М. Әбжан 9 жылға сотталды, Ж. Мамай 10 жылға сотталады...
Саяси реформаларға шақыру, әрине, қылмыс емес. Бірақ 10 жылға бас бостандығынан айыру – қылмыс
Бүгін Астанадағы Сарыарқа ауданының №2 соты журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды 9 жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор ақша бопсалады деген айыпқа іліккен М. Әбжанды 11 жылға соттап, қатаң режимде жазасын өтетуді сұраған болатын.
Ресми ақпаратта М. Әбжан 2022 жылдың 3 шілдесінде 50 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Ол Рашид Махат есімді кәсіпкер бопсалаған. Ал кәсіпкер полицияға жүгінген. Айта кетерлігі М.Әбжан бұған дейін де екі мәрте сотты болған.
Ал, Қаңтардағы тәртіпсіздікді ұйымдастырды деген күдікке ілінген белсенді Жанболат Мамай 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Human Rights Watch ұйымы осындай мәлімдеме жасады.
Ж.Мамайға мұндай айыпты былтыр 26 қаңтарда Алматы қалалық прокуратурасы таққан болатын. Бір айта кетерлігі, саяси белсенді Қаңтар ісінен бөлек, несие кешіру шарасында полиция қызметкерлерін қорлау және жалған ақпарат таратумен де тергеуге алынған. Қамауға алынған Ж.Мамай сегіз айдан кейін үй қамаққа ауыстырылған еді. Сол кезде одан Қаңтар ісін ұйымдастыру айыбы алынып тасталды деген ақпарат тарады. Бірақ, кейіннен бұл іс қайта қозғалғаны айтылды.
Прокурор Жанболат Мамай жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мақсатында 4 қаңтар күні Facebook-те алматылықтарды шеруге шақырды деп санайды. Сол үндеулерінде ол Жаңаөзенде ондаған мың адам жиналғанын айтып, көпшілікке жалған ақпарат таратқан.
– Саяси реформаларға шақыру, әрине, қылмыс емес. Бірақ 10 жылға бас бостандығынан айыру – қылмыс, – дейді Human Rights Watch.