Мұхтар Тайжан «Аспандау» қорынан баласының ақша алғанын мойындады
Бүгін Алматыда депутаттыққа кандидат Ермұрат Бәпи, Мұхтар Тайжан, Айман Тұсынхан, Санжар Боқаев, Арайлым Назарова, Ерлан Қалиевтер баспасөз мәслихатын өткізіп, тәуелсіз кандидаттар блогын құрғандарын, соған орай, манифест қабылдағандарын мәлім етті. Алдын ала жіберілген хабарландыруда бұл блогтың құрамында соңғы кездері саяси белсенділігімен көзге түсіп жүрген Думан Мұхаммедкәрім бар екені айтылған. Бірақ, жиында ол төбе көрсетпеді. Мұхтар Тайжан себебін былай түсіндірді: «Алматы облысындағы округтан түсіп жатыр ғой, бүгін қолы босамады әйтпесе, бізбен бірге». Негізі, бұған дейін Думан Мұхаммедкәрім, заңгер, азаматтық белсенді Арайлым Назарова және журналист Динара Егеубаевалар «Алтыншы қаңтар» деген топ құрып, сайлауға түсетіндерін мәлімдеген еді. Енді, сол топтың екі мүшесі тәуелсіз кандидаттар блогында төбе көрсетті.
Манифест қабылдағандар «сайлауда бір бірімізге бәсеке болсақ та, сайлаудың ашық өтуіне, дауыстың әділ саналуына мүдделіміз» деп отыр.
Сондай-ақ, олар журналистердің түрлі сауалдарына жауап берді.
Мәселен, «Алматы қаласында ішкі саясатта (басқармасында) жүрген кезінде митингіге шыққандарды қудалаған Санжар Боқаевпен қалай бірігіп отырсыңдар?» деген сұрақ қойылды. Мұхтар Тайжан бұл сұраққа «Санжар Боқаев ішкі саясатқа бармай тұрып, оң жақ рөлді көліктерге тиым салар кезде көпшіліктің қолбасшысы болғанын» атап өтті. Санжар Боқаевтың өзі «осы залда мен қудалаған адам бар ма? Кімді митингке жібермей, қайсысына қысым көрсетіптім?» деп сұраққа сұрақпен жауап қайырды.
Ол депутаттыққа 900 мың айлық үшін қызықпайтынын да айтты. Депутат болғысы келсе, бұған дейін де болып алуға мүмкіндігі болғанын жеткізді. Оның айтуынша, манифест қабылдап отырған жандардың бар ойы, бір мандаттық сайлау жүйесін пайдаланып, парламентке өту, сөйтіп, кібіртіктеп тұрған өзгерістерді қамшылап, шапшаңдату, саяси күш қуатты қайрау екен.
Мұхтар Тайжанның жеке басына да қатысты сұрақ көп қойылды. Негізі, соңғы кездері Мұхтар Тайжан Телеграм каналдарының сүйікті кейіпкеріне айналды. «Олигархтарға қарсы шығып жүрген М. Тайжан олигархтардан көл көсір ақша алып жүр» деген әңгіме көп.
Мәселен, 2021 жылы М.Тайжан ғылым мен білімді дамыту қоғамдық қоры «Аспандаудан» 40 миллион теңге алған, ол ақшаны бұл қорға «ERG Көмек» аударған, «ERG Көмек» Н.Назарбаевтың әмияны А. Машкевичтерге тиесілі компания дейді. М.Тайжанның қызы «ERG» компаниясы қаржыландыратын «Salem social media» компаниясында істейді. Бұл компанияның құрушының бірі Дариға Назарбаеваның адамы... дегендей әңгіме көп.
Бүгінгі жиында, осы сыбыстарға қатысты қойылған сұрақтарға Мұхтар Тайжан жауап берді. Оның айтуынша, ол өзі, әйелі, балалары А. Машкевичтің өзінен немесе компаниясынан бір тиын ақша алмаған.
«Дәлелдері бар ма, жарияласын. Журналистикада зерттеу деген жанр бар ғой, өсек пайда болды ма, зерттеңіздер, сонда сұрақ болмайды» деді М.Тайжан.
Дегенмен, екінші сөзінде «Аспандау» қорынан баласының 40 миллион теңге алғанын мойындады. Ол ақша атақты Илон Масктің халықаралық жобасына қатысқаны үшін беріліпті. М.Тайжанның айтуынша, баласы «Аспандау» қорының есепшісіне жұмсаған 15 миллион теңгенің есеп-қисабын түгел өткізген. Ешқандай берешегі жоқ.