Мәдениет министрі орынбасарының не үшін ұсталғаны айтылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын растады. Бұл туралы бүгін өткен брифигіде агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров хабарлады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мәдениет және спорт вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, ол букмейкерлік қызмет саласында лоббилау және жалпы қамқорлық үшін заңды тұлғадан пара алды деген күдікке ілінді", - деді Данияр Бигайдаров.
22 ақпан күні ҚазТАГ ақпарат агенттігі құпия ақпарат көзіне сүйене отырып, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын хабарлаған болатын. Бұған дейін премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов Telegram-арнасында Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын, оны Нұр-Сұлтан – Дубай рейсінен түсіріп алғанын жазған.
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшыы Әсел Серікбаева 22 ақпан күні malim.kz-ке берген жауабында Сәкен Мұсайбековтің 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында еңбек демалысында екенін хабарлаған.
Сәкен Мұсайбеков мәдениет және спорт министрінің орынбасары қызметін алғаш рет 2015 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында атқарды. Ал бұл уақытта мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болған. Мұсайбеков 2020 жылдың мамырында мәдениет және спорт министрлігіне қайтып оралып, вице-министр болып тағайындалды.