Бүгін, 9 желтоқсанда, қазақстандық «Қайрат» пен грекиялық «Олимпиакос» Чемпиондар лигасының 6-турында кездеседі, деп хабарлайды Malim.kz.
Ойын елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 20:30-да басталады.
Матчты Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар ойын арнаның ресми сайтында да қолжетімді болады.
Бұған дейін жанкүйерлердің ыңғайы үшін «Астана Аренаға» 25 шаттл-бас қатынайтыны хабарланған. Автобустар қалалық цирк, «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» спорт кешені, орталық парк және бас мешіттің автотұрақтарынан жөнелтіледі. Шаттлдар 18:00-ден бастап екі бағытта да үздіксіз қатынап отырмақ.
Матч кезінде елорда полиция департаменті қауіпсіздік шараларын күшейтеді.
Еске салайық, алдыңғы ойында «Қайрат» сырт алаңда Данияның «Копенгаген» командасымен кездескен. 27 қарашаға қараған түні өткен матчта қазақстандық клуб 3:2 есебімен жеңіліп қалды.
Қазіргі уақытта «Қайрат» турнирлік кестеде 35-орында және Испанияның «Вильярреалымен» қатар тұр. Команда активінде жалғыз, атап айтқанда «Пафоспен» (0:0) болған тең ойын үшін 1 ұпай бар.
Ал қалған төрт матчта «Кайрат» қарсыластарына жол берген еді.
Ал гректің «Олимпиакосы» 2 ұпаймен жалпы кезеңнің кестесінде 33-орында орналасқан.