіс жоспарынан» белгілі болғандай, Киев НАТО-ға кіруден де, өз территорияларынан да бас тартпайды. Financial Times Украина билігі іс жүзінде НАТО-ға кіру және одақтастарының кепілдіктері үшін аумақтарды әскери жолмен қайтарудан ресми (бірақ заңды емес) бас тартуды талқылап жатқанын жазды.

Киевтің соңғы апталардағы риторикасы Украинаның 1991 жылғы шекарасын соғыспен қалпына келтіру мүмкін емес дегенге саяды.

«Біз мұны заңды түрде мойындамаймыз. Біз мұны қабылдамаймыз. Екінші жағынан, біз Путинді итеріп, оны 1991 жылғы шепке апаруға әлі күшіміз жоқ екенін түсінеміз», – деді Зеленский Fox News арнасына берген сұхбатында. «Біз он мыңдаған халқымызды Қырымды қайтару жолында құрбандыққа шала алмаймыз... Біз Қырымды дипломатиялық жолмен қайтаруға болатынын түсінеміз».

Бұл Зеленскийдің риторикасындағы елеулі өзгеріс: ол бұған дейін Ресей әскері әлем қауымдастығы мойындаған Украина аумағының шегінен толығымен шығарылмайынша, соғысты тоқтату туралы келіссөздер мүмкін емес деп айтатын.

Киев Ресейді келіссөз үстеліне отырғызуға көмектесетін дипломатиялық жолды қайдан іздейді? Кем дегенде, Украинаның жоспарларында Мәскеуді Бейбітшілік саммиті деп аталатын кездесуге шақыру болды. Біріншісі осы жазда Швейцарияда өтті, ал екіншісі қарашада өтуі керек еді.
«Ол жерде Ресейдің өкілдері болуы керек. Біз Ресейдің өкілдері болмаса, бұл соғысты дипломатиялық жолмен аяқтау өте қиын екенін түсінеміз», – деді Зеленский қыркүйекте.

Зеленскийдің жоспары бойынша, Бейбітшілік саммитінің күн тәртібінде 2022 жылы әлемге ұсынған 10 тармақтан тұратын «бейбітшілік формуласы» қаралуы керек. Олардың қатарында ядролық, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұтқындарды (соның ішінде депортацияланған балаларды) босату, сондай-ақ, ресей әскерлерін шығару және келтірілген зиян үшін өтемақы төлеу кіреді.

Ресей тарапы саммитке қатысуға ешқандай қызығушылық танытпады. Украинада бұл туралы аз айтатын болды: екінші бейбітшілік саммиті белгісіз уақытқа кейінге шегерілді.

Бірақ жоспардың жекелеген тармақтары бойынша келіссөз қазірдің өзінде жүріп жатқан болуы мүмкін. Қазан айында Financial Times Украина мен Ресей энергетикалық нысандарға шабуылдаудан өзара бас тарту туралы келіссөз бастауды талқылап жатқанын жазған. Катар елі бірінші бейбітшілік саммитінен кейін ғана екі жақты кездестіруге дайындала бастаған. Украина әскерінің Курск облысына басып кіруіне байланысты ол келіссөз тоқтатылды.

Келіссөздердің негізгі жағдайы туралы тараптар ресми пікір білдірмейді. Бірақ Владимир Зеленский энергетика нысандарына шабуылдардан бас тарту соғыстың аяқтаудың алғашқы қадамы болуы мүмкін екенін айтты. Қыстың жақындағанын ескерсек, бұл Киев үшін өте маңызды тақырып.

Қазір келіссөздердің қай сатыда екені белгісіз, әзірге айтарлықтай нәтиже бермегені анық. Қараша айының ортасында Ресей соғыс басталғаннан бері болмаған энергетика нысандарына ең ауқымды шабуылдың бірін жасады. Салдарынан бүкіл ел бойынша бірнеше сағатқа жарық сөндірілді.

АҚШ: барлығы Дональд Трамптың жоспарын күтуде

Соғысты аяқтаудың кез келген сценарийінде АҚШ ұстанымы негізгі мәнге ие, сондықтан президент сайлауының нәтижесі Киевте де, Мәскеуде де мұқият бақыланды.

Дональд Трамп қаңтарда АҚШ президенттігіне кіріседі. Сайлау науқаны кезінде ол инагурацияға дейін, тіпті 24 сағаттың ішінде соғысты тоқтата алатынын бірнеше рет айтқан. Ол сайлауда жеңіске жеткеннен бері өзі де, оның айналасындағылар да нақты жоспарын ұсынған жоқ. Оның ойындағысын БАҚ-тағы ақпараттан және Трамптың Ақүйде және басқа бөлімдерде жұмыс істеуге шақырған командасы арқылы пайымдауға болады.

