Ұлттық Ұлан жастардың патриоттық тәрбиесін шыңдайды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ішкі Істер министрлігі және Ұлттық ұланға қазақстандық патриотизмді дамыту, жастарды елжандылыққа баулу бағытында көптеген тапсырма берген болатын. Бұл ретте республика көлемінде ілкімді істер нәтижелі жүргізілуде.
Ұлттық Ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары Қайрат Жарылқасынұлының мәлімдеуінше, атап айтуға тұрарлық оң бастамалар аз емес.
Мәселен, былтырғы жылы оннан астам жауынгер мемлекеттік наградаға ие болды. Ұлттық ұланның арнайы жасағы жайында «Бүркіт» картинасы экранға шықты. «Жас бүркіт» қозғалысының ірге бекіткеніне жиырма жыл толу мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Әскери құрылым осы уақыт ішінде 40-қа жуық ашық есік күнін өткізген.
«Патриотизм отансүйгіштіктен бастау алады. Ұлттық ұлан әскерлері қызметке келген жас сарбаздарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісіне ұдайы назар аударады. «Бүркіт» журналы мен «Қалқан» газеті шығып тұрады. Басылымдарда жас буынды ерлікке баулитын, батырлыққа үндейтін мақалалар жиі жарияланады»,-дейді әскеріміздің бас тәрбиешісі.
2022 жылы Ұлттық Ұлан Оқу-ағарту министрлігiне қарасты Қосымша бiлiм беретiн республикалық әдicтемелiк-оқу орталығымен өзара меморандумға қол қойған болатын. Тәрбие және құқықтық -әлеуметтiк жұмыстарға жауапты маман Қайрат Жарылқасынұлының айтуынша, осы ынтымақтастық мақсатындағы байланыстар жас буынның жүрегінде отансүйгіштік сезімді түлетіп, елінің болашағына қызмет ететін бір шоғырдың қалыптасуына ықпал-әсерін тигізері анық. Сондай-ақ Ата Заңымызда көрсетілген, жазылған мақсат-міндеттерді адал орындап, әскери борышын жоғары деңгейде атқаруына оң серпін береді. Алдағы уақытта біліктілікті арттыру, тәжірибе алысу жұмыстары жиірек өткізіліп тұрады.
Айта кетуге тиіспіз, Ұлттық Ұланның ішінен құрылған «Жас бүркіт» патриоттық бағыттағы қозғалысының жас өрендерді тәрбиелеп келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болды. Оның қатарына жалпы ел көлемінде 60 мектеп пен үш негізгі білім беретін колледж студенттері қосылған.