"Сайлауға бойкот жариялағаннан пайда жоқ"
Тәуелсіз бақылаушылар пандемия жағдайында өтетін сайлауда өздерінің жұмыстарына кедергі келтірілуі мүмкін деп алаңдайды. Өткен президент сайлауында белсенділік көрсетіп, заңбұзушылықтарды әшкерелеген бақылаушылардан қауіптенген билік ковидті жамылып, әртүрлі шектеулерді енгізуі ықтимал.
Тәуелсіз бақылаушылар парламент және мәслихат сайлауына дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Бақылаушылардың кей ұйымдары сайлауды бірігіп бақылауға келіссе, енді бірі аймақтарды аралап, еріктілерді оқытып жүр. Брнеше ұйым бірігіп, Беларусьтан IT жобаны алдырып, сайлауды бақылаушыларға арналған бірыңғай онлайн платформа дайындап жатыр. Дей тұрғанмен Мәлім кз сөйлескен тәуелсіз бақылаушылар билік алдыңғы президент сайлауындағы бақылаушылар белсенділігін ескеріп, бір учаскені қадағалай алатын бақылаушылар санына шектеу қоюы мүмкін деп қауіптенеді.
Пандемия кезіндегі кедергі
"Республика" қозғалысының өкілі, тәуелсіз бақылаушы Ғалымжан Оразымбет "Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, бір учаскедегі бақылаушылар санына шектеу қойылмаған, дегенмен пандемияны пайдаланып, "әлеуметтік қашықтықты сақтау керек" деген желеумен бақылаушылар санын шектеуі мүмкін дейді.
"Бақылаушылар санын шектеп, алдын ала өздеріне жақын, көңіл жықпас бақылаушылармен учаскені толтырып тастайды деген қауіп бар. Екіншіден, "Сайлау туралы" заңда бақылаушылар қандай жағдайда сайлауға кедергі келтірген болып саналатыны анық жазылмаған. Демек, бұл сайлау комиссиясының төрағасы "сен кедергі келтіріп жатырсың" деп қалаған бақылаушыны шығарып жіберуіне негіз бола алады", - дейді Ғ.Оразымюет.
Оның бұл пікірімен HAQ қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қожалиева да келіседі. Қожалиеваның айтуынша, бақылаушылар санына шектеу қойылса, учаскелерге билікшіл бақылаушылар ғана кіргізілуі мүмкін. Ондай жағдайда тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскесінде сыртында тұрып, сайлаушылардың белсенділігін бақыламақ.
Сайлау онлайн өтуі мүмкін бе?
Ғалымжан Оразымбет сайлаудың онлайн өтуіне заңнамалық негіз жоқ дейді. "Сайлау туралы" конституцилық заңда дауыс беруді онлайн өткізу мүмкіндігі қарастырылмаған.
"Сайлауды онлайн өткізу үшін алдымен заңға өзгеріс енгізіп, заңдық негізін қалап алу керек. Содан кейін дауыс беру процедурасын нақтылау керек. Праймериз кезіндегі онлайн дауыс беруде көп дау шықты. Біреудің атынан басқа біреу дауыс беріп жатты. "Сайлау туралы" заңға сәйкес, бір адамның орнына басқа адам дауыс бермеуі керек. Сондықтан біз заңдық жағынан да, техникалық жағынан да дайын емеспіз. Айналасы екі айдың ішінде заңға өзгеріс енгізіп, техникалық жағынан дайындалып үлгереді дегенге күмәнім бар", - деді Ғ.Оразымбет.
Ал Тоғжан Қожалиева "Сайлау туралы" заңға едел-жедел өзгеріс енгізіліп, "сайлау 80 пайызға онлайн өтуі мүмкін" деп есептейді.
"Бойкоттан пайда жоқ"
Ғ.Оразымбет осы жолғы парламент сайлауының президент сайлауынан бірден-бір айырмасы, наразы электорат дауыс бере алатын партия жоқ дейді. "Бізде бюллетеньде "бәріне қарсы" деген пункт жоқ. Бірақ алдыңғы сайлауда "бәріне қарсы" деген рөлді бір тұлға алып кетті де, наразы электорат соған дауыс берді. Ал бұл жолы "бәріне қарсы" деген қалауды білдіретін партияны көріп тұрғаным жоқ. Бұл дауыс берушілердің белсенділігіне әсер етуі мүмкін", - дейді ол.
Сайлауда наразылар дауыс бере алатын партияның болмауы сайлаушылар белсенділігіне әсер етуі мүмкін. "Осы сайлауға кілең биліктің спутник партиялары түседі. Оларға дауыс бергіміз келмейді. Қалай дауыс берсек те одан нәтиже өзгермейді, бойкот жариялайық дегендей пікірлерді естіп қалып жатырмын", - дейді Ғ.Оразымбет.
Алдыңғы сайлауда да кейбір оппозициялық топтар сайлауға бойкот жариялаған. Алайда бұл сайлау нәтижесіне айтарлықтай әсер етпеді.
"Біріншіден, заңда сайлаушылардың белгілі бір пайызы дауыс бермесе, сайлау өтпеген болып саналады дейтін шек жоқ. Яғни миллиондаған дауыс берушінің ішінен небәрі жүз адам барып дауыс берсе де, сайлау өткен болып саналады. Екіншіден, сіз сайлаудың алдын ала нәтижесін біліп, мынау ұтады деген көзқарас болған күннің өзінде сайлауға ең болмаса тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыса аласыз. Өз басым бойкотқа қарсымын. Бойкот сайлаудың нәтижесіне әсер етпейді", - дейді Ғ.Оразымбет.
Фото: 112.ua