Жазда Reuters агенттігі Трамптың бұрынғы кеңесшілері және Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, отставкадағы генерал Кит Келлог пен Фред Флейтц әзірлеген жоспар туралы жазған. Олар Украинаны Ресеймен келіссөзге келіспесе қолдаудан бас тартуды ұсынған. Егер Ресей бас тартса, олар Мәскеуді Киевке қолдауды күшейтеміз деп қорқытуды жөн көреді.

Флейтц сол кезде Трампқа бұл жоспар ұнағанын, бірақ ол «жоспардағы барлық пунктпен» келіспегенін айтты.

Wall Street Journal Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен кейін өз командасымен кеңірек ақылдасқаны туралы материал жариялады. Газет болашақ президенттің айналасындағылар бірнеше сценарийді талқылап жатқанын атап өтті. Олар қазіргі әкімшіліктің Украинаны «қажет болғанша» қолдау принципінен бас тартуға дайын. Трамп сайлауда жеңген соң оның ұлы әлеуметтік желіде Зеленский жақын арада «артықшылықтарынан айырылады» деп қалжыңдады.

Ресми тұрғыдан алғанда, Байден әкімшілігі де Украинаның альянсқа қосылу туралы өтінішін мақұлдамаған. Украина президентінің Вашингтонға сапарынан кейін американдық БАҚ Ақ үй Зеленскийдің жеңіс жоспарына «скептицизммен» қарады деп жазды.
Сонымен бірге Le Monde газеті президент сайлауы алдында АҚШ-тың Киевті НАТО-ға шақыру жөніндегі ұстанымы кем дегенде өзгере бастағанын және Вашингтонның бұл мәселеге түбегейлі қарсылығы жоқ екенін жазған.

Трамптың сайлануы Украинаның альянсқа кіру мүмкіндігін азайтады, деп жазды Reuters аты аталмаған украин шенеунігіне сілтеме жасап. WSJ хабарлауынша, Трамп командасы қазір талқылап жатқан жоспарлардың бірі Киевтің алдағы 20 жылда альянсқа қосылудан бас тартуын қамтиды. Оның орнына АҚШ Ресейді тежеу ​​үшін Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастырады.

Дәл сол жоспар Ресей мен Украинаның еуропалық бітімгершілік күштері орналасатын қарусыздандырылған аймақ құруға келісетінін болжайды.

Ақ үйдің соғысты тезірек тоқтатуға ұмтылатынын сыртқы саясаттағы лауазымдарға іріктеліп алынған кандидаттар да көрсетіп отыр.

Трамп сенатор Марко Рубиоға Мемлекеттік департамент басшысы лауазымын ұсынды. Рубио Путинді бұрын «гангстер» деп атағанымен, соңғы айларда Украинадағы соғыс тығырыққа тірелді және оны тоқтату керек деп мәлімдеді.

Трамп Тулси Габбардты Ұлттық барлау басшысы қызметіне шақырды, ол Ресейдің Украинаның НАТО-ға мүше болуына алаңдаушылығын «заңды құбылыс» деп атады және Байденнің Киевке әскери көмек бергенін сынға алды.

Конгрессмен Майк Уолтц болашақ Трамп әкімшілігінде ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекші болады. Ол Ресейдің басып кіруін айыптады, бірақ көктемде Киевке қаржылық және әскери көмек көрсетуге қарсы дауыс берген республикашылардың бірі болды.

Көп нәрсе Трамптың Украинадағы соғыстағы арнайы өкілі ретінде кімді тағайындайтынына байланысты болады. Қазіргі уақытта Ақ үйде мұндай лауазым жоқ, бірақ, Reuters агенттігінің хабарлауынша, республикашылар осы лауазым жөнінде ойланып отыр. Агенттіктің хабарлауынша, бұл қызметке АҚШ-тың Германиядағы бұрынғы елшісі Ричард Гренеллдің,  тағы басқалардың кандидатурасы қаралып жатыр. Өткенде Ричард Гренелл соғысты тоқтатуды жақтап, Украинаның бірден НАТО-ға кіруіне қарсылық білдірді.

Владимир Путин Трамптың соғысты аяқтау ниеті «назар аударуға лайық» деді.

Украиналық BBC қызметі Киевтің Трамп сайланғаннан кейін бейбіт келіссөздер болашағына қалай қарайтыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бір жағынан, Украина билігі Джо Байденнің билігінің соңғы айларында мүмкіндігінше көп көмек алуға үміттенеді. Екінші жағынан, олар қазірдің өзінде жаңа әкімшілікпен байланыс орнатып жатыр.

Еуропа: Украинаға қолдау көрсетіледі, бірақ соғысты қалай тоқтату керектігі туралы әркімнің пікірі әртүрлі

Украинаның еуропалық одақтастары бейбіт келісім жоспарларын ұсынған жоқ. ЕО-ның ресми ұстанымы мынадай: Мәскеумен келіссөздерді қалай және қашан жүргізу керектігін тек Киев шешеді, ал Еуропа болса Украинаны қаржымен., қарумен қамтиды және Ресейге санкция арқылы қысым жасайды.

Соғысты тоқтатудың нақты сценарийлеріне келетін болсақ, елдердің пікірлері айтарлықтай ерекшеленеді. Киевтің одақтастары арасында Германия ең консервативті позиция ұстанып отыр. Бұл Украинаға АҚШ-тан кейінгі екінші үлкен көмек көрсетуші ел. Германия канцлері Олаф Шольц альянс пен Ресей арасындағы тікелей қақтығыстан қауіптеніп, Украинаның НАТО-ға қосылуына қарсы. Ресей Украинада «Орешник» зымыранын пайдаланып, Еуропаға соққы береміз деп қорқытқаннан кейін де ол бұл ұстанымын өзгерткен жоқ. Керісінше, Шольц Еуропа соғысты шиеленістіруден аулақ болу керек екенін қайталады.

Оның үстіне қарашаның ортасында Шольц соңғы екі жыл ішінде алғаш рет Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Берлин канцлері Путинді «әділ және тұрақты бейбітшілік орнату» үшін Киевпен келіссөз жүргізуге шақырғанын айтты. Кремль мәлімдемесіне сенсек, Путин Шольцке бейбіт келіссөз «жаңа аумақтық шындық негізінде» жүргізілуі керек деген.

Владимир Зеленский бұл әңгімені Пандора жәшігі деп атады және ол Ресей бейбітшілікке ұмтылмайды, тек соғысты жалғастыру үшін ғана тынығуды қалап отыр деп қайталады.

Соғысты тоқтату туралы Шольцтың ұстанымы маңызды, бірақ ақпан айында канцлерді кезектен тыс сайлау күтіп тұр.

Париж «жеңіс жоспарын» қолдау керектігін ашық айтты. Венгрия Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзді дереу бастауды талап етеді. Ұлыбритания Украинаға Америка Құрама Штаттары қолдауды азайтса да көмектесуге уәде береді және Киевтің өз территориясынан бас тартуды талқылағысы келмейтінін ашық қолдайды.

Оның үстіне, Лондон Украина Қарулы Күштеріне Ресейдің ішіндегі нысандарға соққы беру үшін ұзақ қашықтықтағы Storm Shadow зымырандарын қолдануға рұқсат беру туралы шешімін жария етпесе де, Украина оны қолданып үлгерді.

Сонымен бірге, Украинаның Еуропадағы негізгі қолдаушыларының бірі, Чехия президенті Петр Павел соңғы айларда Украина үшін «100% әділетті бейбітшілікке» қол жеткізудің (яғни, барлық аумақтарды қайтару және өтемақы төлеу) «мүмкін еместігін» бірнеше рет айтты. НАТО-ның бұрынғы генералы Павел Украина соғыс аяқталғаннан кейін өз территориясының бір бөлігі кем дегенде «уақытша» Ресейдің бақылауында қалатынымен келісуі керек деді.

WSJ мәліметінше, соңғы апталарда Украинаға шабуылдың күшеюін және Ресей армиясының Донбасста ілгерілеуін ескере отырып, Еуропада Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келіссөзге қол жеткізу жөніндегі Трамптың жоспарымен келісетін елдер саны артып келеді.

Әлемнің қалған бөлігі: Бейжің  әлемнің оңтүстік үйегімен бірге «жаманның бәріне қарсы, жақсының бәрін жақтайды»

Басқа елдер де Украинада болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап отыр. Ал кейбіреулері қақтығысты шешуге белсене қатысуға тырысып, тіпті Ресей мен Украинаға өз жоспарларын ұсынып бәйек.

Мысалы, Bloomberg хабарлағандай, Түркия президенті Режеп Ердоғанның өз ұсыныстары бар. Түркия Мәскеумен қарым-қатынасы жақсы НАТО-ға мүше жалғыз ел болуы ықтимал. Мәскеу мен Киев арасында соғыс басталғаннан кейінгі санаулы күндерден соң Анкараның делдалдығымен астық келісімі жасалды.

Ердоған өзінің жоспарын жақында өткен G20 саммитінде жарияламақ болған, деп жазды Bloomberg. Ведомствоның хабарлауынша, жоспарда Украинаның НАТО-ға кіруін 10 жылға тоқтату (оның орнына Киев әскери көмек алуы керек) және Донбасстың шығыс бөлігінде бітімгершілік күштерінің контингентін орналастыру арқылы қарусыздандырылған аймақ құру қамтылған. Түрік билігі аннексияланған аумақтарға иелік ету мәселесін кейінге қалдырып, оның орнына атысты тоқтатуға назар аударуды ұсынып отыр.

Анкара бұл жоспарды ресейлік және украиналық тараптарға ұсынды ма, жоқ па, белгісіз; Түркия билігі өз жоспарларының бар екенін жоққа шығарады.

Қытай мен Бразилияның да өз жоспары бар – бұл елдер қазірдің өзінде оның төңірегінде ауқымды коалиция жинап үлгерді.

Қыркүйектің аяғында бұл мемлекеттер Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерімен (Киев пен Мәскеу соғыс басталғаннан бері оларды өз жағына тартуға тырысты) коалицияда «Бейбітшілік достары» платформасын құрды. Топ отырысы БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында өтті - Қытай мен Бразилияға Египет, Индонезия, Оңтүстік Африка, Мексика, Замбия секілді 17 мемлекет өкілдері қосылды.

Кездесуді үш еуропалық мемлекет – Швейцария, Франция және Венгрия өкілдері бақылады.

Тұғырнаманың негізін құраған жоспар алты тармақтан тұрады: соғыс қимылдарын тоқтату, реттеу конференциясын өткізу, гуманитарлық көмек және әскери тұтқындарды алмасу, жаппай қырып-жою қаруын қолданудан және ядролық нысандарға шабуыл жасаудан бас тарту, сондай-ақ әлемдік логистиканың тұрақтылығын қорғау.

Кездесу қорытындысы бойынша жасалған қорытынды үндеуде бұл елдер (бұлардың қатарына Алжир, Қазақстан, Түркия және, т.б. елдер қосылды) БҰҰ Жарғысын сақтауға және мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сондай-ақ, мемлекеттердің «алаңдаушылығын» да құрметтеуге шақырды.

Владимир Путиннің Украинаға басып кіру және оның аумақтарын аннексиялау қажеттігін ықтимал агрессиядан туындаған «заңды алаңдаушылық»  (Украинаға басын кіруін Путин болашақта болуы мүмкін қауіптің алдын алу екенін айтқан) деп түсіндіргенін ескерсек, мұндай жоспар тараптарды қалай татуластыруы мүмкін екені белгісіз.

Ресей тарапы Қытай-Бразилия бастамасын оң қабылдады. Владимир Путиннің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков мемлекет басшылары оның ережелерін қарашаның соңында Қазанда (яғни Киевтің қатысуынсыз) өткен БРИКС саммитінде талқылағанын айтты.

Владимир Зеленский өз кезегінде бұл жоспарды «сұмдық» деп атады. «Бізден ештеңе сұрамай, өз бастамаңызды қалай ұсына аласыз? Ресей: «Біз бұл бастаманы қолдаймыз!» - деп даурықты. - Біз ақымақ емеспіз! Бұл театр не үшін керек?!», – деді Украина лидері.

Фото: ВВС

Байланысты жаналықтар

Мың күндік соғыс: Ресейден 80 мың әскер өлген

29.11.2024

Украина ресейлік әскерлердің тұтқындарды ату оқиғасын тергеп жатыр

29.11.2024

Зеленский Путиннің қоқан-лоққысына жауап берді

29.11.2024

Зеленский одақтастарынан көмек сұрады

25.11.2024

Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

22.11.2024

Ақ үй: Ресей шетел әскерін соғысқа қатыстырғаны үшін жауап береді

19.11.2024
MalimBlocks
Мың күндік соғыс: Ресейден 80 мың әскер өлген

Осыған дейін соғысқа қатысып, қайтыс болған ресей әскерлерінің жалпы санының 22%-ын еріктілер тобы құрап отыр

Украина ресейлік әскерлердің тұтқындарды ату оқиғасын тергеп жатыр

Ресей солдаттарының тұтқындарға жасаған аяусыз репрессияларының саны артып келеді.

Зеленский Путиннің қоқан-лоққысына жауап берді

«Ол бұл соғысты аяқтауға ұмтылмайды. Оның үстіне Путин басқалардың соғысты тоқтатуына кедергі жасағысы келеді», – деді Зеленский кешкі видео үндеуінде.

Зеленский одақтастарынан көмек сұрады

Ресей халқымызды қырып, қорқыныш пен үрей тудырып, бізді әлсіз, өзіне бағынышты елге айналдыруды көздеп отыр

Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

Ақ үй: Ресей шетел әскерін соғысқа қатыстырғаны үшін жауап береді

Мен бұл сұрақты Ресейге қоя едім – отқа кім май құйып жатыр? Мен мұның бәрін Украина жасап отыр деп ойламаймын